وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «دَخَلَ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلَانِ فَكَلَّمَاهُ بِشَيْءٍ لَا أَدْرِي مَا هُوَ، فَأَغْضَبَاهُ فَسَبَّهُمَا وَلَعَنَهُمَا. فَلَمَّا خَرَجَا قُلْتُ: وَاللَّهِ يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَمَنْ أَصَابَ مِنَ الْخَيْرِ شَيْئًا مَا أَصَابَهُ هَذَانِ. قَالَ: وَمَا ذَاكِ؟ قُلْتُ: سَبَبْتَهُمَا وَلَعَنْتَهُمَا. قَالَ: أَوَمَا عَلِمْتِ مَا شَارَطْتُ عَلَيْهِ رَبِّي؟ قُلْتُ: لَا. قَالَ: قُلْتُ: اللَّهُمَّ إِنَّمَا أَنَا بَشَرٌ، فَأَيُّ الْمُؤْمِنِينَ سَبَبْتُهُ أَوْ لَعَنْتُهُ فَاجْعَلْهَا لَهُ زَكَاةً وَأَجْرًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) екі кісі келіп, бірдеңе айтты. Не айтқанын білмеймін. Сөздері оны ашуландырды. Ол екеуін сөгіп, лағынет айтты. Олар шығып кеткенде: “Аллаға ант етемін, уа, Алланың елшісі! Өзгелер жақсылыққа жеткен шығар, мына екеуі одан құр қалды ғой”, – дедім. Ол: “Неге олай дейсің?” – деді. “Екеуін сөгіп, лағынет айттыңыз”, – дедім. Ол: “Раббыммен қандай шарт жасасқанымды білесің бе?” – деді. “Жоқ”, – дедім. Ол: “Уа, Алла! Мен де адаммын. Қай мүмінді сөксем немесе оған лағынет айтсам, сол сөзімді оның тазаруына және сауап алуына себеп ете гөр деп сұрағанмын”, – деді»1.
Түсіндірме
Бұл екі хадис Алла Елшісінің (с.а.с.) үмбетіне деген мейірімін көрсетеді. Ол байқамай ренжіткен кісіге сол сөзінің рақым болып қайтуын Раббысынан сұраған. Хадисті оқығанда «Пайғамбар жазықсыз адамға қалай лағынет айтуы мүмкін?» деген сауал туады. Мазири оны былай түсіндіреді: «“Лайық болмаған” деген сөз Алланың алдында оған лайық емес деген мағынада. Адамның сырттай көрінген ісі мен оның Аллаға ғана мәлім ішкі жағдайы бірдей бола бермейді. Пайғамбар: “Сырттай көрінген ісіне қарап айтқан лағынетім Сенің алдыңда оған лайық болмаса, оны күнәсінен тазартып, сауабын арттыруға себеп ет”, – дегендей». Мазиридің айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.) үкім шығарғанда адамның сырттай мәлім ісін негізге алған, ал оның ішкі есебін Аллаға тапсырған.
Ибн Хажар былай дейді: «Бұл жауап Алла Елшісі (с.а.с.) үкім шығарғанда сырттай мәлім дәлелге сүйенген деген пікірге негізделеді. Оның әрдайым уахиға сүйеніп үкім айтқанын алға тартатындарға бұл түсіндірме жеткіліксіз көрінуі мүмкін».
Мазири «Мен де адам секілді ашуланамын» деген сөзге қатысты тағы бір түсіндірме ұсынады. Оның пайымынша, Алла Елшісіне (с.а.с.) теріс іс жасаған кісіні сөгу, лағынет айту, дүре соғу немесе өзге шара қолдану арасында таңдау берілген болуы мүмкін. Ондайда ашуы Алланың тыйымын бұзған іске бағытталады, ал қолданған шарасы шариғат шеңберінде қалады.
Мазири мұның үмбетке шапағат тілеу әрі ашу үстінде жаза белгілеуде шектен аспауға үйрету болуы мүмкін екенін де айтады. Оның пайымынша, Алла Елшісі (с.а.с.) ашудың тиісті мөлшерден асырып жіберуінен сақтанған.
Пайғамбардың (с.а.с.) сөгісі мен лағынеті әдейі айтылмаған болуы да мүмкін. Мұндай сөзді нақты ниетпен, қабыл болсын деп айтылған лағынетпен бірдей қарауға болмайды.
Қади Ияд соңғы түсіндірмені ықтимал санаған. Оның пікірінше, бұл арабтардың сөз арасында нақты ниетсіз айта салатын тіркестерінің бірі болуы мүмкін. Хаттаби «Оң қолың топыраққа былғансын» деген сөзді мысал етеді. Қазақ тіліндегі «Жаның шыққыр» деген де кейде ниетсіз айтылады. Хаттабидің түсіндіруінше, Алла Елшісі (с.а.с.) осындай сөз дұға қабыл болатын сәтке сай келіп қала ма деп қауіптеніп, оны әлгі мүмінге рақым мен Аллаға жақындаудың себебі етуді сұраған.
Қади Ияд тағы бір түсіндірме ұсынған. Оның айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.) ашу үстінде де ақиқатты айтқан. Алланың тыйымы бұзылғанда, жазалауға асыққан болуы мүмкін. Айша (р.а.) былай деген: «Алла Елшісі (с.а.с.) өз басы үшін ешкімнен кек алған емес. Алланың тыйымы бұзылғанда, Алла үшін тиісті шара қолданған».
Алла Елшісі (с.а.с.) сирек ашуланған, біреуді ауыр сөзбен жазалауға да сирек барған. Бұл түсіндірмелер осындай санаулы оқиғаға қатысты. Онда жеке мүдде емес, Алланың разылығы мен үмбетке насихат айту көзделген.
Бізге әр істе көркем өнеге көрсеткен Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
- 1Мүслим, «Бирр», № 2600. Жанан келтірген нұсқада Айшаның «Жоқ» деген жауабы бар (15-том, 136-бет).