Хадис

Кутуб ситтә, № 57

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
8. Құран мен хадисті ұстану
Нөмірі
№ 57 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
57
Кутуб ситтә, № 57 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ أَبِي مُوسَى عَبْدِ اللَّهِ بْنِ قَيْسٍ الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ مَثَلَ مَا بَعَثَنِي اللَّهُ بِهِ مِنَ الْهُدَى وَالْعِلْمِ كَمَثَلِ غَيْثٍ أَصَابَ أَرْضًا، فَكَانَتْ مِنْهَا طَائِفَةٌ طَيِّبَةٌ قَبِلَتِ الْمَاءَ فَأَنْبَتَتِ الْكَلَأَ وَالْعُشْبَ الْكَثِيرَ، وَكَانَ مِنْهَا أَجَادِبُ أَمْسَكَتِ الْمَاءَ فَنَفَعَ اللَّهُ تَعَالَى بِهَا النَّاسَ، فَشَرِبُوا مِنْهَا وَسَقَوْا وَزَرَعُوا، وَأَصَابَ طَائِفَةً مِنْهَا أُخْرَى إِنَّمَا هِيَ قِيعَانٌ لَا تُمْسِكُ مَاءً وَلَا تُنْبِتُ كَلَأً، فَذَلِكَ مَثَلُ مَنْ فَقُهَ فِي دِينِ اللَّهِ تَعَالَى وَنَفَعَهُ مَا بَعَثَنِي اللَّهُ تَعَالَى بِهِ فَعَلِمَ وَعَلَّمَ، وَمَثَلُ مَنْ لَمْ يَرْفَعْ بِذَلِكَ رَأْسًا وَلَمْ يَقْبَلْ هُدَى اللَّهِ الَّذِي أُرْسِلْتُ بِهِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса Абдулла ибн Қайс әл-Ашғари (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алланың мен арқылы жіберген тура жолы мен ілімі жерге жауған жаңбыр іспетті. Жердің бір бөлігі құнарлы еді. Суды бойына сіңіріп, қалың шөп пен мол өсімдік өсірді. Енді бір бөлігі су сіңбейтін қатқақ жер еді. Ол жауын суын жинап қалды. Алла сол сумен жұртқа пайда берді. Адамдар одан су ішті, мал суарды, егін екті. Жауынның тағы бір бөлігі су тұрмайтын, шөп өспейтін тегіс тақырға жауды. Алланың дінін терең ұққан адам да осы секілді. Алланың мен арқылы жібергені оған пайда беріп, өзі үйренді, өзгеге үйретті. Ал бұған басын көтеріп те қарамаған әрі маған жүктелген тура жолды қабыл алмаған адамның мысалы – әлгі тақыр жер»1.

Түсіндірме

Құртуби бастаған ғұламалар бұл хадисті былай түсіндіреді: «Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) өзі жеткізген дінді адам зәру шағында жауған жаңбырға теңеген. Алла елшісі (с.а.с.) келмей тұрғанда жұрт шөл қысқан адамдай ол әкелген нұрға мұқтаж еді. Жауын қураған жерге жан бітіргендей, діни ілім де өлі жүректі тірілтеді. Алла елшісі (с.а.с.) ілімді естіген адамдарды жауын тиген әр алуан жерге ұқсатқан. Бір тобы ілімді меңгереді, соған сай амал етеді әрі өзгеге үйретеді. Бұлар суды бойына сіңіріп, өзі де нәр алатын, өсірген өсімдігімен өзгеге де пайда беретін құнарлы топырақ іспетті. Енді бір топ ілімді жиып, жадында сақтайды. Өздері білгенінің бәрімен амал етуге не жиған ілімінің байыбына баруға мұршалары жетпесе де, оны естіген күйінде өзгелерге жеткізеді. Бұлар жинаған суымен жұртқа пайдасы тиген жерге ұқсайды. Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзі осындай адамдарға қатысты: “Сөзімді естіп, естіген күйінде өзгеге жеткізген жанның жүзін Алла нұрландырсын…”

Үшінші топ ілімді жадында сақтамайды, соған сай амал етпейді, өзгеге де жеткізбейді. Бұлар суды бойына сіңірмейтін әрі түскен суды жарамсыз ететін тегіс сортаң жерге ұқсайды. Алғашқы екі топтың жұртқа пайдасы тиетіндіктен, Алла елшісі (с.а.с.) екеуін де үлгі еткен. Ал үшінші топ ілімнен өзі де пайда көрмеген, өзгеге де пайда тигізбеген. Сол себепті оның жайын бөлек айтқан».

Хадистен алынатын пайдалар:

- Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алладан келген тура жол мен ілімді нөсер жаңбырға теңеген. Жауын қураған жерді тірілткендей, тура жол мен ілім де адамды надандық пен ғапылдықтан арылтып, жүрегіне жан бітіреді. Ілімді меңгеріп, соған сай амал етіп, өзгеге үйреткен жан – шөбі шүйгін, топырағы құнарлы жер іспетті. Ілімді сақтап, өзгеге жеткізген жан – шөп шықпаса да, су жинап, адамдарға пайда тигізетін жер секілді. Ал ілімді қабылдамай, өзгеге де жеткізбеген адам су тұрмайтын, шөп өспейтін тақырға ұқсайды.

- Хадис ілім үйренуге, білгеніңе сай амал етуге және оны өзгеге үйретуге үндейді. Ілімге немқұрайды қараудан сақтандырады.

- Хадис ілімнен өзі де игілік көріп, өзгеге де пайдасын тигізген адамның артықшылығын көрсетеді.

- Пайғамбарымыз (с.а.с.) өнеге айтуда мысал келтірудің көркем үлгісін көрсеткен. Ұтымды мысал ойдың мәнін ашады, тыңдаушының назарын аударып, білімге ынтасын оятады. Сүннеттегі осындай мысалдар тәрбиеге берік негіз болады.

  1. 1Бұхари, «Ілім», 20 (№79). Мүслим, «Фадаил», 15 (№2282).