وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ يَهُودِيَّةً كَانَتْ تَشْتِمُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَتَقَعُ فِيهِ فَخَنَقَهَا رَجُلٌ حَتَّى مَاتَتْ. فَأَبْطَلَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ دَمَهَا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әзірет Әли (р.а.) былай дейді: «Бір яһуди әйел Алла елшісіне (с.а.с.) тіл тигізіп, балағаттайтын. Бір кісі оны буындырып өлтірді. Алла елшісі (с.а.с.) әйелдің қаны үшін өтем талап етілмейді деп үкім берді»1.
Түсіндірме
Хадис Алла елшісіне (с.а.с.) тіл тигізген адамға өлім жазасы беріледі деген пікірге дәлел ретінде келтірілген. Ибн әл-Мүнзир бұл үкімді ғалымдар бірауыздан қолдағанын жеткізеді. Хаттаби: «Егер ол мұсылман болса, оған өлім жазасы берілуі уәжіп дегенге қарсы шыққан ғалымды білмеймін», – деген. Ибн Баттал ғалымдардың бұл мәселеде әртүрлі пікірде болғанын айтып, сөзін былай жалғайды: «Бұл адам яһуди сияқты Ислам елінде тұруға рұқсат алған зымми болса, Ибн әл-Қасымның Мәликтен жеткізуінше, Алла елшісіне тіл тигізген мұсылман емес адамға өлім жазасы беріледі. Тіл тигізген адам мұсылман болса, тәубеге шақырылмастан өлім жазасына кесіледі». Ибн әл-Мүнзир Ләйс, Шафиғи, Ахмад пен Исхақтың яһудилер және басқа діндегілер туралы осыған ұқсас пікірін жеткізген. Әузағи мен Мәликтен мұсылманға қатысты «Бұл – діннен шығудың бір түрі, оған тәубе ету ұсынылады» деген пікір жеткен. Куфалық ғалымдардың пікірінше, тіл тигізген зымми кешіріледі, ал мұсылманның бұл ісі діннен шығу болып саналады.
Қази Ияздың айтуынша, ғалымдар Алла елшісіне (с.а.с.) тіл тигізген зыммидің неліктен жазаланбағанын талқылаған. Кейбірі оның сөзі анық дәлелденбеген дейді, кейбірі мұны жүрегін жібіту мақсатымен түсіндіреді. Ол сөзін былай жалғайды: «Кейбір мәлики ғалымдары: “Алла елшісі өзіне ‘Саған өлім болсын!’ деген яһудилерді өлтірмеді. Өйткені олардың бұл сөзді айтқанына дәлел келтірілмеді, өздері де мойындамады”, – деген». Басқа ғалымдар олардың сөзін ашық балағаттау деп түсінбеген. Бұл пікір бойынша, олар сәлемдескенде сөзді бұрмалап, өлім тілеуді меңзеген. Сондықтан оларға «Саған да» деп жауап беріледі.
- 1Әбу Дәуіт, «Худуд», 2 (№ 4362).