Хадис

Кутуб ситтә, № 5026

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
798. Алла Елшісінен кейін Қиямет жақын
Нөмірі
№ 5026 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
5026
Кутуб ситтә, № 5026 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ الْمُسْتَوْرِدِ بْنِ شَدَّادٍ الْفِهْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بُعِثْتُ فِي نَفَسِ السَّاعَةِ فَسَبَقْتُهَا كَمَا سَبَقَتْ هَذِهِ هَذِهِ، لِأُصْبُعَيْهِ السَّبَّابَةِ وَالْوُسْطَى. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұстаурид ибн Шаддад әл-Фиһри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мен Қияметке таяу уақытта жіберілдім. Мына саусақ ана саусақтан қаншалық озып тұрса, мен де Қияметтен соншалық озып келдім”, – деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсетті»1.

Түсіндірме

1. Қади Ияд хадис Қияметтің өте жақын екенін білдіреді деп түсіндірген.

2. Алла Елшісінің (с.а.с.) сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын қатар көрсетіп, «мына екеуіндей» деуі әртүрлі түсіндірілген.

• Ол екі саусақтың ұзындығын салыстырған. Ортаңғы саусақ сәл ұзын.

• Екі саусақтың арасында басқа саусақ жоқ. Сол секілді Мұхаммед (с.а.с.) пен Қияметтің арасында өзге пайғамбар болмайды.

• Екі саусақтың қатар тұруы Қияметтің таяғанын көрсетеді.

• Ортаңғы саусақтың сәл озыңқы тұруы Пайғамбардың (с.а.с.) келуі мен Қияметтің арасы қысқа екенін білдіреді.

• Екі саусақтың арасы ажырамағанындай, Алла Елшісінің (с.а.с.) үндеуі Қияметке дейін үзілмейді.

3. Құртуби «әт-Тәзкирада» былай дейді. «Хадистің мағынасы Қияметтің жақындығын білдіреді. Ол “Қияметтің қашан болатынын сұралған адам сұрағаннан артық білмейді” деген хадиске қайшы келмейді. Өйткені мұнда сұқ саусақ пен ортаңғы саусақтың арасында өзге саусақ болмағанындай, Алла Елшісі (с.а.с.) мен Қияметтің арасында басқа пайғамбар болмайтыны айтылған. Бұдан Қияметтің нақты уақыты белгілі деген мағына шықпайды. Оның таяғаны ғана аңғарылады. Белгілері аятта айтылғандай бірінен соң бірі келіп жатыр. “Олар Қияметтің аяқ астынан келуін ғана күте ме? Оның белгілері келіп те қойды. Қиямет келгенде, сол кезде еске алудың оларға не пайдасы бар?”»2. Даххак аятта айтылған белгілердің алғашқысы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) жіберілуі деп түсіндірген. Белгілердің ерте көрінуі жұртты ғапылдықтан оятып, тәубеге және ақыретке дайындалуға үндейді. Алла Елшісінің (с.а.с.) Қияметтің жақындығын жиі ескертуі де осы мақсатты көздеген.

  1. 1Тирмизи, «Фитән», 39, Жанан басылымында № 2214, «Дар әс-Сәләм» нөмірлеуінде № 2213.
  2. 2«Мұхаммед» сүресі, 18-аят.