عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ السَّعْدِيِّ عَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُعْطِينِي الْعَطَاءَ، فَأَقُولُ: أَعْطِهِ مَنْ هُوَ أَفْقَرُ إِلَيْهِ مِنِّي. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: خُذْهُ، وَمَا جَاءَكَ وَأَنْتَ غَيْرُ مُشْرِفٍ وَلَا سَائِلٍ فَخُذْهُ، وَمَا لَا فَلَا تُتْبِعْهُ نَفْسَكَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ: «فَمِنْ أَجْلِ ذَلِكَ كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا لَا يَسْأَلُ شَيْئًا وَلَا يَرُدُّ شَيْئًا أُعْطِيَهُ».
Абдулла ибн Амр әс-Сағди Омардың (р.а.) мына сөзін жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.) маған бір нәрсе беретін. Сонда мен: “Мұны менен гөрі мұқтаж кісіге беріңіз”, – дейтінмін. Ол: “Мұны ал. Дәметпей, сұрамай қолыңа түскенді ал. Олай келмегеніне көңіліңді байлама”, – деді»1.
Риуаяттың бір нұсқасында: «Осыдан кейін Ибн Омар (р.а.) ешкімнен ештеңе сұрамайтын әрі өзіне берілгенді қайтармайтын болды», – делінген.
Түсіндірме
Бұл хадистің өзге нұсқасы жоғарыда берілді. Сол нұсқада Алла Елшісінің (с.а.с.) Омарға (р.а.) малды мұқтаждығы үшін емес, атқарған қызметіне ақы ретінде бергені айтылады. Сондықтан Омар «Мұны менен гөрі мұқтаж кісіге беріңіз» десе де, Алла Елшісі (с.а.с.) оны өзіне алуды айтқан. Хадис ел басқарған, төрелік еткен, салық жинаған немесе садақа үлестірген кісінің еңбегіне ақы алуына дәлел болады. Ибн әл-Мүнзир Зәйд ибн Сәбиттің (р.а.) қазылық еңбегі үшін ақы алғанын келтірген. Әбу Убәйд «Зекет, шын мәнінде, пақырларға, мұқтаждарға, зекет ісімен айналысатындарға… тиесілі»2 деген аятты дәлел еткен.
Зүһдті ұстанғандар дүние жинауға құмартуды құптамаған. Ғалымдардың бір тұжырымы бойынша, сыйдың арамнан келгені анық болса, алынбайды. Адал екені белгілі болса, алуға болады. Күмәнді болса, сақтықпен бас тартқан абзал. Сыйды қабылдауға рұқсат бергендер «Олар өтірікті көп тыңдайды, арамды көп жейді»3 деген аятта сипатталған қауымның өкіліне де Алла Елшісінің (с.а.с.) сауытын кепілге бергенін дәлел еткен.
Ибн Батталдың пікірінше, сұрамай келген малды қабылдау қайтарғаннан абзал, өйткені қабылданса, мал зая кетпейді. Ибн әл-Мунаййир бұл хадисте малдың зая кетуі сөз болмағанын айтып, осы уәжді сынаған.
Хадис мемлекет басшысы қажет деп тапқанда, одан гөрі мұқтаж кісі бар болса да, жағдайы тәуір адамға көмек бере алатынын көрсетеді. Түсіндірушілер басшының, әсіресе Алла Елшісінің (с.а.с.) сыйын қайтаруды әдепке жатқызбаған. «Елші сендерге не берсе, соны алыңдар»4 деген аятты да дәлел еткен.