Хадис

ҚЫСАС БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 11-том, 768-тарау · 2 хадис · № 4952–4953

ҚЫСАС БӨЛІМІ

Хадистер

«Қысас» сөзі бір істі қайталап, оған дәл сондай жауап қайтаруды білдіреді. Ислам құқығында қысас – адамға қарсы жасалған кейбір қылмыс үшін тағайындалатын тең жаза. Кісі өлтірген адамның өз жаны алынады, өзгенің қолын сындырған адамның қолы сындырылады, көзін шығарған адамның көзі шығарылады. Мұны «қанға – қан, жанға – жан» қағидасы деп түйіндеуге болады.

Құранда бұл мәселе туралы былай делінген: ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الْقِصَاصُ فِي الْقَتْلَى ۖ الْحُرُّ بِالْحُرِّ وَالْعَبْدُ بِالْعَبْدِ وَالْأُنْثَىٰ بِالْأُنْثَىٰ ۚ فَمَنْ عُفِيَ لَهُ مِنْ أَخِيهِ شَيْءٌ فَاتِّبَاعٌ بِالْمَعْرُوفِ وَأَدَاءٌ إِلَيْهِ بِإِحْسَانٍ ۗ ذَٰلِكَ تَخْفِيفٌ مِنْ رَبِّكُمْ وَرَحْمَةٌ ۗ فَمَنِ اعْتَدَىٰ بَعْدَ ذَٰلِكَ فَلَهُ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Өлтірілгендер үшін сендерге қысас парыз етілді. Азат адамға азат адам, құлға құл және әйелге әйел. Ал кімде-кімге “бауыры” тарапынан кешірім берілсе, кінәлі жақ ізгілікті басшылыққа алып марқұмның құнын жақындарының көңілінен шығатындай етіп, жақсылап төлесін. Міне, бұл – Раббыларың тарапынан жасалған жеңілдік һәм мейірім. Ал енді кімде-кім осыдан кейін бұл үкімдерге бағынбай шектен шықса, ол үшін жан төзгісіз азап бар.» ﴿وَلَكُمْ فِي الْقِصَاصِ حَيَاةٌ يَا أُولِي الْأَلْبَابِ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ﴾ «Уа, ақыл иелері! Сендер үшін қысаста өмір бар. Ендеше, сақтанарсыңдар.»1

Аятта қысастың міндет екені айтылады. Сонымен бірге өлген адамның жақындары кешірім берсе, солардың көңілінен шығатындай құн төлеуге рұқсат етілген. Құн алған жаққа кінәлімен араздығын тоқтатып, кек алмау және шектен шықпау бұйырылған.

Тағы бір аятта былай делінген: ﴿وَكَتَبْنَا عَلَيْهِمْ فِيهَا أَنَّ النَّفْسَ بِالنَّفْسِ وَالْعَيْنَ بِالْعَيْنِ وَالْأَنْفَ بِالْأَنْفِ وَالْأُذُنَ بِالْأُذُنِ وَالسِّنَّ بِالسِّنِّ وَالْجُرُوحَ قِصَاصٌ ۚ فَمَنْ تَصَدَّقَ بِهِ فَهُوَ كَفَّارَةٌ لَهُ ۚ وَمَنْ لَمْ يَحْكُمْ بِمَا أَنْزَلَ اللَّهُ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ﴾ «Тәуратта оларға мына үкімді жаздық: Жанға жан, көзге көз, мұрынға мұрын, құлаққа құлақ, тіске тіс және сол сияқты жарақаттаудың барлық түрінде осылай бірге-бір қысас жасалады. Ал кімде-кім қысас жасамай кешірім етсе, бұл ол үшін күнәларының өтемі болады. Кімде-кім Алланың түсіргенімен үкім шығармаса, міне, солар нағыз залымдар!»2

