وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَيَنْتَهِيَنَّ أَقْوَامٌ يَفْتَخِرُونَ بِآبَائِهِمُ الَّذِينَ مَاتُوا، إِنَّمَا هُمْ فَحْمُ جَهَنَّمَ، أَوْ لَيَكُونَنَّ أَهْوَنَ عَلَى اللَّهِ مِنَ الْجِعْلَانِ الَّذِي يُدَهْدِهُ الْخِرَاءَ بِأَنْفِهِ. إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَدْ أَذْهَبَ عَنْكُمْ عُبِّيَّةَ الْجَاهِلِيَّةِ، إِنَّمَا هُوَ مُؤْمِنٌ تَقِيٌّ أَوْ فَاجِرٌ شَقِيٌّ. النَّاسُ كُلُّهُمْ بَنُو آدَمَ، وَآدَمُ خُلِقَ مِنْ تُرَابٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَهُوَ آخِرُ حَدِيثٍ فِي كِتَابِهِ. «عُبِّيَّةُ الْجَاهِلِيَّةِ» بِضَمِّ الْعَيْنِ الْمُهْمَلَةِ وَكَسْرِهَا وَتَشْدِيدِ الْبَاءِ وَالْيَاءِ: الْكِبْرُ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Жұрт тозақтың көміріне айналған, дүниеден өткен ата-бабаларымен мақтануды қойсын. Әйтпесе Алланың алдында тұмсығымен қи домалатқан қоңыздан да қадірсіз болады. Алла сендерден жаһилияның тәкаппарлығын кетірді. Адам не тақуа мүмін, не бақытсыз күнәһар болады. Адамдардың бәрі – Адамның балалары, ал Адам топырақтан жаратылған»1.
Түсіндірме
1. Алла Елшісі (с.а.с.) бұл хадисте руға, тайпаға бөлініп мақтану туралы айтқан. Дүниеден өткен ата-бабаларымен мақтану жаһилия арабтарына тән әдет еді. «Тәкәсур» сүресінде олардың қабірге дейін барып, өзара бәсекеге түскені айтылып, бұл іс айыпталады.
Хадис руға бөлініп кеуде көтергендерді қи домалатқан қоңыздан да төмен қояды. Өйткені мұндай жікшілдік мұсылман бауырластығына зор зиян келтіреді. Бір атаның баласындай ұйысуға тиіс жұрттың сырттағы жауға қарсы бірігудің орнына өзара бақталасып, ата-бабасын, руын алға тартып мақтануы – елді іштен ірітетін таяздық.
2. Хаттаби осы хадиске сүйеніп, адамдардың екі тобын атайды.
1) Тақуалық жолын ұстанған мүміндер. Жұрттың алдында беделі болмаса да, Алланың алдында абыройлы, қадірлі.
2) Бақытсыздыққа ұрынған күнәһарлар. Олар жұрттың алдында абыройлы көрінгенімен, Алланың алдында қадірсіз.
3) Тақуа адамға тәкаппарлық пен мақтаншақтық жараспайды. Ал Алланың алдында қадірі төмен күнәһардың кеуде көтеруі тіпті орынсыз. Тәкаппарлық пен мақтан адам баласына жараспайды.
4) Адамның топырақтан жаратылғанын еске салу оның кеуде көтеруінің орынсыз екенін көрсетеді. Әбу Дәуіт әт-Таялиси жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Жаһилия дәуірінде дүниеден өткен ата-бабаларыңмен мақтанбаңдар. Аллаға ант етемін, қи домалатқан қоңыз жаһилияда дүниеден өткен бабалардан қайырлы».
- 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 120-тарау, №5116. Тирмизи, «Манақиб», №3955–3956 (Жанан басылымында №3950–3951).