Хадис

Кутуб ситтә, № 4963

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
772. Кәпірді өлтірген мұсылманға қысас жасау
Нөмірі
№ 4963 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4963
Кутуб ситтә, № 4963 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Жухайфа

وَعَنْ أَبِي جُحَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ لِعَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ. هَلْ عِنْدَكُمْ مِنْ سَوْدَاءَ فِي بَيْضَاءَ لَيْسَ فِي كِتَابِ اللَّهِ؟ قَالَ: لَا، وَالَّذِي فَلَقَ الْحَبَّةَ وَبَرَأَ النَّسَمَةَ مَا عَلِمْتُهُ إِلَّا فَهْمًا يُعْطِيهِ اللَّهُ رَجُلًا فِي الْقُرْآنِ، وَمَا فِي هَذِهِ الصَّحِيفَةِ. قُلْتُ: وَمَا فِي هَذِهِ الصَّحِيفَةِ؟ قَالَ: الْعَقْلُ وَفِكَاكُ الْأَسِيرِ، وَأَنْ لَا يُقْتَلَ مُسْلِمٌ بِكَافِرٍ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Жуһайфа (р.а.) былай дейді: «Әзірет Әлиден (р.а.): “Уа, мүміндердің әміршісі! Қолдарыңызда Құранда жоқ жазба бар ма?” – деп сұрадым. Ол: “Жоқ. Дәнді жарып, адамды жаратқан Алланың атымен ант етемін. Құранды түсіну үшін Алланың адамға берген зердесі және мына парақтағы жазу ғана бар”, – деді. “Ол парақта не жазылған?” – деп сұрадым. Ол: “Құнға қатысты үкімдер, тұтқындарды азат ету және кәпірді өлтіргені үшін мұсылманның өлтірілмейтіні”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

1. Әл-Қазидың айтуынша, бұл сұрақ әзірет Әлиге шииттердің бір мәлімдемесіне байланысты қойылған. Олар Алла елшісі (с.а.с.) Әһлі бәйтке, әсіресе әзірет Әлиге, басқаларға айтпаған уахиды жеке үйреткен деп есептеген.

Осы пікір тарағандықтан, әзірет Әлиге Әбу Жуһайфа Уәһб ибн Абдулла әл-Амириден бөлек Қайс ибн Убад пен әл-Әштәр ән-Нәһәи де осы сұрақты қойған. Құраннан бөлек арнайы уахи мәтіні болмағанын әзірет Әлидің өз аузынан естігенін басқа кісілер де жеткізген. Мәселен, Тарық ибн Шиһаб: «Әзірет Әлидің мінберде тұрып: “Алламен ант етейін, қолымызда сендерге оқып беретін Алланың кітабы мен мына парақтан өзге жазба жоқ”, – дегенін естідім», – дейді.

2. Риуаят жолдарына қарай әзірет Әлидің жауабы және парақтың мазмұны әртүрлі берілген. Нәсәидің бір нұсқасы төменде келеді. Бұхари мен Мүслимнің бір риуаятында «Мәдина – қасиетті аймақ» деген үкім бар. Мүслимнің бір риуаятында «Алла Өзінен басқаның атын атап мал бауыздаған адамды лағынеттеді» делінген. Ахмад ибн Ханбалдың нұсқасында садақаны бөлу тәртібі аталады. Ибн Хажар бұлардың бәрі сол парақта болғанын, әр жеткізуші есінде қалғанын риуаят еткенін айтып, нұсқалардың арасында қайшылық жоқ екенін көрсеткен.

3. Хадистегі «сахифа» сөзі «жазуы бар парақ» дегенді білдіреді.

4. «Ғақл» бұл жерде «құн» мағынасында қолданылған. Құнға берілген түйелерді өлтірілген адамның ауласында арқанмен байлап қойғандықтан, құн да «ғақл» аталған.

«Ғақл» сөзінің бұл қолданыстағы түпкі мағынасы – арқан. Ибн Мәжаның риуаятында оның орнына «дият» сөзі келген. Демек, парақта құнның түрі, мөлшері, төлеу тәртібі сияқты үкімдер жазылған болса керек.

5. Хадисте кәпірді өлтірген мұсылманға қысас жасалмайтыны айтылған. Бұл мәселеде фақиһтар әртүрлі пікір білдірген. Ибн Хажар мына пікірлерді келтіреді.

• Имам Шафиғи, Имам Мәлик пен Ахмад ибн Ханбал бастаған ғалымдардың көпшілігі осы хадиске сүйеніп, кәпірді өлтіргені үшін мұсылманға өлім жазасы кесілмейді деген. Алайда Имам Мәлик қарақшылар мен соларға ұқсас адамдар туралы «Қастандықпен өлтірген кісі, өлген адам зымми болса да, өлім жазасына кесіледі» деген.

• Ханафи ғалымдарының пікірінше, мұсылман зыммиді жазықсыз өлтірсе, оған қысас жасалады. Уақытша амандық кепілдігі берілген адам үшін бұл жаза қолданылмайды.

• Шағби мен ән-Нәһәидің пікірінше, христиан не яһудиді өлтірген мұсылманға қысас жасалады, ал мәжусиді өлтіргені үшін өлім жазасы кесілмейді.

Тақырыпты созбау үшін бұл мәселедегі өзге пікірлер мен дәлелдерге тоқталмаймыз.

  1. 1Бұхари, «Дият», 31, «Илім», 39, «Жиһад», 171. Тирмизи, «Дият», 16 (№ 1412). Нәсәи, «Қасама», 12 (8-том, 23-б.).