Хадис

Кутуб ситтә, № 5059

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
805. Хашр жайында
Нөмірі
№ 5059 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
5059
Кутуб ситтә, № 5059 · тараудағы реті: 3

وَفِي أُخْرَى قَالَ: قَامَ فِينَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِمَوْعِظَةٍ. فَقَالَ: يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّكُمْ مَحْشُورُونَ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى حُفَاةً عُرَاةً غُرْلًا كَمَا بَدَأْنَا أَوَّلَ خَلْقٍ نُعِيدُهُ وَعْدًا عَلَيْنَا إِنَّا كُنَّا فَاعِلِينَ. أَلَا وَإِنَّ أَوَّلَ الْخَلَائِقِ يُكْسَى يَوْمَ الْقِيَامَةِ إِبْرَاهِيمُ عَلَيْهِ السَّلَامُ، أَلَا وَإِنَّهُ سَيُجَاءُ بِرِجَالٍ مِنْ أُمَّتِي فَيُؤْخَذُ بِهِمْ ذَاتَ الشِّمَالِ فَأَقُولُ: يَا رَبِّ أَصْحَابِي. فَيُقَالُ: إِنَّكَ لَا تَدْرِي مَا أَحْدَثُوا بَعْدَكَ. فَأَقُولُ كَمَا قَالَ الْعَبْدُ الصَّالِحُ: وَكُنْتُ عَلَيْهِمْ شَهِيدًا مَا دُمْتُ فِيهِمْ فَلَمَّا تَوَفَّيْتَنِي كُنْتَ أَنْتَ الرَّقِيبَ عَلَيْهِمْ وَأَنْتَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءٍ شَهِيدٌ. إِنْ تُعَذِّبْهُمْ فَإِنَّهُمْ عِبَادُكَ وَإِنْ تَغْفِرْ لَهُمْ فَإِنَّكَ أَنْتَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ. قَالَ: فَيُقَالُ لِي: إِنَّهُمْ لَمْ يَزَالُوا مُرْتَدِّينَ عَلَى أَعْقَابِهِمْ مُنْذُ فَارَقْتَهُمْ. زَادَ فِي رِوَايَةٍ: فَأَقُولُ: سُحْقًا، سُحْقًا. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай жеткізген: «Бірде Алла елшісі (с.а.с.) бізге уағыз айтып: “Уа, адамдар! Сендер Алланың алдына жалаңаяқ, жалаңаш әрі сүндеттелмеген күйде жиналасыңдар. ‘Жаратылыс атаулыны әу баста қалай (жоқтан) жаратқан болсақ, оларды (ақыреттегі мәңгілік өмір үшін) дәл солай қайтадан жаратамыз. Бұл Біздің мойнымызға алған уәдеміз. Біз уәдемізді міндетті түрде орындаймыз’1. Қиямет күні жаратылғандардың ішінде ең әуелі киіндірілетін – Ибраһим (а.с.). Үмбетімнен бір топ адам әкелініп, сол жаққа әкетіледі. Мен: ‘Уа, Раббым, бұлар менің серіктерім ғой!’ – деймін. Сонда маған: ‘Сен олардың өзіңнен кейін не істегенін білмейсің’, – делінеді. Мен ізгі құл Иса (а.с.) айтқандай: ‘Араларында жүргенімде, олардың жай-күйіне, жүріс-тұрысына өзім куә болдым. Ал Өзің жанымды алған сәттен бастап, оларға Өзің бақылаушы болдың. Шүбәсіз, Сен барлық нәрсеге куәсің. Егер оларды азаптаймын десең, шүбәсіз, олар Сенің құлдарың. Ал егер оларды кешірсең, Сен ұлысың, бәрінен үстемсің һәм (әр ісің мен әрбір үкіміңде талай хикмет болған) асқан даналық иесісің’2, – деймін. Сонда маған: ‘Сен олардан кеткеннен бері олар діннен тайған күйінен қайтпады’, – делінеді”, – деді».

Бір нұсқада: «Сонда мен: “Аулақ кетсін, аулақ кетсін!” – деймін», – деген сөз қосылған3.

Түсіндірме

1. Құртуби «хашр» сөзінің қолданысына сүйеніп, оны былай түсіндіреді (үзінді ықшамдалып берілді): «“Хашр” – жиналу. Оның төрт түрі бар. Екеуі осы дүниеде, екеуі ақыретте болады.

• Бірінші хашр «Хашр» сүресінің 2-аятында аталған: “Ол (сондай құдіреті күшті) Алла кітап иелерінен күпірлікте қасарысқандарды (осы дүниеде жазалау һәм Ислам орталығынан аластап) қуғын-сүргінге ұшырату үшін бірін қалдырмай бір араға жинап, (мықтап бекініп алған) мекендерінен шығарды”4.

• Екінші хашр – қияметтің бір белгісі. Бір риуаятта: تَخْرُجُ نَارٌ قَبْلَ يَوْمِ الْقِيَامَةِ مِنْ حَضْرَمَوْتَ فَتَسُوقُ النَّاسَ “Қияметтен бұрын Хадрамауттан от шығып, адамдарды айдайды”, – делінген.

