Хадис

Абайсызда кісі өлтіру

Кутуб ситтә, 11-том, 769-тарау · 3 хадис · № 4954–4956

ҚЫСАС БӨЛІМІ

Хадистер

4954
Кутуб ситтә, № 4954 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ قُتِلَ فِي عِمِّيَّا أَوْ رَمْيًا يَكُونُ بَيْنَهُمْ بِحَجَرٍ أَوْ بِسَوْطٍ أَوْ ضَرْبٍ بِالْعَصَا فَهُوَ خَطَأٌ وَعَقْلُهُ عَقْلُ الْخَطَإِ، وَمَنْ قُتِلَ عَمْدًا فَهُوَ قَوَدٌ، وَمَنْ حَالَ دُونَهُ فَعَلَيْهِ لَعْنَةُ اللَّهِ وَغَضَبُهُ، وَلَا يُقْبَلُ مِنْهُ صَرْفٌ وَلَا عَدْلٌ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Тас атысып, қамшы не таяқ сілтескен жанжалда кім өлтіргені белгісіз бір кісі қаза тапса, ол абайсызда өлтірілген болып есептеледі. Құны да абайсызда кісі өлтіргендегі мөлшермен төленеді. Кісі қасақана өлтірілсе, қысас жасалады. Кім соған кедергі келтірсе, оған Алланың лағынеті мен қаһары жаусын. Оның парыз амалы да, нәпіл амалы да қабыл етілмейді”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Екі тарап тас атысып, таяқ не қамшы жұмсаған жанжалда бір адам қаза тауып, оны кімнің, қалай өлтіргені белгісіз қалса, осы хадиске сәйкес бұл абайсызда кісі өлтіру деп есептеледі.

Ғалымдар мұндай жағдайда құнды кім төлейтіні жөнінде әртүрлі пікір айтқан.

• Имам Мәлик: «Марқұммен жанжалдасқандар төлейді», – деген.

• Ахмад ибн Ханбал: «Құнды жанжалдасқан адамдардың ақиласы, яғни құн төлеуге міндетті туыстары өтейді. Белгілі бір адамға кінә тағылса, қасамаға жүгінеді», – деген. Исхақ та осы пікірді ұстанған.

• Ибн Әбу Ләйла мен Әбу Юсуф: «Құнды жанжалдасқан екі жақтың ақиласы бірге өтейді», – деген.

• Әузағи: «Құнды жанжалдасқан екі тарап өтейді. Екі тараптан тыс куәгерлер белгілі бір адамның өлтіргенін дәлелдесе, сол адамға қысас жасалады», – деген.

• Шафиғи: «Мына адам немесе мына топ өлтірді деген талап қойылса, қасама жасалады. Мұндай талап қойылмаса, құн да төленбейді, қысас та жасалмайды», – деген.

• Әбу Ханифа: «Өлтірілген адамның жақындары басқа біреуге кінә тақпаса, құн төлеу мәйіт табылған тайпаның ақиласына жүктеледі», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Дият», 17 (№ 4539–4540), 28 (№ 4591). Нәсәи, «Қасама», 29 (8-том, 40-б.).
4955
Кутуб ситтә, № 4955 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Уаил ибн Хужр

وَعَنْ وَائِلِ بْنِ حَجَرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ رَجُلٌ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُودُ آخَرَ بِنِسْعَةٍ. فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، هَذَا قَتَلَ أَخِي. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَقَتَلْتَهُ؟ فَقَالَ: إِنَّهُ لَوْ لَمْ يَعْتَرِفْ أَقَمْتُ عَلَيْهِ الْبَيِّنَةَ. فَقَالَ: نَعَمْ، قَتَلْتُهُ. قَالَ: كَيْفَ قَتَلْتَهُ؟ قَالَ: كُنْتُ أَنَا وَهُوَ نَخْتَبِطُ مِنْ شَجَرَةٍ فَسَبَّنِي وَأَغْضَبَنِي فَضَرَبْتُهُ بِالْفَأْسِ عَلَى قَرْنِهِ فَقَتَلْتُهُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي. وَزَادَ أَبُو دَاوُدَ: «وَلَمْ أُرِدْ قَتْلَهُ. فَقَالَ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: هَلْ لَكَ مِنْ شَيْءٍ تُؤَدِّيهِ عَنْ نَفْسِكَ؟ قَالَ: مَا لِي مِنْ مَالٍ إِلَّا كِسَائِي وَفَأْسِي. فَقَالَ: أَتَرَى قَوْمَكَ يَشْتَرُونَكَ؟ قَالَ: أَنَا أَهْوَنُ عَلَى قَوْمِي مِنْ ذَلِكَ. فَرَمَى إِلَيْهِ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِنِسْعَتِهِ وَقَالَ: دُونَكَ صَاحِبَكَ، فَانْطَلَقَ بِهِ الرَّجُلُ، فَلَمَّا وَلَّى قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنْ قَتَلَهُ فَهُوَ مِثْلُهُ. فَرَجَعَ إِلَيْهِ، فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، بَلَغَنِي أَنَّكَ قُلْتَ إِنْ قَتَلَهُ فَهُوَ مِثْلُهُ، وَمَا أَخَذْتُهُ إِلَّا بِأَمْرِكَ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَمَا تُرِيدُ أَنْ يَبُوءَ بِإِثْمِهِ وَإِثْمِ صَاحِبِكَ؟ قَالَ: بَلَى، يَا نَبِيَّ اللَّهِ. قَالَ: فَإِنَّ ذَلِكَ كَذَلِكَ. قَالَ: فَرَمَى بِنِسْعَتِهِ وَخَلَّى سَبِيلَهُ».

