Хадис

Кутуб ситтә, № 5160

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
815. Руятулла (Алланы көру)
Нөмірі
№ 5160 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
5160
Кутуб ситтә, № 5160 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ مَسْرُوقٍ قَالَ: «قُلْتُ لِعَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: يَا أُمَّتَاهُ، هَلْ رَأَى مُحَمَّدٌ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَبَّهُ؟ فَقَالَتْ: لَقَدْ قَفَّ شَعْرِي مِمَّا قُلْتَ. أَيْنَ أَنْتَ مِنْ ثَلَاثٍ، مَنْ حَدَّثَكَهُنَّ فَقَدْ كَذَبَ؟ مَنْ حَدَّثَكَ أَنَّ مُحَمَّدًا رَأَى رَبَّهُ فَقَدْ كَذَبَ. ثُمَّ قَرَأَتْ: لَا تُدْرِكُهُ الْأَبْصَارُ وَهُوَ يُدْرِكُ الْأَبْصَارَ. وَمَنْ حَدَّثَكَ أَنَّهُ يَعْلَمُ مَا فِي غَدٍ فَقَدْ كَذَبَ. ثُمَّ قَرَأَتْ: وَمَا تَدْرِي نَفْسٌ مَاذَا تَكْسِبُ غَدًا. وَمَنْ حَدَّثَكَ أَنَّهُ كَتَمَ شَيْئًا مِنَ الْوَحْيِ فَقَدْ كَذَبَ. ثُمَّ قَرَأَتْ: يَا أَيُّهَا الرَّسُولُ بَلِّغْ مَا أُنْزِلَ إِلَيْكَ مِنْ رَبِّكَ، الْآيَةَ. وَلَكِنَّهُ رَأَى جِبْرِيلَ فِي صُورَتِهِ مَرَّتَيْنِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Масруқ (рахимаһуллаһ) былай дейді: «Айша анамыздан (р.а.): “Анашым, Мұхаммед (с.а.с.) Раббысын көрді ме?” – деп сұрадым. Ол: “Сөзіңнен төбе шашым тік тұрды. Үш нәрсені білмеуші ме едің? Оларды саған кім айтса, жалған айтқан болады. Кім ‘Мұхаммед Раббысын көрді’ десе, жалған айтқан болады”, – деп, “Оны көздер қамти алмайды, ал Ол көздердің бәрін қамтиды”1 деген аятты оқыды. Содан кейін: “Кім ‘Ол ертең не болатынын біледі’ десе, жалған айтқан болады”, – деп, “Ешбір жан ертең не табатынын білмейді”2 деген аятты оқыды. “Кім ‘Ол уахидан бір нәрсе жасырды’ десе, жалған айтқан болады”, – деп, “Уа, Елші! Раббыңнан өзіңе түсірілгенді жеткіз”3 деген аятты оқыды. Сосын: “Ол Жәбірейілді өз бейнесінде екі рет көрген”, – деді»4.

Түсіндірме

Кейбір нұсқаларда хадис былай басталады: «Масруқ: “Айша анамыздың жанында сүйеніп отырған едім. Ол маған: ‘Уа, Әбу Масруқ! Үш сөз бар. Кім солардың бірін айтса, Аллаға ауыр жала жапқан болады’, – деді”, – деген».

Айша анамыз Аллаға жала жабу деп санаған үш пікірді жеке-жеке атап, әрқайсысына қатысты аят оқыған.

Айша анамыздың (р.а.) сөз саптасынан бұл үш мәселенің сол кезде-ақ пікірталас туғызғаны аңғарылады. «Тәйсирдегі» нұсқада кездеспесе де, өзге риуаятта Масруқ оның уәжіне жауап ретінде екі аятты алға тартады: «Уа, мүміндердің анасы, асықпай тыңдай тұрыңыз. Алла Тағала: “Оны анық көкжиектен көрді”5 және “Оны тағы бір түскенінде көрді”6 демеді ме?» Айша анамыз: «Бұл мәселені үмбеттен Алла Елшісінен алғаш сұраған мен едім. Ол: “Бұл – Жәбірейіл. Осы екі реттен басқа оны жаратылған бейнесінде көрген емеспін. Көктен түсіп келе жатқанда, оның тұлғасы көк пен жердің арасын тұтас алып тұрды”, – деді», – деп жауап берген.

