وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا صَارَ أَهْلُ الْجَنَّةِ إِلَى الْجَنَّةِ وَأَهْلُ النَّارِ إِلَى النَّارِ، جِيءَ بِالْمَوْتِ حَتَّى يُجْعَلَ بَيْنَ الْجَنَّةِ وَالنَّارِ، فَيُذْبَحُ. ثُمَّ يُنَادِي مُنَادٍ: يَا أَهْلَ الْجَنَّةِ خُلُودٌ فَلَا مَوْتَ، وَيَا أَهْلَ النَّارِ خُلُودٌ فَلَا مَوْتَ. فَيَزْدَادُ أَهْلُ الْجَنَّةِ فَرَحًا إِلَى فَرَحِهِمْ. وَأَهْلُ النَّارِ حُزْنًا إِلَى حُزْنِهِمْ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَاللَّفْظُ لَهُمَا، وَالتِّرْمِذِيُّ بِمَعْنَاهُ.
Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Жәннаттықтар жәннатқа, тозақтықтар тозаққа кіргенде, өлім әкелінеді. Оны жәннат пен тозақтың арасына қойып, бауыздайды. Сосын бір дауыс: “Уа, жәннаттықтар! Енді мәңгілік өмір бар, өлім жоқ! Уа, тозақтықтар! Енді мәңгілік бар, өлім жоқ!” – деп жар салады. Сонда жәннаттықтардың қуанышына қуаныш, тозақтықтардың қайғысына қайғы қосылады»1.
Түсіндірме
Хадисте ақыретте өлім болмайтыны өлімді бауыздау арқылы суреттелген. Ибн әл-Араби бұл бейненің түсіндірмесі жайында: «Өлім – денеге тән дерексіз сипат, яғни араз. Ол қалай денеге айналып, қалай бауыздалады? Осы мәселе себепті бір топ хадистің дұрыстығына күмән келтірді, екінші топ оны теңеу деп жорыды. Тағы бір топ шынымен бауыздалатынын, бауыздалатын нәрсе жан алуға міндеттелген және жұрт танитын тұлға екенін айтты», – дейді.
Ибн Хажардың айтуынша, кейінгі ғалымдардың көбі соңғы жорамалды орынды көрген. Жан алуға міндеттелген тұлға дегенді «Сәжде» сүресінің 11-аятында аталған өлім періштесі деп түсінген. Олар: «Ақыретте өлім періштесі қала берсе, жәннат тұрғындары алаң күйде болар еді», – деген. Осы түсіндіру бойынша, оның өлуі жәннат тұрғындарының қуанышын арттырып, тозақ тұрғындарының қайғысын тереңдетеді.
Ибн Хажар кей әлсіз риуаяттарда өлім періштесінің де өлетіні, тіпті жаратылғандардың ең соңында өлетіні айтылғанын келтіреді. Ол мұндай риуаяттарды жеткізуге келмейтіндей әлсіз санап, хадисті теңеу деп жориды. Мазири: «Біздің түсінігімізде өлім – араз, ал мұғтазила оны дербес мағына деп есептемейді. Екі ұстаным бойынша да өлімнің өзі қошқарға не басқа денеге айналмайды. Сондықтан мұны теңеу деп ұққан жөн. Алла сондай бір бейне жаратып, оны бауыздау арқылы жәннаттықтарға өлімнің енді болмайтынын көрсетеді», – дейді.
Құртуби «әт-Тәзкирада»: «Өлім – бір мағына. Мағыналар денеде көрініс тапқанда өз болмысын жоғалтпайды. Алла амалдардың сауабын бейнелейтін тұлғалар жаратады. Өлім де солай. Алла бір қошқар жаратып, оны “өлім” деп атайды да, жәннаттықтар мен тозақтықтардың көкейіне оның өлім екенін салады. Қошқардың бауыздалуы екі мекенде де мәңгілік орнағанын білдіреді», – дейді.
Басқа ғалымдар Алланың дерексіз сипатқа дене беруіне бөгет жоқ деген. Олар Мүслімдегі мына хадисті дәлел еткен: «“Бақара” мен “Әли Имран” сүрелерін оқыңдар. Қиямет күні ол екеуі екі бұлт секілді келеді».
Тозақтықтардың халі жөнінде жетіге дейін көзқарас айтылған. Әһлі сүннет ғалымдары тозаққа мәңгілікке кесілгендер онда өле де алмай, азабы жеңілдемей қалады деген пікірді қабылдаған. Аятта: «Күпірлік еткендер үшін жаһаннам оты бар. Онда оларға өлім бұйырылмайды әрі азаптары жеңілдетілмейді. Әрбір қасарысқан кәпірді осылай жазалаймыз»2 делінген. Тағы бір аятта: «Олар күйзелістен жаһаннамнан шыққысы келген сайын, оған кері қайтарылады да: “Күйдіргіш азапты татыңдар”, – делінеді»3.