Қазақша аудармасы

Уаил ибн Хужр (р.а.) былай дейді: «Бір кісі біреуді қайыспен байлап, Алла елшісіне (с.а.с.) әкелді де: “Уа, Алла елшісі! Мына адам менің бауырымды өлтірді”, – деді. Алла елшісі байлаулы адамнан: “Оның бауырын өлтірдің бе?” – деп сұрады. Оны әкелген кісі: “Өзі мойындамаса, айғақ келтіремін”, – деді. Сонда әлгі адам: “Иә, оның бауырын мен өлтірдім”, – деп мойындады. Пайғамбарымыз: “Қалай өлтірдің?” – деп сұрады. Ол: “Екеуміз бір ағаштың жапырағын қағып түсіріп жатқанбыз. Ол мені балағаттап, ашуымды келтірді. Содан балтамен басынан ұрып өлтірдім”, – деді»1.

Әбу Дәуіттің нұсқасында әлгі адамның «Оны өлтірейін деген ойым болмаған еді» деген сөзі бар. Алла елшісі (с.а.с.): «Құн төлеуге жарайтын дүниең бар ма?» – деп сұрады. Ол: «Үстімдегі киімім мен балтамнан басқа ештеңем жоқ», – деді. Алла елшісі: «Қауымың құныңды төлей ме, қалай ойлайсың?» – деді. Ол: «Олар мені құнымды төлейтіндей қадірлемейді», – деп жауап берді. Сонда Алла елшісі байлаған қайыстың ұшын әлгі кісінің қолына тастап: «Адамыңды ал», – деді. Ол байлаулы адамды ертіп кетті. Екеуі кете бергенде, Пайғамбарымыз: «Егер оны өлтірсе, өзі де соның біріндей болады», – деді. Бауыры өлген кісі қайта келіп: «Уа, Алла елшісі! “Егер оны өлтірсе, өзі де соның біріндей болады” дегеніңізді естідім. Оны сіздің бұйрығыңызбен алып кеткен едім», – деді. Алла елшісі: «Оның өз күнәсі мен өлтірген бауырыңның күнәсін арқалап қайтқанын қаламайсың ба?» – деді. Ол: «Иә, уа, Алла елшісі», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Солай болады», – деді. Сонда әлгі кісі қайысты тастап, байлаулы адамды босатты2.

Түсіндірме

1. Хадистегі «нисға» сөзі теріден өрілген жіпті білдіреді. Қазақша оны «қайыс» деп бердік.

2. Әбу Дәуіт хадисті бірнеше жолмен жеткізген. Нұсқалардың бірінде Алла елшісі (с.а.с.) өлген адамның уәлиінен кінәліні кешіруді сұрайды. Ол көнбейді. Құн алуды ұсынғанда да көнбейді. Төртінші рет тіл қатқанда Пайғамбарымыз: «Егер оны кешірсең, ол өз күнәсі мен өлтірген адамның күнәсін арқалап кетеді», – дейді. Осыдан кейін уәли кінәліні кешіріп, босатады. Риуаятты жеткізуші: «Оның жібін сүйретіп бара жатқанын көрдім», – деген.

3. Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) адамның жанын қиюға жол бермеуге барынша тырысқаны көрінеді.