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаяттар да мәселенің сол кезде талқыланғанын көрсетеді. Бір риуаятта Ибн Омар кісі жіберіп, Абдулла ибн Аббастан «Мұхаммед Раббысын көрді ме?» деп сұратқанда, ол «Иә» деп жауап берген. Басқа риуаятта Ибн Аббас: «Ибраһимге достық, Мұсаға тілдесу, Мұхаммедке көру нәсіп болғанына таңғаласың ба? Алла Ибраһимді достығымен, Мұсаны тілдесуімен, Мұхаммедті көруімен ерекшелендірді», – деген.

Бұл сөздерде Ибн Аббас көрудің қалай болғанын ашып айтпаған. Ал одан жеткен өзге риуаяттарда жүрекпен көргені айтылады. Мәселен, Мүслімдегі бір нұсқада Ибн Аббас «Оның көргенін жүрегі жалғанға шығармады. Ол оны тағы бір жолы Сидратул-Мүнтаһаның жанында көрді»7 деген аяттар жайында: «Оны жүрегімен екі рет көрді», – деген. Басқа нұсқада «Алланы жүрегімен көрді» делінсе, тағы бір риуаятта «Алла Елшісі (с.а.с.) Раббысын көзімен көрмеді, жүрегімен көрді» деп нақтыланады.

Кейбір ғалымдар Айша анамыздың терістеуін көзбен көруге, Ибн Аббастың растауын жүрекпен көруге қатысты деп түсіндіреді. Олардың пайымынша, жүрекпен көру дегеніміз – Алла туралы білім алумен шектелмейтін шынайы көру. Өйткені Алла Елшісі (с.а.с.) Алланы әр сәтте танып-біліп тұрды. Олар көзде жаратылған көру қабілеті секілді жүректе де көру жаратылуы мүмкін деп санаған.

Ибн Хажар осы мәселе жөніндегі риуаяттарды талдайды. Ибн Хузайма Әнәстен берік иснадпен «Мұхаммед Раббысын көрді» деген сөзді жеткізген. Мүслімде Әбу Зәррге «Нұр ғой, қалай көрейін?» деген жауап берілгені айтылады. Ахмад Әбу Зәррден «Нұр көрдім» деген нұсқаны, ал Ибн Хузайма «Оны жүрегімен көрді, көзімен көрмеді» деген сөзді жеткізген. Ибн Хажар осы риуаяттарға сүйеніп, нұрдың Алла Елшісіне (с.а.с.) көзбен көруге бөгет болғанын айтады.

Көруді растаған пікірге бейім Нәуәуи: «Айша анамыз көруді терістегенде оны Пайғамбарға (с.а.с.) телінетін марфуғ хадиске сүйеп айтқан жоқ. Ондай хадис болса, келтірер еді. Ол аяттың сыртқы мағынасына сүйенді. Бұл мәселеде өзге сахабалардың пікірі оған қайшы. Усул қағидасы бойынша, сахабалардың пікірі қайшы келгенде, олардың бірінің сөзі өздігінен шешуші дәлел болмайды», – дейді. Хадисте Алла Елшісінің (с.а.с.) Жәбірейілді (а.с.) өз бейнесінде екі рет көргені айтылады. Алғаш рет уахи түсе бастаған кезде көкжиекте, көк пен жердің арасын алып тұрған күйінде көрген. Екіншісі Миғражда, Сидратул-Мүнтаһаның жанында болған.

  1. 1«Әнғам» сүресі, 103-аят.
  2. 2«Лұқман» сүресі, 34-аят.
  3. 3«Мәида» сүресі, 67-аят.
  4. 4Бұхари, «Тәпсір», «Мәида» және «Нәжм» сүрелері, № 4612, № 4855. Мүслим, «Иман», № 177. Тирмизи, «Тәпсір», «Әнғам» сүресі, № 3068.
  5. 5«Тәкуир» сүресі, 23-аят.
  6. 6«Нәжм» сүресі, 13-аят.
  7. 7«Нәжм» сүресі, 11–14-аяттар.