Хадис

Кутуб ситтә, № 5089

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
808. Шапағат жайында
Нөмірі
№ 5089 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
5089
Кутуб ситтә, № 5089 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لِكُلِّ نَبِيٍّ دَعْوَةٌ مُسْتَجَابَةٌ، فَتَعَجَّلَ كُلُّ نَبِيٍّ دَعْوَتَهُ، وَإِنِّي اخْتَبَأْتُ دَعْوَتِي شَفَاعَةً لِأُمَّتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ، فَهِيَ نَائِلَةٌ إِنْ شَاءَ اللَّهُ تَعَالَى مَنْ مَاتَ مِنْ أُمَّتِي لَا يُشْرِكُ بِاللَّهِ شَيْئًا. أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Әр пайғамбардың қабыл болатын дұғасы бар. Әр пайғамбар сол дұғасын ертерек жасаған. Мен дұғамды қиямет күні үмбетіме шапағат ету үшін сақтадым. Алла қаласа, оған үмбетімнен Аллаға еш нәрсені серік қоспай дүние салғандар ие болады»1.

Түсіндірме

1. Хадисті алғаш оқығанда әр пайғамбардың қабыл болатын бір ғана дұғасы бар сияқты көрінуі мүмкін. Ал Алла Елшісінің (с.а.с.) және өзге пайғамбарлардың көптеген дұғасы қабыл болған. Ғалымдар мұнда сөз қабыл болатынына кепіл берілген дұға жайында екенін айтады. Өзге дұғалардың қабыл болатынына үміт етіледі.

«Әр пайғамбардың қабыл болатын бір дұғасы бар» деген сөзді ғалымдар әртүрлі түсіндірген.

• Кейбір ғалымдар: «Бұл – ең абзал дұғасы. Одан өзге дұғалары да бар», – деген.

• Енді бірі: «Әр пайғамбардың үмбеті жайында қабыл болатын бір дұғасы бар. Ол дұғаны үмбетінің жойылуы немесе игілікке жетуі үшін арнайды. Жеке дұғалардың бірқатары қабыл болады, бірқатары қабыл болмайды», – деген.

• Кейбірі: «Әр пайғамбардың өзіне немесе дүниеге қатысты бір дұғасы бар. Нұхтың (а.с.) “Уа, Раббым, жер бетінде кәпірлерден бірде-бір адам қалдырма”2 деген дұғасы, Зәкәрияның (а.с.) “Уа, Раббым, Өз тарапыңнан маған бір мұрагер нәсіп ете көр”3 деген дұғасы және Сүлейманның (а.с.) “Уа, Раббым! Мені кешіре көр әрі менен кейін ешкімге бұйырмайтын билік нәсіп ете көр”4 деген дұғасы осыған мысал болар», – деген.

2. Хадистен пайғамбарлардың да әр дұғасы өздері тілеген күйінде орындала бермейтінін аңғарамыз. Әр дұғаға жауап берілетінін бұған дейін айтқанбыз.

Алла Елшісі (с.а.с.) дінге шақырған адамдардың кейбіріне қарғыс айтқанда: «Бұл істе сенің билігің жүрмейді. Алла қаласа, олардың тәубесін қабыл етеді, қаласа, оларды азаптайды. Өйткені олар – залымдар»5 деген аят түсіп, Пайғамбарға (с.а.с.) бұлай істеуге тыйым салынды6.

3. Ибн Баттал: «Хадисте Алла Елшісінің (с.а.с.) бір артықшылығы айтылған. Ол қабыл болатын дұғасын өзіне де, отбасы мүшелеріне де арнамай, үмбетіне сақтады. Кей пайғамбарлар сол дұғасын қауымының жойылуы үшін жасаса, Алла Елшісі (с.а.с.) үмбетінің амандығын тіледі», – дейді. Ибн әл-Жәузи: «Бұл – Алла Елшісінің (с.а.с.) көрегендігі мен жомарттығының белгісі. Ол дұғасын ең лайық іске арнап, үмбетін өзінен жоғары қойды. Дұғасын үмбетінің ішіндегі оған ең мұқтаж жандарға, яғни күнәһарларға сақтады», – деп түсіндіреді.

Нәуәуи: «Бұл хадис Алла Елшісінің (с.а.с.) үмбетіне деген шексіз жанашырлығын көрсетеді. Ол үмбетінің қамын ойлап, қабыл болатын дұғасын олардың оған аса мұқтаж болатын шағына сақтаған», – дейді.

4. Әһлі сүннет ғалымдары хадистегі «Шапағатым үмбетімнің Аллаға серік қоспай дүние салғандарына жетеді» деген сөзді үлкен күнә жасауды қоймаған кісі де мүмін болып өлсе, тозақта мәңгі қалмайтынына дәлел санаған.

  1. 1Бұхари, «Дағуат», № 6304 және «Тәухид», 31-тарау. Мүслим, «Иман», № 198–199. Муатта, «Құран», 1-том, 212-бет. Тирмизи, «Дағуат», № 3602.
  2. 2«Нұх», 26-аят.
  3. 3«Мәриям», 5-аят.
  4. 4«Сад», 35-аят.
  5. 5«Әли Имран», 128-аят.
  6. 6Алла Елшісі (с.а.с.) Ухуд шайқасында жараланғанда: «Өз пайғамбарын жаралаған қауымға Алла қалай құтылу нәсіп етсін?» – деген. Сонда осы аят түсті. Кейін сол шайқасқа қатысқандардың біразы исламды қабылдап, оған үлкен қызмет етті. Халид ибн Уәлид (р.а.) солардың бірі.