4. Синди былай түсіндіреді: «Кісі өлтірген адам бұрынғы күнәларымен бірге өзі өлтірген адамның қанын да мойнына алып кетеді. Ал өлтірілген адамның қылмысына қарай жаза қолданылған болса, осы өлімі оның сол күнәсіне кәффарат болады».

Нәуәуи былай дейді: «Кісі өлтірген адам марқұмның күнәсін арқалайды. Оның уәлиінің де күнәсін арқалайды, өйткені бауырын өлтіріп, оған да зиян тигізді. Мұны былай да түсінуге болады: “Кінәліні кешіру өзіңнің және қаза тапқан бауырыңның осыған дейінгі күнәларының кешірілуіне себеп болады”. Оқиғадан кейін істелген күнәлар кінәлінің мойнына жүктелмейді, кешірім кейінгі күнәларды өтемейді. Сонда “сенің және бауырыңның күнәсін арқалайды” деген сөз екеуіңнің осы күнге дейінгі күнәларыңның кешірілуін білдіреді».

5. Ғалымдар «Егер оны өлтірсе, өзі де соның біріндей болады» деген сөзді екі түрлі түсіндірген.

1) Өлім абайсызда болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.а.с.) кінәліні уәлидің өлтіргенін жөн көрмеген. Өйткені мұндай жағдайда қысастың заңдылығы күмәнді.

2) Бауырының өліміне кінәлі адамды өлтірсе, уәлидің де қолы қанға былғанады. Күмәнді қысас үшін ол да бір адамның қанын мойнына алады.

6. Хаттаби хадистен мынадай үкімдер шығарған.

• Уәли қысас пен құнның бірін таңдауға құқылы.

• Абайсызда кісі өлтірген адамға қысас жасалмайды, құн төленеді.

• Қысас белгіленгеннен кейін де имам өлген адамның уәлиінен кінәліні кешіруді сұрап, оған араша түсе алады.

• Кінәлінің қашып кету қаупі болса, оны байлауға болады.

• Оны жіппен, баумен не қайыспен байлауға рұқсат.

• Кінәлі кешірілгеннен кейін оған жаза тағайындалмайды. Имам Мәлик, алайда, «Кешірілгеннен кейін оған жүз дүре соғылады», – деген.

  1. 1Мүслим, «Қасама», 32 (№ 1680). Әбу Дәуіт, «Дият», 3 (№ 4499–4501). Нәсәи, «Қасама», 5 (8-том, 13–18-б.).
  2. 2Мүслим, «Қасама», 32 (№ 1680). Әбу Дәуіт, «Дият», 3 (№ 4499–4501). Нәсәи, «Қасама», 5 (8-том, 13–18-б.).
4956
Кутуб ситтә, № 4956 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَتَلَ رَجُلٌ رَجُلًا عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَرُفِعَ إِلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَدَفَعَهُ إِلَى وَلِيِّ الْمَقْتُولِ. فَقَالَ الْقَاتِلُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَاللَّهِ مَا أَرَدْتُ قَتَلَهُ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِلْوَلِىِّ: أَمَا إِنَّهُ إِنْ كَانَ صَادِقًا فَقَتَلْتَهُ دَخَلْتَ النَّارَ فَخَلَّى سَبِيلَهُ، وَكَانَ مَكْتُوفًا بِنِسْعَةٍ فَخَرَجَ يَجُرُّ نِسْعَتَهُ، فَسُمِّيَ ذَا النِّسْعَةِ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) заманында бір кісі басқа бір кісіні өлтірді. Оқиға Алла елшісіне жетіп, ол кінәліні өлген адамның уәлиіне тапсырды. Кінәлі: “Уа, Алла елшісі! Алланың атымен ант етемін, оны өлтірейін деген ойым болған жоқ”, – деді. Сонда Пайғамбарымыз уәлиге: “Оның сөзі рас болса, оны өлтіргенің үшін тозаққа түсесің”, – деді. Уәли оны босатты. Әлгі кісінің қолындағы қайысы шешілмей қалып, ол қайысын сүйретіп кете барды. Содан оны жұрт “Қайысты” атап кетті»1.

Бұл хадистің түсіндірмесі жоғарыда берілді.

  1. 1Тирмизи, «Дият», 13 (№ 1407). Әбу Дәуіт, «Дият», 3 (№ 4498). Нәсәи, «Қасама», 5 (8-том, 13-б., № 4722). Ибн Мәжа, «Дият» (№ 2690).