Хадис

Кутуб ситтә, № 5173

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
819. Қызметкердің еңбекақысы
Нөмірі
№ 5173 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
5173
Кутуб ситтә, № 5173 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «لَمَّا اسْتُخْلِفَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: لَقَدْ عَلِمَ قَوْمِي أَنَّ حِرْفَتِي لَمْ تَكُنْ تَعْجِزُ عَنْ نَفَقَةِ أَهْلِي، وَقَدْ شُغِلْتُ بِأَمْرِ الْمُسْلِمِينَ، فَسَيَأْكُلُ آلُ أَبِي بَكْرٍ مِنْ هَذَا الْمَالِ، وَيَحْتَرِفُ لِلْمُسْلِمِينَ فِيهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Әбу Бәкір (р.а.) халифа болып тағайындалғанда: “Жұртым кәсібімнің отбасымды асырауға жеткенін біледі. Енді мұсылмандардың ісімен айналысуға тура келді. Сондықтан Әбу Бәкірдің отбасы осы қазынадан күн көреді, ал өзі мұсылмандар үшін еңбек етеді”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Әбу Бәкір (р.а.) отбасының нәпақасын бәйтулмалдан алуының себебін түсіндірген. Бұрын саудамен айналысып, отбасын өз еңбегімен асыраған. Халифа болған соң мұсылмандардың ісіне кірісіп, кәсібінен қол үзді. Сондықтан отбасына қажетті нәпақаны қазынадан алатын болды. Ибн Сағд Айша анамыздан (р.а.) мына риуаятты жеткізген: «Әбу Бәкір ауыр науқасқа шалдыққанда: “Халифа болғалы мүлкіме не қосылғанын қараңдар да, соны менен кейінгі халифаға беріңдер”, – деді». Айша анамыз сөзін жалғап: «Ол дүние салғанда балаларына қарайтын бір нубиялық құл мен бағын суаруға пайдаланған бір түйесі барын көрдік. Екеуін Омарға жібердік. Омар: “Әбу Бәкірді Алла рақымына алсын! Өзінен кейінгі халифаға ауыр үлгі қалдырды”, – деді», – деген. Өзге риуаятта сол кісінің мұсылмандардың қылышын қайрап, Әбу Бәкірдің отбасына да қызмет еткені айтылады.

2. Әбу Бәкір нәпақаның бәрін меңзеп, қазынадан «ішіп-жейтінімізді аламыз» деген. Өйткені отбасыға қажет нәрселердің ішінде ас-ауқат бірінші орында тұрады.

3. Хадис елге қызмет еткен адамның өзінің де, отбасының да нәпақасын қазынадан алуға хақылы екенін көрсетеді. Ибн әт-Тин: «Қызметкердің еңбекақысын белгілейтін жоғары мекеме болмаса, өзі басқарып отырған мүліктен қажетіне жетерін ала алады», – деген. Ибн Хажар бұл үкімге Әбу Бәкірдің оқиғасы дәлел бола алмайтынын, өйткені оның еңбекақысы алдын ала белгіленгенін айтады. Ибн Сағдтың бір риуаяты бойынша, Әбу Бәкір халифа сайланғаннан кейінгі күні сататын киім-кешегін алып, базарға барады. Оны көрген Омар мен Әбу Убәйда ибн әл-Жаррах тіл қатады.

– Мұсылмандардың ісін мойныңа алған соң саудаға қалай шықпақсың?

– Олай болса, отбасымды немен асыраймын? – дейді Әбу Бәкір.

– Саған нәпақа белгілейміз, – деп, оған күніне бір қой тағайындайды.

Бұл оқиға мемлекет басшысына еңбекақы белгілеудің бір мысалы.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 15-тарау, № 2070.