Хадис

№ 4979–4981 хадистер

Кутуб ситтә, 11-том, 781-тарау · 3 хадис · № 4979–4981

ХАЙУАН, ҚҰДЫҚ НЕМЕСЕ КЕН ОПЫРЫҒЫ СЕБЕБІНЕН ҚАЗА ТАБУ

Хадистер

4979
Кутуб ситтә, № 4979 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

عَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَعَفُّ النَّاسِ قِتْلَةً أَهْلُ الْإِيمَانِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жан алуға тура келгенде, адамдардың ең ұстамдысы – иман иелері”, – деді»1.

Түсіндірме

Хадисте адамға да, хайуанға да қатысты жан алуға тура келгенде, мейірім мен жанашырлық танытып, шектен шықпайтындар иман иелері екені айтылады. Құран мен сүннетте Алланың жаратылысына қалай қарау керектігі белгіленген. Мүміндер сол шектен аспайды, тыйым салынған әрекеттерге бармайды. Мәселен, дене мүшелерін кесіп, мертіктіруге, тірі жанды нысана етуге, отқа жағып өлтіруге, қинауға тыйым салынған. Бұл қағидаларды бүкіл адамзат ортақ құндылық санаса да, оларды толығымен ұстанатындар – иман иелері. Олар дүниедегінің бәрін Алланың жаратуы деп таниды, әр жаратылыстың адам алдындағы ақысы барын, әсіресе адам мен хайуанның ақысы басым екенін түсінеді. Сондықтан оларға мейіріммен, жанашырлықпен қарайды. Ал кәпірдің жаратылысқа құрметпен қарауына негіз болатын мұндай көзқарасы болмағандықтан, ол дүниеге тонап алатын олжадай қарайды. Хадис көзқарастағы осы айырманы білдіреді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жиһад», 120 (№ 2666). Ибн Мәжа, «Дият», 30 (№ 2681–2682).
4980
Кутуб ситтә, № 4980 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Абдулла ибн Зәйд әл-Ансари

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ زَيْدِ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنِ النُّهْبَى وَالْمُثْلَةِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Зәйд әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) өзгенің мал-мүлкін ашықтан-ашық тартып алуға және көз шығару, мұрын, ерін не құлақ кесу, қарын жару сияқты дене мүшелерін зақымдап қорлауға тыйым салды»1.

Түсіндірме

Хадистегі «нуһба» сөзі өзгенің мал-мүлкін иесінің еркінен тыс, ашықтан-ашық тартып алуды білдіреді. Пайғамбарымыз мұндай әрекетке тыйым салған. «Муслә» дегеніміз – адамның немесе жануардың тірісінде не өлгеннен кейін дене мүшелерін кесіп, қорлау. Дініміз мұндай әрекетке тыйым салған. Тіпті өлім жазасына кесілген адамды да осылай азаптап қорлауға болмайды.

  1. 1Бұхари, Мазалим 30 (2474), Зәбәих 25 (5516).
4981
Кутуб ситтә, № 4981 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ أَبِي فِرَاسٍ، أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُقِصُّ مِنْ نَفْسِهِ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Фирас әзірет Омардың (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) басқа біреуге өзінен қысас алуға мүмкіндік бергенін көрдім»1.

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) әділеттің маңызын көрсету үшін өзінен қысас алуға рұқсат берген. Әзірет Омар Алла елшісінің ара-тұра: «Кімнің менде ақысы болса, келіп алсын. Кімді жазықсыз ұрған болсам, ол да келіп мені ұрсын», – деген мағынада сөз айтқанын жеткізеді. Осы орайда Әбу Дәуіт Әбу Сағид әл-Худриден мына риуаятты келтіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) жұртқа үлес таратып жатты. Бір адам алға шығып, үстінен үңілді. Алла елшісі қолындағы құрма бұтағымен оны нұқып, кейін шегіндірмек болды. Бұтақ әлгі кісінің бетіне тиіп, қанатып жіберді. Сонда Алла елшісі: “Кел, менен қысасыңды ал!” – деді. Әлгі кісі: “Сізді кешірдім, уа, Алла елшісі”, – деп жауап берді».2

Әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омардың да жұртқа өздерінен қысас алуға мүмкіндік бергені туралы риуаяттар бар.

  1. 1Нәсәи, Қасама 23 (8/34, № 4777).
  2. 2Әбу Дәуіт, Дият 15 (4536).