وَعَنْ عَامِرٍ الشَّعْبِيِّ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “مَنْ وَجَدَ دَابَّةً قَدْ عَجَزَ عَنْهَا أَهْلُهَا أَنْ يَعْلِفُوهَا فَسَيَّبُوهَا، فَأَخَذَهَا فَأَحْيَاهَا فَهِيَ لَهُ”». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Амир әш-Шағби жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Иесі жем-шөбін беруге шамасы жетпей тастап кеткен малды кім тауып алып, бағып, аяққа тұрғызса, сол мал соған тиесілі болады”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Иесі бағып-күте алмай тастап кеткен малды біреу тауып алып, суарып, азық беріп, аяққа тұрғызуы мүмкін. Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Раһуя осы хадиске сүйеніп, иесі малды өлуге тастап кетсе, ол малды тірілткен кісіге тиесілі деген. Басқа ғалымдар малды күтуге шамасы жетпеуі оның иелік құқығын жоймайды деп санаған. Олардың пікірінше, мұндай малға луқата үкімі жүреді, сондықтан иесі іздеп келсе, қайтарылуы тиіс.
2. Кей ғалымдар осы хадиске сүйеніп, адам малын бағып-күте алмаса, оны далаға жіберуге рұқсат деген. Шафиғи мен оның жолын ұстанғандардың пікірінше, мал иесі оны бағуға, сатуға немесе жайылымға жіберуге міндетті. Үшеуінің бірін орындаудан бас тартса, мәжбүрленеді. Әбу Ханифа мен оның шәкірттері мұны малдың жағдайын оңалту үшін қойылған талап деп түсіндірген.
Түсіндірме авторының пікірінше, егер малдың еті желінетін болса, оны сойып, етін мұқтаждарға берген жөн.
Ибн Расланның айтуынша, жарақаттанып не ауырып, жарамсыз болып қалған малды қырға жіберуге болмайды. Иесі оның жем-шөбін беруге міндетті.
Бұл риуаят пен оған берілген түсіндірмелерден мұсылман ғалымдарының жануарға жасалатын күтімге қаншалық мән бергені көрінеді.
- 1Әбу Дәуіт, «Ижара», № 3524–3525.