Хадис

Ауыр затпен кісі өлтірудің үкімі

Кутуб ситтә, 11-том, 776-тарау · 1 хадис · № 4972

ҚЫСАС БӨЛІМІ

Хадистер

4972
Кутуб ситтә, № 4972 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ يَهُودِيًّا قَتَلَ جَارِيَةً عَلَى أَوْضَاحٍ لَهَا بِحَجَرٍ. فَجِيءَ بِهَا إِلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَبِهَا رَمَقٌ. قِيلَ لَهَا: أَقَتَلَكِ فُلَانٌ؟ فَأَشَارَتْ بِرَأْسِهَا أَنْ لَا. ثُمَّ قِيلَ لَهَا، أَقَتَلَكِ فُلَانٌ؟ فَأَشَارَتْ بِرَأْسِهَا أَنْ لَا. ثُمَّ سَأَلَهَا الثَّالِثَةَ فَقَالَتْ: نَعَمْ؛ وَأَشَارَتْ بِرَأْسِهَا، فَقَتَلَهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِحَجَرَيْنِ رَضَخَ رَأْسَهُ بَيْنَهُمَا. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бір яһуди күңнің күміс әшекейлерін иемдену үшін оны таспен ұрып өлтірген. Күңді Алла елшісіне (с.а.с.) әкелгенде, жаны әлі шықпаған еді. Бірнеше адамның атын атап: “Сені пәленше өлтірді ме?” – деп сұрады. Ол басын шайқады. Басқа біреудің атын атап сұрағанда да басын шайқады. Үшінші адамның аты аталғанда, басын изеді.

Алла елшісі (с.а.с.) әлгі адамды ұстатты. Ол қылмысын мойындады. Сонда оның басын екі тастың арасына салып өлтірді»1.

Түсіндірме

Ғалымдар бұл хадистен мынадай үкімдер шығарған.

• Әйелді өлтірген ер адамға өлім жазасы беріледі. Бұл мәселеде ғалымдар бірауыздан келіскен.

• Қасақана кісі өлтірген адамға қысас жасалады. Қысас кінәлінің кісі өлтірген тәсілімен орындалады. Қылыш қолданса, қылышпен, тас, таяқ не басқа зат қолданса, сол затпен жаза орындалады. Хадисте яһуди күңнің басын таспен езіп өлтіргендіктен, өзіне де сол жаза қолданылған. Имам Шафиғи, Имам Мәлик, Ахмад және ғалымдардың көпшілігі қысас тек өткір құралмен өлтірген адамға ғана емес, ауыр затпен ұрып өлтірген адамға да жасалады деген.

Әбу Ханифа темірден, тастан не ағаштан жасалған өткір құралмен, кісі өлтіруге қолданылатын тас атқышпен немесе отқа тастау арқылы өлтірген адамға қысас жасалатынын айтқан. Өзге құралмен өлтірген адамға, оның пікірінше, қысас жасалмайды.

  1. 1Бұхари, «Дият», 4, 5, 7, 12, 13, «Хусумат», 1, «Уасая», 5. Мүслим, «Қасама», 15 (№ 1672). Әбу Дәуіт, «Дият», 10 (№ 4527–4529), 14 (№ 4538). Тирмизи, «Дият», 6 (№ 1394). Нәсәи, «Қасама», 11 (8-том, 22-б.).