وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ عُثْمَانَ التَّيْمِيِّ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ لُقَطَةِ الْحَاجِّ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Абдуррахман ибн Осман әт-Тәйми былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қажылардың жоғалтқан затын алуға тыйым салды»1.
Түсіндірме
«Сахихайнда» Пайғамбардан (с.а.с.) жеткен хадисте «Меккеде табылған затты жұртқа жариялайтын адам ғана ала алады» делінген. Ғалымдардың басым көпшілігі осыған сүйеніп, жоғарыдағы тыйым табылған затты иемденуге қатысты, ал жұртқа жариялап, иесіне қайтару үшін алуға болады деп түсіндірген.
Ибн Батталдың пікірінше, бұл үкімнің Меккеден өзге жерлерге де қатысы бар. Хадисте Меккенің арнайы аталуы табылған затты жариялаудың маңызын көрсетеді. Қажы Меккеде қалмай, еліне қайтады. Оның қайта оралуы да екіталай. Жоғалған затты жариялау міндеті бұған дейін де айтылды.
Ханафи фақиһы Ибн әл-Хумам Меккеде табылған затты иесі шыққанша алуға болмайды деген пікірге қатысты былай дейді: «Біздің дәуірімізде бұл түсінік бойынша амал ету қиын. Жерде жатқан затты былай қойғанда, Қағбаның маңында да ұрлық көбейген». Кейінгі ғалымдар да осы пікірді қолдаған.
Мунзири былай дейді: «Дұрысы – Харам аумағында табылған затты жұртқа жариялап, иесіне қайтару үшін алу. Мұның өзге жерлердегі үкімнен айырмасы бар. Басқа жерде тиісті мерзімде иесі табылмаған затты тапқан адам иелене алады».
- 1Мүслим, «Луқата», 11-риуаят, № 1724. Әбу Дәуіт, «Луқата», 1-тарау, № 1719.