Хадис

«Рум» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 81-тарау · 1 хадис · № 734

Хадистер

734
Кутуб ситтә, № 734 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Сағид

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا كَانَ يَوْمُ بَدْرٍ ظَهَرَتِ الرُّومُ عَلَى فَارِسَ فَأَعْجَبَ ذَلِكَ الْمُؤْمِنِينَ فَنَزَلَتْ: الٓمٓ غُلِبَتِ الرُّومُ إِلَى قَوْلِهِ يَفْرَحُ الْمُؤْمِنُونَ بِنَصْرِ اللَّهِ. قَالَ فَفَرِحَ الْمُؤْمِنُونَ: بِظُهُورِ الرُّومِ عَلَى فَارِسَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ. وَقَالَ: هَكَذَا قَرَأَ نَصْرُ بْنُ عَلِيٍّ: غَلَبَتْ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Бәдір күні румдықтар парсыларды жеңді. Мұсылмандар бұған қуанды. Осы кезде ﴿الٓمٓ ۝ غُلِبَتِ ٱلرُّومُ ۝ فِىٓ أَدْنَى ٱلْأَرْضِ وَهُم مِّنۢ بَعْدِ غَلَبِهِمْ سَيَغْلِبُونَ ۝ فِى بِضْعِ سِنِينَ لِلَّهِ ٱلْأَمْرُ مِن قَبْلُ وَمِنۢ بَعْدُ وَيَوْمَئِذٍ يَفْرَحُ ٱلْمُؤْمِنُونَ ۝ بِنَصْرِ ٱللَّهِ﴾ “Әлиф, Ләм, Мим. Румдықтар жеңіліс тапты. Ең таяу жерде. Алайда олар осы жеңілістен кейін жеңіске жетеді. Бірнеше жылда. Әр істің һәм оқиғаның алдында да, соңында да кесімді үкім бір Аллаға тән! Сөйтіп, сол күні мүміндер Алланың жәрдемімен қуанышқа бөленеді”1 деген аяттар оқылды. Мүміндер румдықтардың парсыларды жеңгеніне қуанды». Тирмизидің айтуынша, Наср ибн Әли аяттағы сөзді «غَلَبَتْ» («жеңді») деп оқыған.2

Түсіндірме

Бұл аяттар Меккеде түскен. Риуаяттың сөз саптауы олар Бәдір күні түскендей әсер қалдыратындықтан, хадис түсіндірушілері «түсті» сөзін «оқылды» деп түсіндірген. Яғни Бәдір шайқасы кезінде румдықтардың парсыларды жеңгені туралы хабар жетіп, мұсылмандар қуанып, жоғарыдағы аяттарды оқыған.

Тәпсіршілердің айтуы бойынша, бұл сүре мұсылмандар сонау Меккеде болған кезде, пайғамбарлықтың бесінші жылы (613 ж.) басталып, 616 жылы Византияның жеңілісімен аяқталған Иран-Византия соғысына тоқталады. Сол дәуірдің екі ұлы империясы Византия мен Иран арасында өткен осы шайқасқа меккелік мүшріктер де ерекше алаңдаған, нәтижесінде, әһл-кітап саналған византиялықтар жеңіліске ұшырағанда, мүшріктер қуанып, мұсылмандар мұңайған еді. Мүшріктер: «Сендер мен христиандар әһл-кітапсыңдар, біз бен ирандықтар үммиміз (әһл-кітап емеспіз). Біздің бауырларымыз сендердің бауырларыңды жермен-жексен етті, біз де сендерді құртамыз» деп, келемеждеген еді.

Міне, осы келеке-келемежге байланысты осы аяттар түсіп, мұсылмандарға жұбаныш әкелді.

Риуаят бойынша, әзірет Әбу Бәкір келеке еткендерге барып, бірнеше жыл ішінде византиялықтар ирандықтарды жеңетінін айтады. Сол күнгі шарттар бойынша бұл мүмкін емес еді. Византиялықтар Сирия, Анадолы және Мысырдан айырылып, жерлерін ирандықтар басып алған еді. Мүшріктердің көсемі Убай ибн Халаф әзірет Әбу Бәкірмен бәстеседі. Бірнеше жыл ішінде византиялықтар жеңетін болса, әзірет Әбу Бәкірге он түйе беретін болады, ал жеңілетін болса, он түйе алатын болып бәстеседі. Болған жағдайды ардақты Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) естіген кезде, әзірет Әбу Бәкірге түйе санын арттыруға әрі жеңіс күнінің уақытын созуға кеңес береді. Осылайша түйе саны 100-ге, болжалды жеңіс күні 9 жылға шығарылады. Өйткені аяттағы «фи бидғи синин» сөзіндегі «бидғи» сөзі 3-тен 9-ға дейінгі аралықты білдіреді.

Аятта айтылғандай, 616 жылы ойсырай жеңілген византиялықтар 622 жылы қарсы шабуылға көшіп, 623 жылы жеңе бастайды, ақыр соңында, 625 жылы толық жеңіске жетеді. Осылайша византиялықтар жеңілгенінен жеті жыл өткенде, соғыстың екінші жылында жеңіске жетеді, олар жеңген тұста мұсылмандар да Бәдірде жеңіске қол жеткізеді.

Хадис түсіндірушілері румдықтардың жеңісі туралы хабардың Бәдір күні жеткеніне назар аударған. Олардың пікірінше, бірнеше жыл бұрын Меккеде түскен аят мұсылмандардың жеңісін де алдын ала сүйіншілеген. «Сол күні мүміндер Алланың жәрдемімен қуанышқа бөленеді» дегенді олар Бәдірдегі жеңіске қуанумен де, Алла румдықтарға жәрдем бергенде мұсылмандардың сүйсінуімен де байланыстырған.

  1. 1«Рум» сүресі, 1–4-аяттар және 5-аяттың басы.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Рум» (№3192, Ибраһим Жанан басылымында №3190).