وَعَنْ حُرَيْثِ بْنِ قَبِيصَةَ قَالَ: قَدِمْتُ الْمَدِينَةَ فَقُلْتُ: اللَّهُمَّ يَسِّرْ لِي جَلِيسًا صَالِحًا. فَجَلَسْتُ إِلَى أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقُلْتُ: إِنِّي سَأَلْتُ اللَّهَ أَنْ يَرْزُقَنِي جَلِيسًا صَالِحًا، فَحَدِّثْنِي بِحَدِيثٍ سَمِعْتَهُ مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَعَلَّ اللَّهَ تَعَالَى يَنْفَعُنِي بِهِ. فَقَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِنَّ أَوَّلَ مَا يُحَاسَبُ بِهِ الْعَبْدُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عَمَلِهِ صَلَاتُهُ، فَإِنْ صَلَحَتْ فَقَدْ أَفْلَحَ وَأَنْجَحَ، وَإِنْ فَسَدَتْ فَقَدْ خَابَ وَخَسِرَ، وَإِنِ انْتَقَصَ مِنْ فَرِيضَتِهِ شَيْءٌ، قَالَ الرَّبُّ تَبَارَكَ وَتَعَالَى: انْظُرُوا هَلْ لِعَبْدِي مِنْ تَطَوُّعٍ؟ فَيُكَمَّلَ بِهَا مَا انْتَقَصَ مِنَ الْفَرِيضَةِ، ثُمَّ يَكُونُ سَائِرُ عَمَلِهِ عَلَى ذَلِكَ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Хурайс ибн Қабиса былай дейді: «Мәдинаға келіп: “Уа, Аллам, маған ізгі бір жолдас нәсіп ете гөр!” – деп дұға еттім. Сөйтіп Әбу Һурайраның (р.а.) жанына отырдым. Оған: “Алладан ізгі жолдас сұрадым. Маған Алла елшісінен (с.а.с.) естіген бір хадисті айтып беріңізші. Бәлкім, Алла сонымен маған пайда берер”, – дедім. Ол: “Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: ‘Қиямет күні пенденің амалдарынан әуелі намазының есебі алынады. Намазы дұрыс болса, ол құтылып, мұратына жетеді. Намазы бұзылған болса, үміті ақталмай, зиянға ұшырайды. Парызында кемшілік болса, аса ұлық Раббы құлының нәпіл намазы бар-жоғын қарауды бұйырады. Парыз намаздың кемі сонымен толықтырылады. Қалған амалдары да осылай есепке алынады’”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Хадис Алла алдындағы міндеттердің ішінде намаздың орны айрықша екенін білдіреді. Мұны қиямет күні адамдар арасындағы алғашқы дау кісі қаны жөнінде болады деген хадис толықтыра түседі. Біріншісінде Алла алдындағы міндет, екіншісінде адамның ақысы айтылған. Осы екеуінің қайсысы алдымен қаралады дегенге ғалымдар әуелі Алла алдындағы міндет қаралады деп жауап берген. Олар бұған дәлелдер келтіреді.
2. Есеп кезінде парыз намаздан табылған кемшілік сүннет және нәпіл намаздармен толтырылады. Демек, олардың да есебі бар. Ол үшін пенденің амал дәптерінде осындай ғибадаттар жазылуы керек.
3. «Парыздағы кемшілік» дегенді ғалымдар бірнеше жолмен түсіндірген:
• Бір пікір бойынша, мұнда парыз намаздың саны емес, оның сауабын арттыратын ықылас пен бойсұну, зікір, дұға секілді амалдардағы кемшілік меңзелген. Парыз намазда орындалмаған мұндай амалдар нәпіл намазда орындалса, сол олқылықтың орны толады.
• Енді бір пікір бойынша, мұнда парыз намаздың міндетті бөліктері мен шарттарындағы кемшіліктер де меңзелуі мүмкін.
• Кей ғалымдар парыз намазды мүлдем оқымай қалудан туған кемшіліктің нәпіл намазбен толықтырылуы да меңзелуі ықтимал деген.
Хадис өзге парыз амалдарындағы осындай кемшіліктердің де тиісті нәпіл амалдармен толықтырылатынын білдіреді. Жаратушының уәдесі сөзсіз орындалады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алладан жеткен хабарды қоспасыз жеткізеді.
- 1Тирмизи, «Салат», № 413. Нәсәи, «Салат», № 465.