Басқа риуаятта:

ذَلِكَ نَارٌ تَخْرُجُ مِنْ قَعْرِ عَدَنٍ تُرَحِّلُ النَّاسَ إِلَى الْمَحْشَرِ.

«Ол – Аденнің түкпірінен шығып, адамдарды жиналатын жерге көшіретін от».

Тағы бір риуаятта:

أَمَّا أَوَّلُ أَشْرَاطِ السَّاعَةِ فَنَارٌ تَحْشُرُ النَّاسَ مِنَ الْمَشْرِقِ إِلَى الْمَغْرِبِ.

«Қияметтің алғашқы белгісі – адамдарды шығыстан батысқа қарай айдап жинайтын от».

От жайындағы риуаяттардың баяндауындағы айырманы түсіндіру оңай емес. Ибн Хажар былай пайымдаған: «Әуелі Аден жақтан бір от шығып, кейін бүкіл жерге тарауы мүмкін. Хадистегі “адамдарды шығыстан батысқа қарай жинайды” деген сөз хашр бір өңірмен шектелмейтінін ұқтырады. Әуелі шығыс жұрты, кейін батыс жұрты жиналуы да мүмкін. Өйткені бүліктер шығыстан басталады».

• Үшінші хашр – өлгендердің қабірінен тіріліп шығып, мауқыф деп аталатын есеп алаңына жиналуы. Мына аятта сол жиналу айтылады: “...күллі адамзатты қайта тірілтіп, бірін қалдырмай ғарасат майданына жинаймыз”5.

• Төртінші хашр – адамдардың жәннатқа немесе тозаққа жиналуы».

Ибн Хажар алғашқы оқиғаға шариғаттағы жалпылама «хашр» атауын қолдануды орынсыз көреді. Оның айтуынша, бұл ұғым ешбір анықтауышсыз айтылса, қиямет күні барлық тіршілік иесінің жиналуы меңзеледі. Ал алғашқы оқиғаға ұқсас жер аударулар тарихта жиі болғанымен, олар хашр деп аталмаған. Мысалы, Ибн Зубәйр халифа болған тұста Омаядтар Мәдинадан Шамға жер аударылған.

2. Хадисте қиямет күні ең әуелі Ибраһимнің (а.с.) киіндірілетіні айтылған. Басқа риуаяттарға қарағанда, одан кейін Алла Елшісі (с.а.с.) киіндіріледі. Түсіндірмешілер бұл құрметті Ибраһимнің отқа тасталуымен немесе денесін шалбармен жапқан алғашқы адам болуымен байланыстырады. Олар бұл ерекшелік Ибраһимнің осы тұстағы артықшылығы екенін айтады.

3. Алла Елшісінен (с.а.с.) кейін діннен тайғандар жайында бірнеше түсіндірме бар.

1) Олар – екіжүзділер мен діннен шыққандар (мүртәдтер). Олар тірілгенде, маңдайы мен дәретте жуылатын мүшелері жарқырап тұрады. Алла Елшісі (с.а.с.) осы белгісіне қарап оларды шақырады. Сонда оған: «Олар сертінде тұрмады. Сенен кейін діннен тайды», – делінеді. Яғни олар мұсылман күйінде дүние салмаған.

2) Бұлар Алла Елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде мұсылман болып, кейін сенімінен бас тартқан адамдар болуы мүмкін. Дәрет нұры болмаса да, Алла Елшісі (с.а.с.) оларды көзі тірісінде мұсылман деп білгендіктен шақырады. Сонда оған: «Олар діннен тайды», – делінеді.

3) Бұл топқа тәухид сенімімен дүние салған ауыр күнә иелері мен адамды діннен шығармайтын бидғатқа барғандар жатуы мүмкін. Олардың маңдайы мен дәретте жуылатын мүшелерінде нұр болуы ықтимал. Олар Алла Елшісінің (с.а.с.) заманында да, одан кейін де өмір сүрген болуы мүмкін. Ол оларды белгілерінен таниды. Ибн Абдулбәрр дінге бидғат енгізгендер хауыздан аластатылады деп, харижиттерді, рафизилерді және өзі адасушы деп санаған өзге ағымдарды атайды. Ол залымдар, әділетсіздікте шектен шыққандар, ақиқатты жасырғандар мен ауыр күнә істегендер де хадисте ескертілген азапқа ұшырауы мүмкін екенін айтады.

4. Хадистегі ізгі құл – Иса пайғамбар (а.с.). Себебі келтірілген сөзді Құран Исаның Аллаға жалбарынуы ретінде баяндайды. Алла Елшісі (с.а.с.) үмбетінің күнәһарларын Исаның мейірімге толы сөзімен Алланың үкіміне қалдырған. Бұл тұста Нұхтың қауымына жаза сұрап, оларды жер бетінде қалдырмауды тілеген жолына6 жүгінбеген.

  1. 1«Әнбия» сүресі, 104-аят.
  2. 2«Мәида» сүресі, 117–118-аяттар.
  3. 3Бұхари, «Риқақ», № 6526. Мүслим, «Жәннат», № 2860. Тирмизи, «Тәпсір», № 3167. Нәсәи, «Жәнаиз», 4-том, 114-бет.
  4. 4«Хашр» сүресі, 2-аят.
  5. 5«Кәһф» сүресі, 47-аят.
  6. 6«Нұх» сүресі, 26-аят.