Хадис

«Лұқман» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 82-тарау · 1 хадис · № 735

Хадистер

735
Кутуб ситтә, № 735 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «مَفَاتِيحُ الْغَيْبِ خَمْسٌ. ثُمَّ قَرَأَ: إِنَّ اللَّهَ عِنْدَهُ عِلْمُ السَّاعَةِ وَيُنَزِّلُ الْغَيْثَ إِلَى آخِرِهَا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Ғайыптың кілті бесеу”, – деді де, ﴿إِنَّ ٱللَّهَ عِندَهُۥ عِلْمُ ٱلسَّاعَةِ وَيُنَزِّلُ ٱلْغَيْثَ وَيَعْلَمُ مَا فِى ٱلْأَرْحَامِ وَمَا تَدْرِى نَفْسٌ مَّاذَا تَكْسِبُ غَدًا وَمَا تَدْرِى نَفْسٌۢ بِأَىِّ أَرْضٍ تَمُوتُ إِنَّ ٱللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌۢ﴾ «Расында, қиямет жайлы нақты ілім бір Алланың құзырында! Жаңбырды да бір Өзі жаудырады. Құрсақтарда жатқандардың да барлық жай-күйі бір Өзіне ғана мәлім! Бірде-бір жан ертеңгі күні не табатынын нақты білмейді. Әрі ешбір жан қай жерде өлетінін де нақты білмейді. Расында Алла – Алим, Хабир»1, – деген аятты оқыды».2

Түсіндірме

Қуртубидің айтуынша, бұл хадис мүміндерге аятта аталған бес ғайыпты білуге ұмтылуға болмайтынын аңғартады. Ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткен бір риуаятта оларды Алла Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) де білмегені айтылады:

أُوتِيَ نَبِيُّكُمْ ﷺ كُلَّ شَيْءٍ سِوَى هَذِهِ الْخَمْسِ.

Ибн Мәсғуд (р.а.): «Пайғамбарларыңа осы бес нәрседен өзгенің бәрі берілген», – деген. Ибн Хажар: «Жұлдызға қарап жорамал жасайтын адам да, өзге жұрт та ғайып туралы болжам айтуы мүмкін. Алайда оны білемін деуге хақысы жоқ», – деген.

Ибн Абдулбәррдің айтуынша, ғайыптан хабар беремін деп ақы алудың да, ондай адамға ақы төлеудің де харам екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен.

Осы бесеуінен өзге кейбір хабар біреуге беймәлім болғанымен, екінші адамға белгілі болуы мүмкін екені айтылады. Басқа аятта: «Ол ғайыпты (яғни, сезім мүшелерімен сезіп-білу мүмкін болмаған тылсым әлемді) білуші һәм бір Өзі ғана білетін ғайыптың сырын ешкімге ашпайды». Тек Өзі разы болып, таңдаған елшісіне ғана ашады. Өйткені Алла (Өзінің шексіз ілімінен, ғайыптан келетін сырға титтей де жалған араласпау үшін) елшісінің алды-артына сақшы (періштелер) қояды»3 делінген. Осы аятта ғайыпты пайғамбарлар біле алатындығы айтылған. Өйткені Құран кәрімде әзірет Исаның: «...Һәм үйлеріңде не ішіп-жеп отырғандарыңды және не жиып жүргендеріңді өздеріңе түгелдей айтып беремін»4 деп, әзірет Юсуф та: «Юсуф ол екеуіне: «(Осыдан қарап тұрыңдар, қазір екеуіңе тамақ келеді.) Сендерге ішіп-жеулерің үшін қай кезде болмасын, қандай да бір тағам келер болса, оның қандай тағам екенін келмей тұрып дөп басып айтып бере аламын. Бұл – Раббымның маған арнайы түрде үйреткен ілімдерінің бірі»5 деп, ғайыпты біле алатындықтарын айтқан. Ғалымдар осы аяттарда айтылған ғайыпты білудің жоғарыда «Жын» сүресіндегі аятта берілген «таңдаған елшісі» категориясына жататынын айтады.

Кейбір әулиелердің ғайып хабарынан мағлұмат алуы туралы пікірлер әртүрлі. «Жын» сүресінде былай делінген: إِلَّا مَنِ ارْتَضَى مِنْ رَسُولٍ.

«Тек Өзі разы болып, таңдаған елшісіне ғана ашады» деген шектеуді кейбіреулер тек пайғамбарларға қатысты деп түсіндірген. Мұғтазила ғалымдары осыған сүйеніп, әулиелердің кереметін мойындамаған.

Бұл пікірге қосылмайтын Әһл-сүннет ғалымдары әулиелердің Алланың рұқсатымен ғайыпты біле алатынын қабылдайды. Олардың айтуынша, әулиенің ғайыпты білу қасиеті өздерінен емес, бұл олармен байланыстырылмайды, Пайғамбармен байланыстырылады. «Өйткені әулиелер тек Пайғамбарды сүю арқылы һәм тек сол ісімен ғана керемет көрсете алады. «Уәлиулла» (Алланың әулиесі, досы) – Алла тағаланы және Оның сипаттарын барынша жақсы танитын, Оған үздіксіз құлшылық жасайтын, күнәлар мен дүниелік ләззаттардан қашатын, сонымен бірге өзінің пайғамбарының жолында бүкіл нәрсесін пида ететін адам. Оның кереметінде пайғамбарлыққа дәмелену деген атымен жоқ, керісінше, пайғамбардың мұғжизасын растау бар, дәлелдеу бар».

