Хадис

Кутуб ситтә, № 5264

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
845. Жарасымды киіну
Нөмірі
№ 5264 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
5264
Кутуб ситтә, № 5264 · тараудағы реті: 1

عَنْ أَبِي الْأَحْوَصِ عَنْ أَبِيهِ قَالَ: «أَتَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَعَلَيَّ ثَوْبٌ دُونٌ، فَقَالَ: “أَلَكَ مَالٌ؟” قُلْتُ: نَعَمْ. قَالَ: “مِنْ أَيِّ الْمَالِ؟” قُلْتُ: مِنْ كُلِّ الْمَالِ قَدْ أَعْطَانِي اللَّهُ تَعَالَى. قَالَ: “فَإِذَا آتَاكَ اللَّهُ تَعَالَى مَالًا، فَلْيُرَ أَثَرُ نِعْمَةِ اللَّهِ عَلَيْكَ وَكَرَامَتِهِ”». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу әл-Ахуас әкесінен жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) алдына жұпыны киіммен бардым. Ол: “Мал-мүлкің бар ма?” – деп сұрады. “Бар”, – дедім. “Қандай мал-мүлкің бар?” – деді. “Алла тағала маған мал-мүліктің әр түрінен нәсіп етті”, – дедім. Сонда ол: “Алла саған мал-мүлік берген екен, Оның саған берген нығметі мен құрметі бойыңнан көрінсін”, – деді»1.

Түсіндірме

Дініміз қарапайым өмір сүруге үндейді. Дәулеті жете тұра қайыршыдай күн кешуді құптамайды. «Қасас» сүресінің 77-аятында адамның осы дүниедегі нәсібін ұмытпауы керектігі айтылады. Хадисте де Алла мал-мүлік берген адамның оны әуелі өз қажеттігіне жұмсауы керектігі білдірілген.

  1. 1Нәсәи, «Сән», 83-тарау, 8-том, 196-бет.