عَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ تَطَبَّبَ، وَلَا يُعْلَمُ مِنْهُ طَبٌّ، فَهُوَ ضَامِنٌ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.
Амр ибн Шуғайб әкесінен, әкесі атасынан жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Кім дәрігерлік білімі бар екені белгілі болмай тұрып емшілікпен айналысса, келтірген зиянын өтейді»1.
Түсіндірме
Дәрігерлік ілімді меңгермей тұрып адам емдеуге тыйым салынған. Хадиске сәйкес, мұндай іске барған адам келтірген зиянына жауап береді. Науқас сол емнен қаза тапса, құн төлеу оның ақиласына жүктеледі.
Хаттаби осылайша науқасты өлтірген адамның құн төлеуге міндетті екеніне қарсы пікір айтқан фақиһты білмейтінін айтады. «Науқас емге өзі келісім бергендіктен, қысас жасалмайды», – деп түсіндіреді. Оның айтуынша, емшінің кесірінен адам қаза тапса, құнды емшінің ақиласы төлейді дегенге фақиһтардың бәрі келіскен.
- 1Әбу Дәуіт, «Дият», 25 (№ 4586). Нәсәи, «Қасама», 38 (8-том, 52–53-б.). Ибн Мәжа, «Тибб», 16 (№ 3466).