وَعَنْ سُلَيْمِ بْنِ مُطَيْرٍ عَنْ أَبِيهِ قَالَ: «سَمِعْتُ رَجُلًا يَقُولُ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: يَا أَيُّهَا النَّاسُ، خُذُوا الْعَطَاءَ مَا كَانَ عَطَاءً، فَإِذَا تَجَاحَفَتْ قُرَيْشٌ عَلَى الْمُلْكِ، وَكَانَ الْعَطَاءُ عَنْ دِينِ أَحَدِكُمْ، فَدَعُوهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَ«تَجَاحَفَتْ» بِجِيمٍ ثُمَّ حَاءٍ، مَعْنَاهُ: تَقَاتَلُوا عَلَى الْمُلْكِ.
Сүләйм ибн Мұтайыр әкесінің мына сөзін жеткізген: «Бір кісінің мына сөзін естідім: “Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Уа, адамдар! Сыйды сый болып тұрғанында алыңдар. Құрайыш билікке таласып, сол сый діндеріңнің өтеуіне берілетін болса, одан бас тартыңдар’, – дегенін естідім”»1.
Түсіндірме
Хадис биліктегілер әділетсіздікке көз жұмдыру үшін сый берсе, оны алуға болмайтынын ескертеді. Ал қызметіне сай берілген адал ақыны алуға рұқсат.
Алла Елшісінен (с.а.с.) сыйлық, еңбекақы және садақа туралы көптеген хадис жеткен. Ол адамдарды бір-біріне сый беруге, жомарттық танытуға, сүйіспеншілік пен мейірімді арттыруға үндеген.
Хадис билеушінің сыйын алуда сақ болуды да үйретеді. Бұл мәселеге ғалымдар айрықша назар аударған. Әбу Дәуіттің шархында Азимабади Ибн Расланнан мына түсіндірмені келтіреді.
Шағби Ибн Мәсғудтың (р.а.) «Сый сый алған адамды тозаққа жеткізгенге дейін жалғаса береді» деген сөзін жеткізген. Мұнда билеушінің сыйы кісіні арам іске итермелеп, ақырында азапқа себеп болатыны айтылған. Ғазалидің айтуынша, билеуші сыйына қатысты пікір әртүрлі. Бір ғалымдар сыйдың арам екені анықталмайынша, оны алуға болады деген. Басқалары адалдығы анықталмайынша, алуға болмайды деген. Адал мен арам араласқан малдан берілген сыйды рұқсат санағандар кей сахаба мен табиғиннің әділетсіз билеушілердің сыйын алғанын алға тартады. Шафиғи Һарун әр-Рашидтен динар, имам Мәлик халифалардан мал алған. Ал дініне нұқсан келеді деп қауіптеніп, ондай сыйды алмаған ғалымдар да болған. Ғазали өз дәуіріндегі билеушілердің малында арамның үлесі басым екенін айтқан.
Ибн Раслан осы пікірлерді келтірген соң: «Ғазали заманында жағдай осындай болса, біздің заманымызда қандай? Бұрын билеушілер әділетті халифалар дәуіріне жақын болғандықтан, ғалымдардың ықыласын алуға тырысатын. Ғалымдар сұрамаса да, сарайға бармаса да, оларға сый жіберетін. Сыйын қабыл алса, өздері ризашылық білдіретін. Ғалымдар сол сыйды мұқтаждарға таратып, билеушілердің саяси мақсатына құрал болмайтын», – дейді.
- 1Әбу Дәуіт, «Хараж», № 2958–2959.