Хадис

Зина жасағанын дәлелдемей кісі өлтіру

Кутуб ситтә, 11-том, 775-тарау · 1 хадис · № 4971

ҚЫСАС БӨЛІМІ

Хадистер

4971
Кутуб ситтә, № 4971 · тараудағы реті: 1

عَنْ سَعِيدِ بْنِ الْمُسَيَّبِ: أَنَّ رَجُلًا مِنْ أَهْلِ الشَّامِ وَجَدَ رَجُلًا مَعَ امْرَأَتِهِ فَقَتَلَهُ وَقَتَلَهَا، فَأَشْكَلَ عَلَى مُعَاوِيَةَ الْحُكْمُ فِيهِ فَكَتَبَ إِلَى أَبِي مُوسَى لِيَسْأَلَ لَهُ عَلِيَّ بْنَ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ. فَقَالَ لَهُ عَلِيُّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: هَذَا شَيْءٌ مَا وَقَعَ بِأَرْضِي، عَزَمْتُ عَلَيْكَ لَتُخْبِرَنِّي. فَقَالَ لَهُ أَبُو مُوسَى: إِنَّ مُعَاوِيَةَ كَتَبَ إِلَيَّ بِهِ أَنْ أَسْأَلَكَ فِيهِ فَقَالَ عَلِيُّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَا أَبُو حَسَنٍ، إِنْ لَمْ يَأْتِ بِأَرْبَعَةِ شُهَدَاءَ فَلْيُعْطَ بِرُمَّتِهِ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мүсәйяб былай дейді: «Шам өлкесіндегі бір кісі әйелінің қасынан өзге ер адамды ұстап алып, екеуін де өлтірді. Мұғауия (р.а.) кінәліге қандай үкім берерін білмей, Әли ибн Әбу Талибтен сұрасын деп Әбу Мұсаға (р.а.) хат жазды.

Әзірет Әли (р.а.): “Бұл – біздің өлкеде бұрын болмаған оқиға. Үкімін өзіңіз айтқаныңызды қалар едім”, – деді. Әбу Мұса: “Бұл мәселені сізден сұрауымды Мұғауия хатында тапсырған”, – деді. Әзірет Әли: “Мен Әбул-Хасанмын! Кісі өлтірген адам төрт куәгер әкелмесе, байланған күйінде өлгендердің жақындарына тапсырылады”, – деп үкім берді»1.

Түсіндірме

1. Бұл оқиғадан Исламдағы маңызды қағида көрінеді. Дәлелсіз айып қабылданбайды. Жәбірленуші қазыға шағымданып, дәлелін ұсынады. Қазы істің мән-жайын тексеріп, айып дәлелденсе ғана үкім шығарады.

Хадистегі кісі олай істемеді. Өзі көргеніне сүйеніп, екі адамды өз бетінше өлімге кесіп, үкімін өзі орындады. Мұндай төрелікке рұқсат берілсе, оны теріс пайдаланушылар көп болар еді.

Әзірет Әлидің «Кінәліні байлаған жіп өлгендердің жақындарына беріледі» деген үкімі қысасқа қатысты. Мұндай жағдайда кінәліні байлап, жіптің ұшын соларға ұстатады. Олар кінәліні кешіруге, қысас талап етуге немесе құн алуға құқылы.

Ибн Абдулбәрр былай дейді: «Фақиһтар зина жасаған адамды куәгерсіз өлтірген кісіге қысас жасалады деп үкім берген. Алла тағала мұсылмандардың қанын харам еткен. Кім мұсылманды өлтіріп, “Оны өлтіру уәжіп еді” десе, сөзін дәлелдегенде ғана қысастан құтылады. Дәлелдей алмаса, оған қысас жасалады». Ибн Абдулбәрр өзге дауларда да талап қоюшы өз ақысын дәлелдеу үшін айғақ келтіруге тиіс екенін айтады. Абдурраззақтың риуаятында бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.): «Кісі әйелінің қасынан бір ер адамды ұстап алса, оны өлтіре ала ма?» – деп сұраған. Алла елшісі: «Алла Құранда атаған айғақты, яғни төрт ер куәгерді таппайынша, өлтіре алмайды», – деп жауап берген.

Қызғаншақтығымен белгілі Сағд ибн Убаданың осы мәселеге қатысты сұрағы да кең тараған. Ол Алла елшісінен (с.а.с.): «Әйелімнің қасынан бір ер адамды ұстап алсам, төрт куәгер әкелгенше тиіспей күтуім керек пе?» – деп сұрайды. Алла елшісі: «Иә», – деп жауап береді.

2. Хадистен мынадай үкімдер шығады.

• Билеуші болмаған жерде хад жазасы орындалмайды.

• Куәгерлерсіз қылмыс дәлелденбейді.

• Жалаң айыппен қан төгуге болмайды. Қан төккен адамның өзі қылмыскер саналады. 3. Әзірет Мұғауия араларындағы келіспеушілікке байланысты бұл мәселені әзірет Әлиден (р.а.) тікелей сұрамаған. Алайда саяси араздық Мұғауияның Әлидің фиқһ ілімін, білімін және зердесін мойындауына кедергі болмаған. Алла екеуіне де разы болсын.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Ақдия», 18 (2-том, 737-б.).