Хадис

Кутуб ситтә, № 5319

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
858. Баланың тегіне қатысты
Нөмірі
№ 5319 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
5319
Кутуб ситтә, № 5319 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَى رَجُلٌ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وُلِدَ لِي غُلَامٌ أَسْوَدُ، وَهُوَ يُعَرِّضُ بِنَفْيِهِ، فَلَمْ يُرَخِّصْ لَهُ فِي الِانْتِفَاءِ مِنْهُ. فَقَالَ: هَلْ لَكَ مِنْ إِبِلٍ؟ قَالَ: نَعَمْ. فَقَالَ: مَا أَلْوَانُهَا؟ قَالَ: أَحْمَرُ. قَالَ: هَلْ فِيهَا مِنْ أَوْرَقَ؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: أَنَّى ذَلِكَ؟ قَالَ: لَعَلَّهُ نَزَعَهُ عِرْقٌ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَعَلَّ ابْنَكَ نَزَعَهُ عِرْقٌ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі! Қара торы ұлым дүниеге келді”, – деді. Ол баланы өзінікі деп мойындағысы келмеген еді. Алла елшісі (с.а.с.) оған баладан бас тартуға рұқсат бермей: “Түйелерің бар ма?” – деп сұрады. Кісі: “Иә”, – деді. “Түстері қандай?” – деп сұрағанда: “Қызыл қоңыр”, – деді. “Араларында боз түйе бар ма?” – деді. “Иә”, – деді. “Ол түс қайдан дарыған?” – деп сұрағанда, кісі: “Арғы тегіне тартқан болар”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Бәлкім, ұлың да арғы тегіне тартқан шығар”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадисте өз баласынан бас тартпақ болған кісінің оқиғасы баяндалады. Өңі ақшыл бұл кісінің есімі – Дамдам ибн Қатада. Ол баланың өзінен екеніне күмәнданып, Алла Елшісінен (с.а.с.) жөн сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.) оның күмәнін сейілтіп, ерлі-зайыптылардың арасы бұзылып, іс лиғанға ұласпауын көздеп жауап берді. Имам Мәлик ерлі-зайыптылар арасында зина айыбы ашық тағылғанда лиғанға жүгіну қажет деген.

2. Бейтаныс құбылысты көпшілікке таныс мысалмен түсіндіруге болады.

3. Хадис үкімді түсіндіруде қияс қолдануға болатынын көрсетеді.

4. Әке жалаң күдікпен баласынан бас тарта алмайды.

5. Баланың әкесіне ұқсамауы оны мойындамауға себеп болмайды. Шафиғи ғалымдары күйеуі әйелін нақты бір кісімен зина жасады деп күдіктеніп, бала сол кісіге ұқсаған жағдайда баланың тегін теріске шығаруға құқылы деген. Ханбали ғалымдары да осы пікірді ұстанған.

6. Бала әкесіне ұқсамаса да, дүниеге келген шаңырағына тиесілі.

7. Шаңырақтың берекесін сақтау үшін орынсыз күдіктен бой тартқан жөн.

  1. 1Бұхари, «Талақ», 26-тарау, «Худуд», 41-тарау. Мүслим, «Лиған», № 1500. Әбу Дәуіт, «Талақ», № 2260–2262. Тирмизи, «Уәлә уәл-һиба», № 2129. Нәсәи, «Талақ», 46-тарау (6-том, 178–179-беттер).