وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قِيلَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، ادْعُ اللَّهَ عَلَى الْمُشْرِكِينَ وَالْعَنْهُمْ. فَقَالَ: إِنِّي إِنَّمَا بُعِثْتُ رَحْمَةً وَلَمْ أُبْعَثْ لَعَّانًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.): “Уа, Алланың елшісі, мүшріктерге қарсы дұға етіп, оларға лағынет айтыңыз!” – делінді. Ол: “Мен рақым ету үшін жіберілдім, лағынет айту үшін жіберілген жоқпын”, – деді»1.
Түсіндірме
Ислам мүміндерді бір-біріне бауыр етті. «Хужурат» сүресінің 10-аятында «Мүміндер – бауырлар» делінген. Тілі мен ұлтына қарамастан, мұсылман бауырына қол ұшын созып, ол үшін дұға етеді. Құранда: «Уа, Раббымыз! Есеп берілетін күні мені, ата-анамды және мүміндерді кешіре гөр!»2 деген дұға бар. Осындай дұға тілеген мұсылманның өз бауырына лағынет айтуы қалай жарасар? Алла Елшісі (с.а.с.) өзіне зұлымдық жасаған мүшріктерге де қарғыс айтпады. Сол өнегеге сай, өзгені сөгіп, қарғаудан және абыройын төгуден аулақ болған жөн.