وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو السَّعْدِيِّ: «أَنَّهُ قَدِمَ عَلَى عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي خِلَافَتِهِ، فَقَالَ لَهُ عُمَرُ: أَلَمْ أُحَدَّثْ أَنَّكَ تَلِي مِنْ أَعْمَالِ الْمُسْلِمِينَ أَعْمَالًا، فَإِذَا أُعْطِيتَ الْعُمَالَةَ كَرِهْتَهَا؟ فَقُلْتُ: بَلَى. فَقَالَ عُمَرُ: مَا تُرِيدُ إِلَى ذَلِكَ؟ قُلْتُ: إِنَّ لِي أَفْرَاسًا وَأَعْبُدًا وَأَنَا بِخَيْرٍ، وَأُرِيدُ أَنْ تَكُونَ عُمَالَتِي صَدَقَةً عَلَى الْمُسْلِمِينَ. فَقَالَ عُمَرُ: فَلَا تَفْعَلْ، فَإِنِّي كُنْتُ أَرَدْتُ الَّذِي أَرَدْتَ. وَكَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُعْطِينِي الْعَطَاءَ، فَأَقُولُ: أَعْطِهِ أَفْقَرَ إِلَيْهِ مِنِّي، حَتَّى أَعْطَانِي مَرَّةً مَالًا، فَقُلْتُ: أَعْطِهِ أَفْقَرَ إِلَيْهِ مِنِّي. فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: خُذْهُ فَتَمَوَّلْهُ وَتَصَدَّقْ بِهِ. فَمَا جَاءَكَ مِنْ هَذَا الْمَالِ مِنْ غَيْرِ مَسْأَلَةٍ وَلَا إِشْرَافٍ فَخُذْهُ، وَمَا لَا فَلَا تُتْبِعْهُ نَفْسَكَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. «الْإِشْرَافُ» التَّطَلُّعُ إِلَى الشَّيْءِ وَالرَّغْبَةُ فِيهِ. وَقَوْلُهُ «وَمَا لَا فَلَا تُتْبِعْهُ نَفْسَكَ» أَيْ: وَمَا لَا يَكُونُ بِهَذِهِ الصِّفَةِ فَاتْرُكْهُ.
Абдулла ибн Амр әс-Сағди былай дейді: «Халифа кезінде Омарға (р.а.) бардым. Ол: “Мұсылмандардың кей істерін мойныңа алып, еңбекақы бергенде алғың келмейді деп естідім. Солай ма?” – деді. “Иә”, – дедім. “Неге?” – деп сұрады. “Жылқыларым мен құлдарым бар, жағдайым жақсы. Еңбекақым мұсылмандарға садақа болса деймін”, – дедім. Омар: “Олай істеме. Бір кезде мен де сен секілді ойлағанмын. Алла елшісі (с.а.с.) маған бірдеңе берсе, ‘Мұны менен гөрі мұқтаж адамға беріңіз’, – дейтінмін. Бір жолы маған тағы мал берді. Сонда да ‘Мұны менен гөрі мұқтаж адамға беріңіз’, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.): ‘Оны ал, өз малыңа қос, сосын садақа бер. Бұл малдан сұрамай, дәметпей қолыңа түскенін ал. Ал олай келмегеніне көңіліңді байлама’, – деді”, – деп жауап берді»1.
Түсіндірме
1. Ғалымдар бұл хадистен мемлекет қызметкерлерінің еңбекақысы мен сыйлық алуға қатысты бірнеше үкім шығарған.
• Елге қызмет еткен адам еңбегіне ақы ала алады. Ғалымдар хадистегі «ал» деген сөзді міндет ретінде емес, құптарлық амал деп түсінген. Өзі жеткілікті адам ақысын алмай-ақ қоя алады. Дегенмен өзіне тиесіліні алып, кейін садақа еткені абзал. Қолына тимеген малдан бас тарту оңай, ал өз иелігіне өткенді беру нәпсінің малға құмарлығын тежейді.
Дәметпей, сұрамай келген сыйды алуды ғалымдардың көбі әдеп санаған. Нәуәуидің айтуынша, кең тараған пікірде билеушіден өзге адамның сыйын қабылдау – мұстахаб. Билеуші малының басым бөлігі адал болса, сыйын қабылдауға болады. Басым бөлігі арам болса, сыйын алу да арам.
Табари кей ғалымдардың «Сый иесі билеуші, ізгі не пасық адам болсын, сый беруге хақылы болса, оның сыйын қабылдау құптарлық» деген пікірін жеткізген.
«Сый беруге хақылы» деген шарт кей сыйды қабылдауға болмайтынын аңғартады. Мысалы, қызметкердің өзі қызмет көрсететін адамдардан сый алуы параға жатады. Табари сый қабылдағандардың қатарында сахабалардан Әбу Һурайраны, Айшаны, Әбу әд-Дарданы, Ибн Омарды, Ибн Аббасты, Әлиді (Алла оларға разы болсын), табиғиндерден Алқаманы, Әсуәдті, Нахағиды, Хасан әл-Басри мен Шағбиді атайды.
Олардың бұл мәселедегі пікірлері үш тұжырымға саяды.
1) Сый беруге хақылы адамның табысы адалдан болса, сыйын қайтару орынсыз.
2) Сыйға тартқан дүниесінің арам жолмен табылғаны белгілі болса, оны қабылдауға болмайды.
3) Табысының қайдан келгені белгісіз болса, оны арнайы тіміскілеудің қажеті жоқ.
Кейбір ғалымдар билеушіден өзге адамдардың сыйын, ал енді біреулері билеушінің сыйын да қабылдауды құптаған. Бұл жөнінде Икримадан «Біз сыйлықты ғұламалардан ғана қабылдаймыз» деген сөз де жеткен.
2. Табысына арам араласқан адамнан қарыз алу не оның қонаққа шақыруына бару жайында ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Біреулері мұны мәкруһ санаған, басқалары рұқсат еткен. Бір кісі Ибн Мәсғудқа көршісінің табысының адал-арамдығына қарамай, өзіне тиесілі еместі ала беретінін айтыпты. Содан кейін оның үйіне қонаққа баруға және одан қарыз алуға бола ма деп сұрапты. Ибн Мәсғуд: «Қарыз алуыңа да, асынан дәм татуыңа да болады. Күнәсіне өзі жауап береді», – деген. Ибн Омар да өсімнен тартынбайтын адамның асынан дәм татудың әбестігі жоқ деген. Мәкхул мен Зуһри да осы пікірде болған.
Ибраһим Нахағи секілді бірқатар ғалым арам араласқан табыстан алынған асты жеуді жөн көрмеген. Тақуалықты ұстанған адамдар күмәнді астан да тартынған.
3. Хадистен шығатын тағы бір үкім бойынша, мемлекет басшысы көмек берерде міндетті түрде ең мұқтаж кісіні іздеуге міндетті емес. Мұқтаждығы жеңілірек адамға да көмек бере алады.
- 1Бұхари, «Ахкам», 17-тарау. Мүслим, «Зекет», № 1045. Нәсәи, «Зекет», 94-тарау (5-том, 103-бет).