Хадис

Кутуб ситтә, № 4976

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
778. ХАЙУАН, ҚҰДЫҚ НЕМЕСЕ КЕН ОПЫРЫҒЫ СЕБЕБІНЕН ҚАЗА ТАБУ
Нөмірі
№ 4976 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
4976
Кутуб ситтә, № 4976 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ الرُّبَيِّعَ عَمَّتَهُ كَسَرَتْ ثَنِيَّةَ جَارِيَةٍ، فَطَلَبُوا إِلَيْهَا الْعَفْوَ فَأَبَوْا. فَعَرَضُوا الْأَرْشَ فَأَبَوْا. فَأْتُوا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَبَوْا إِلَّا الْقِصَاصَ. فَأَمَرَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْقِصَاصِ. فَقَالَ أَنَسُ بْنُ النَّضْرِ: أَتُكْسَرُ ثَنِيَّةُ الرُّبَيِّعِ؟ لَا؛ وَالَّذِي بَعَثَكَ بِالْحَقِّ لَا تُكْسَرُ ثَنِيَّتُهَا. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا أَنَسُ، كِتَابُ اللَّهِ الْقِصَاصُ. فَرَضِيَ الْقَوْمُ فَعَفَوْا. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ مِنْ عِبَادِ اللَّهِ مَنْ لَوْ أَقْسَمَ عَلَى اللَّهِ لَأَبَرَّهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Әкеммен бір туған Рубайиғ бір жас қыздың алдыңғы тісін сындырыпты. Рубайиғтың жақындары қыздың жақындарынан кешірім сұрады, олар келіспеді. Құн ұсынды, оны да қабылдамады. Содан Алла елшісіне (с.а.с.) келді. Қыздың жақындары қысас талап етіп тұрып алды. Алла елшісі қысас жасауға бұйрық берді.

Әнәс ибн ән-Надр: “Рубайиғтың тісі сындырыла ма? Сені ақиқатпен жіберген Алланың атымен ант етейін, оның тісі сындырылмайды!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Әнәс! Қысас – Алланың кітабындағы үкім”, – деді. Содан кейін қыздың жақындары келісім беріп, Рубайиғты кешірді.

Алла елшісі (с.а.с.): “Алланың кейбір құлдары Алланың атымен ант етсе, Алла сол антын жүзеге асырады”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадистен мынадай тұжырымдар жасауға болады.

• Адам болады деп ойлаған ісіне ант ете алады. Бүлік тумайтынына көз жетсе, сол тілегі орындалған адамды мақтауға да болады.

• Қысас кешірілуі үшін араша түсу – мұстахаб.

• Қысастан бас тартып, кінәліні кешіру де мұстахаб.

• Қысас пен құнның бірін таңдау құқығы құн төлейтін адамға емес, жәбір көрген тарапқа тиесілі.

• Тіс сындыру және жарақаттау істерінде әйелдер арасында да қысас жасалады.

• Құн төлеу мәселесінде бітімге келуге болады. Тісі сынған адам қысас талап етуге құқылы. Сынған бөліктің көлемін анықтап, кінәлінің тісінен дәл сондай бөлікті алуға мүмкіндік болса ғана қысас жасалады. Алла елшісі (с.а.с.) Әнәс ибн ән-Надрды мақтап, Алланың алдында анты орындалып, ұятқа қалмайтындай дәрежесі барын білдірді. Алла тағала тісі сынған қыздың жақындарының жүрегіне бітімге келу ойын салды. Олардың бітімге келіп, қысастан бас тартуы Алланың рақымы еді. Оған Әнәс ибн ән-Надрдың анты себеп болды.

  1. 1Бұхари, «Дият», 19, «Сулх», 8, «Тәпсір», «Бақара», 23, «Мәида», 6. Мүслим, «Қасама», 24 (№ 1675). Әбу Дәуіт, «Дият», 39 (№ 4595). Нәсәи, «Қасама», 16 (8-том, 27-б.).