وَعَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «تُرِكْتُمْ عَلَى الْوَاضِحَةِ، لَيْلُهَا كَنَهَارِهَا. كُونُوا عَلَى دِينِ الْأَعْرَابِ وَالْغِلْمَانِ فِي الْكُتَّابِ».
Омар ибн Хаттаб (р.а.) былай деген: «Түні күндізіндей айқын жолда қалдырылдыңдар. Бәдәуилер мен мектептегі балалар секілді дінді ұстаныңдар»1.
Түсіндірме
Бұл сөзде діни үкімдерді бәдәуилер мен балалардай таза көңілмен қабылдап, айқын мағынасына сай амал ету меңзеледі. Алғашқы буыннан жеткен парыз, харам және сүннет үкімдерін сол қалпында ұстану керек. Астары бірден ашыла қоймайтын аяттарды өз бетінше жорып, адасқан пікірлерге еру адамды тығырыққа тіреуі мүмкін. Осы ойға орай «Қарт әйелдердің сенімін ұстаныңдар» деген сөз де айтылады. Әс-Сахауи бұл сөздің дәл осы қалыпта хадис ретінде негізі табылмағанын көрсеткен («Әл-Мақасидул-хасана»).
- 1Рәзин. Ибн әл-Асир, «Жамиғул-усул», 1/292 (№82). Мазмұндас мәрфуғ риуаятты Ахмад ибн Ханбал («Муснад», 4/126) мен Ибн Мәжә («Сүнән», «Муқаддима», 6, №43) жеткізген.