وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَجُلًا جَمِيلًا أَتَى النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: إِنِّي أُحِبُّ الْجَمَالَ، وَقَدْ أُعْطِيتُ مِنْهُ مَا تَرَى، حَتَّى مَا أُحِبُّ أَنْ يَفُوقَنِي أَحَدٌ بِشِرَاكِ نَعْلٍ. أَفَمِنَ الْكِبْرِ ذَلِكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: لَا، وَلَكِنِ الْكِبْرُ مَنْ بَطَرَ الْحَقَّ وَغَمَطَ النَّاسَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «يَفُوقَنِي» أَنْ يَكُونَ خَيْرًا مِنِّي، وَمِنْهُ الشَّيْءُ الْفَائِقُ: الْجَيِّدُ الْخَالِصُ فِي نَوْعِهِ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір келбетті кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Мен көркемдікті жақсы көремін. Өз көзіңіз көріп тұрғандай, маған да көрік берілген. Аяқкиімнің бауына дейін ешкімнің менен асып түскенін қаламаймын. Уа, Алланың елшісі, бұл тәкаппарлық па?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Жоқ. Тәкаппарлық – ақиқатты қабылдамау және адамдарды менсінбеу”, – деп жауап берді»1.
Түсіндірме
Бұл хадисте әдемі киініп, аяқкиімнің бауына дейін жарасымды болуын қалау өздігінен тәкаппарлыққа жатпайтыны айтылған. Адамның киімі өзгелерден көркем болғанын қалауы да солай.
Хадис тәкаппарлықтың екі белгісін айтады. Олар – ақиқатты қабылдамау және адамдарды менсінбеу.
1) Ақиқатты қабылдамау. Тәкаппар адам Алланың нығметін өз еңбегімнің ғана жемісі деп, оны берген Алланы мойындағысы келмейді. Мұны «күпрану нығмет», яғни нығметке шүкірсіздік деп атайды.
2) Адамдарды менсінбеу. Тәкаппар адам өзіне берілген нығметті өзгелерді кемсітуге себеп етеді.
Хадис осы екі мінезден де тыяды.
- 1Әбу Дәуіт, «Либас», 29-тарау, № 4092.