عَنْ أَبِي الْمُلَيْحِ، عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اعْتَمُّوا تَزْدَادُوا حِلْمًا». قَالَ: وَقَالَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «الْعَمَائِمُ تِيجَانُ الْعَرَبِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әбу әл-Мүләйх әкесінен (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Сәлде ораңдар, ұстамдылықтарың артады», – деген.
Рауи әрі қарай Әлидің (р.а.) «Сәлде – арабтың тәжі» деген сөзін келтіреді1.
Түсіндірме
1. Мүнәуи сәлденің ұстамдылыққа ықпалын былай түсіндіреді: «Жарасымды киім адамға байсалдылық пен көрік береді, жеңілтектік пен ұшқалақтықты азайтады. Кісіні ойланып сөйлеуге баулиды. Сүннетте сәлденің бір ұшын екі иықтың ортасына түсіріп қою құпталған».
2. Мүнәуидің айтуынша, сәлденің тәжге теңелуінің де мәні бар. Сәлде адамға айбын, көрік пен салмақтылық береді. Патшалар киген тәжімен жұрттан ерекшеленген. Сәлде ораған адамның қасында тақия ғана киген адамның баскиімі қарапайым көрінеді.
Басқа бір риуаятта «Сәлде – арабтардың тәжі. Оны киюді қойған кезде айбындарынан да айырылады» делінген. Дәйләмидегі бір риуаятта сәлденің орнын тақия басуы Қияметтің белгісі ретінде айтылған.
- 1«Тәйсирде» риуаят Әбу Дәуітке телінген. Ибраһим Жанан оны Әбу Дәуіт жинағынан таба алмағанын және «Жамиғус-сағирде» кездесетінін жазады (1-том, 555-бет).