«Бес ғайып» мәселесі

Аятта бес нәрсенің толық ілімі Аллаға ғана тән екені айтылған:

1. Қиямет-қайымның қашан орнайтыны;

2. Жаңбырдың жаууы (қашан, қайда, қаншалықты жауатыны);

3. Ана құрсағындағы нәрестенің жағдайы;

4. Ертеңгі табыс;

5. Ажал.

Осы бес нәрсенің екеуіне қатысты Құран Кәрімдегі сөзге қайшы деген пікір айтылып жүр. Олар – жаңбырдың жаууы мен ана құрсағындағы нәресте. Яғни: «Барометр немесе кейбір тәжірибелер арқылы жаңбырдың жауатынын алдын ала білуге болады» немесе «Ана құрсағындағы нәрестенің қыз не ұл екенін алдын ала білуге болады» дейтіндер бар.

Бұл екі мәселені жеке қарастырайық.

1. Жаңбыр туралы алдын ала айтылған мәлімет – болжам. Ал ғылымға нақты мәліметтер жатады, болжам мен жорамалдар ғылымға жатпайды. Осыған байланысты барометрмен және жасанды жер серіктерінен алынған фотолармен жасалған ауа райы болжамдары қазіргі уақытта да ғылыми тұрғыдан толық нақтыланған жоқ. Бұл болжамдар Құран кәрімнің жаңбырдың ғайыпқа жатады деген үкімін жоя алмайды.

Жаңбырдың жаууын алдын ала болжау байқалған белгілерге сүйенеді. Олай болса, жаңбырдың белгілерінің пайда болуы – сол жағдайды ғайыптан белгілі дерек қатарына өткізеді. Бұл жағдайдағы ғайып тура мағынасында емес, ауыспалы мағынасында, яғни кейбіреулеріне ғайып болса, басқа біреулеріне белгілі. Өйткені белгілері көрінген. Бұл белгілерді анықтап, талқылайтын мамандар жаңбырдың жауатынын болжап айта алады. Бұл жағдайға ғайыпты білу десек, сол секілді көптеген нәрсе «ғайыпты білу» деп сипатталып, Құран кәрімнің бұл мәселе жайлы айтқандарынан тыс қалады. Мысалы, белгілі бір заңдылықтар бойынша болатын құбылыстар бар, сол заңдылықты білетін адам үшін ол белгілі нәрсе, ал білмейтіндерге беймәлім нәрсе, Ай мен Күннің тұтылуы секілді, күндіз бен түннің ұзарып-қысқаруы секілді. Ешкім Айдың қашан тұтылатынын айтқан адамға қарап оны «ғайыпты біледі» деп айта алмайды.

Жаңбыр белгілі бір заңдылыққа бағынады. Оның жаууына көптеген құбылмалы жағдай мен себеп әсер етеді. Сондықтан осы шарттардың қыр-сырының барлығы анықталып, нақты болжамдарға қол жеткізілсе де, аяттың үкімі өзгермейді. Өйткені олар «жаңбырды ғайып болудан шығаратын» материалдық белгілерге негізделген.

2. Аяттың ана құрсағындағы нәресте туралы сөзі оның ұл не қыз болатынымен шектелмейді. Ежелден бері адамдар ең көп осыны білгісі келгендіктен, аятты да осы мағынада түсінген. Аят: «Құрсақтарда жатқандардың да (барлық қасиеттері мен ерекшеліктері) бір Өзіне ғана мәлім» дейді.

Құрсақтағы нәрестенің беймәлім қырлары көп. Ұл не қыз болатыны – солардың бірі ғана. Алайда нәрестенің ана құрсағында жаратылуын түсіндіретін хадистер төртінші айдан бастап Алла тағаланың әмірімен періштенің жазатындары тек ұл-қыз болу мәселесі емес, «ризығы», «ажалы», «дені сау немесе мүгедек болатыны», «бақытсыз немесе бақытты болатыны», «ұл немесе қыз болатыны», «қандай істер жасайтыны», «қандай мұра қалдыратыны», «мінез құлқы», «егіз немесе біреу болатыны», «кемтар немесе кемел болатыны», «басына келетін кесел-кесапаттар» т.б. жазылады. Демек, құрсақтағы ұрықтың тәні мен жанына қатысты барлық жағдайды Алла біледі.

Нәрестенің дене бітімі қалыптасқаннан кейін оның кейбір белгілерін анықтаудың өзі аяттың мағынасын өзгертпейді. Егер Құран нәрестенің «ұл не қыз болатынын» айтқанда, бұл мәселе бойынша ой-пікір білдіргендердің сөзі дұрыс шығатын еді. Құранның сөзінде жатырдағы нәрестенің тәндік, рухани – барша жағдайлары қамтылған. Бұларды адам баласы ешқашан біле алмайды.

  1. 1«Лұқман» сүресі, 34-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Лұқман», 2 (№4778), «Әнғам», 1, «Истисқа», 29.
  3. 3«Жын» сүресі, 26–27-аяттар.
  4. 4«Әли Имран» сүресі, 49-аят.
  5. 5«Юсуф» сүресі, 37-аят.