وَعَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبِ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ: أَنَّ ابْنَ مُحَيِّصَةَ الْأَصْغَرَ أَصْبَحَ قَتِيلًا عَلَى أَبْوَابِ خَيْبَرَ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَقِمْ شَاهِدَيْنِ عَلَى مَنْ قَتَلَهُ أَدْفَعْهُ إِلَيْكُمْ بِرُمَّتِهِ. قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ؛ وَمِنْ أَيْنَ أُصِيبُ شَاهِدَيْنِ؟ وَإِنَّمَا أَصْبَحَ قَتِيلًا عَلَى أَبْوَابِهِمْ. قَالَ: فَتَحْلِفُ خَمْسِينَ قَسَامَةً. فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ وَكَيْفَ أَحْلِفُ عَلَى مَا لَا أَعْلَمُ؟ فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: فَنَسْتَحْلِفُ مِنْهُمْ خَمْسِينَ قَسَامَةً. فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ كَيْفَ نَسْتَحْلِفُهُمْ وَهُمُ الْيَهُودُ؟ فَقَسَمَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ دِيَتَهُ عَلَيْهِمْ وَأَعَانَهُمْ بِنِصْفِهَا. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.
Амр ибн Шұғайыб әкесінен, әкесі атасынан (р.а.) мына риуаятты жеткізеді: «Мухайисаның кіші ұлы Хайбар қақпасының алдынан өлі табылды. Алла елшісі (с.а.с.) Мухайисаға:
– Оны кім өлтіргенін білетін екі куәгер әкел. Сонда кінәліні байлаулы күйінде сендерге тапсырамын, – деді. Мухайиса:
– Уа, Алла елшісі, екі куәгерді қайдан табамыз? Ол солардың қақпасының алдында өлтірілген ғой, – деді.
– Олай болса, елу рет қасама антын бер, – деді Алла елшісі. Мухайиса:
– Уа, Алла елшісі, өзім білмейтін нәрсеге қалай ант беремін? – деді.
– Онда олардан елу қасама антын талап етеміз.
– Уа, Алла елшісі, олар яһуди ғой. Олардан қалай ант аламыз? – деді Мухайиса. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) диятты яһудилерге жүктеп, оның жартысын өтеуге өзі көмектесті»1.
Түсіндірме
1. Жоғарыдағы екі хадис бір оқиғаға қатысты. Сондықтан екеуіне ортақ түсіндірме беріп, мәнін ашуды қажет ететін бірнеше тұсқа тоқталамыз:
• «Руммә» – жіп. Хадисте бұл сөз қысасқа не өлім жазасына әкетілетін адамның қашып кетпеуі үшін оны байлаған жіпті білдіреді. Жаһилият дәуірінде бір кісі түйесін мойнындағы жібімен бірге сатпақ болады. Сатып алушы: «Түйені жібімен бер!» – дейді. Сатушы да: «Жібімен бердім!» – деп жауап қатады. Осылайша «жібімен бірге» деген بِرُمَّتِهِ тіркесі «түгел, тұтастай» деген мағынада қолданылатын тұрақты тіркеске айналған.
• Хадис қасама жасау үшін жәбірленуші тараптың оны талап етуі керектігін көрсетеді. Ғалымдар өзге шарттармен қатар қаза тапқанның адам болуын айтады. Жануарға қатысты қасама жасалмайды. Қаза тапқан адам мұсылман ба, зимми ме, азат па, құл ма, бала ма, әйел ме – бәріне бірдей қасама қолданылады. Қасамаға айып тағылған адам кінәсін мойындамаған кезде жүгінеді.
• Мәйіт жеке кісіге немесе белгілі бір ауылға не мекенге тиесілі жерден емес, жұртқа ортақ жерден табылса, қасама жасалмайды. Дият жәбірленуші тарапқа мемлекет қазынасынан төленеді.
• Қасаманың шариғатқа сай екеніне талас жоқ. Оны қолдану тәртібінде кейбір айырмашылықтар бар. Бұл мәселе фиқһ кітаптарында кеңінен тарқатылады.
Риуаяттарда қасама антын кім беретіні жөнінде айырмашылық бар. Имам Шафиғи мен Имам Мәлик бастаған ғалымдардың көпшілігі антты марқұмның мұрагерлері береді деп есептейді. Олардың пікірінше, мұрагерлер елу рет ант берсе, өз талабын қою құқығына ие болады.
Қасама бойынша қысас алмай, диятпен шектелу керек деген ғалымдар алдымен жауапкер тарапқа ант беруді ұсынады. Жауапкер ант бермесе, талапкер тарапқа ант бергізіледі.
• Имам Ағзам, Куфа ғалымдарының көбі және Суфиян әс-Сәуридің пікірінше, мәйіт бір ауылдан не елді мекеннен табылып, денесінде кісі қолынан өлгенінің ізі болса, қасама жасалады. Имам Мәлик, Имам Шафиғи, Имам Ахмад, Дәуіт әз-Заһири, Ләйс және бірқатар басқа ғалымдардың пікірінше, мәйіттің белгілі бір ру тұратын жерден, ауылдан не мешіттен табылуының өзі қасамаға жеткілікті негіз бола алмайды. Өйткені қылмысты басқа біреу жасап, сол жердің тұрғындарына жала жабу үшін мәйітті сонда тастаған болуы мүмкін.
Хадистен шығатын түйіндер
• Бұл хадис қасама жасалғанда қысас алынбай, тек дият төленеді деген пікірге дәлел.
• Дәрежелері тең болғанда, сөз жасы үлкенге беріледі.
• Қасама – шариғат мойындаған жол.
• Мұсылман емес адамның да, пасық адамның да анты есепке алынады.
• Адамның өзі қатыспаса да, оған қатысты үкім шығаруға болады. Қан дауына қатысты істе жауапкердің қатысуы шарт емес.
• Мұсылман мен мұсылман еместің арасындағы дау Ислам заңына сай шешіледі.
• Шындыққа жанасуы басым болжамға сүйеніп ант беруге болады.
• Қасама қолданылмаса, дият бәйтулмалдан, яғни мемлекет қазынасынан төленеді.
- 1Нәсәи, Қасама 4 (8/12, № 4720).