Қысас арқылы жәбір көрген адамның ақысы қайтарылып, кек алу ниеті басылады. Кінәліге қысас жасалса, тараптар арасындағы араздық жалғасып кетпей, сол жерде тоқтайды. Кісі өлтірсе, өзіне де өлім жазасы берілетінін, көз шығарса, өз көзі де шығарылатынын білген адам мұндай қылмысқа барудан тартынады. Сөйтіп, қоғамда қылмыс едәуір азаяды. Сондықтан аятта ﴿وَلَكُمْ فِي الْقِصَاصِ حَيَاةٌ﴾ «Сендер үшін қысаста өмір бар» делінген. Қысас екіге бөлінеді: кісі өлтіргені үшін жасалатын қысас «қысас фин-нәфс», ал дене мүшесін зақымдағаны үшін жасалатын қысас «қысас фил-атраф» деп аталады. Төмендегі 4959–4962-риуаяттарда айтылғандай, бір кісіні өлтіруге бірнеше адам қатысса, Ислам құқығында олардың бәріне қысас жасалады. Осы қағида адамның ақыры белгісіз бүлікке еруіне, көпке еріп қылмысқа қатысуына тосқауыл болады. Бүлікке тұншығар халге жеткен елімізде аяттың ﴿وَلَكُمْ فِي الْقِصَاصِ حَيَاةٌ﴾ «Сендер үшін қысаста өмір бар» деген сөзін айрықша зер қойып тыңдауымыз керек.

Бірінші тарау. Қасақана кісі өлтіру

4952
Кутуб ситтә, № 4952 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Шурайх

عَنْ أَبِي شُرَيْحٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ قُتِلَ عَمْدًا بِغَيْرِ حَقٍّ فَلِوَلِيِّهِ أَنْ يَخْتَارَ إِحْدَى ثَلَاثٍ: إِمَّا أَنْ يَقْتَصَّ، وَإِمَّا أَنْ يَعْفُوَ، وَإِمَّا أَنْ يَأْخُذَ الدِّيَةَ، فَإِذَا أَرَادَ الرَّابِعَةَ فَخُذُوا عَلَى يَدِهِ. ثُمَّ تَلَا: ﴿فَمَنِ اعْتَدَىٰ بَعْدَ ذَٰلِكَ فَلَهُ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Шурайх (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім жазықсыз, қасақана өлтірілсе, оның уәлиі үш жолдың бірін таңдайды: қысас талап етеді, кешіреді немесе құн алады. Төртінші бір нәрсе талап етсе, оған бөгет болыңдар”, – деді. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) мына аятты оқыды: ﴿فَمَنِ اعْتَدَىٰ بَعْدَ ذَٰلِكَ فَلَهُ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾ “Ал енді кімде-кім осыдан кейін бұл үкімдерге бағынбай шектен шықса, ол үшін жан төзгісіз азап бар.” (“Бақара” сүресі, 178-аят)»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Дият», 3 (№ 4496), 4 (№ 4504). Тирмизи, «Дият», 13 (№ 1406).
4953
Кутуб ситтә, № 4953 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ قَتَلَ رَجُلًا مُؤْمِنًا فَهُوَ قَوَدٌ بِهِ. فَمَنْ حَالَ دُونَهُ فَعَلَيْهِ لَعْنَةُ اللَّهِ وَغَضَبُهُ، وَلَا يَقْبَلُ اللَّهُ مِنْهُ صَرْفًا وَلَا عَدْلًا. أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Кім мүмінді қасақана өлтірсе, оған қысас жасалады. Кім қысасқа кедергі келтірсе, оған Алланың лағынеті мен қаһары жаусын. Алла оның парыз амалын да, нәпіл амалын да қабыл етпейді»1.

Түсіндірме

1. Хадистегі «қауад» сөзі түбірінде «жетектеу» мағынасын білдірсе де, мұнда «қысас» деген мағынада қолданылған. Көбіне ол кісі өлтіргені үшін жасалатын қысасты білдіреді. Өйткені кінәлі адамды жаза орындалатын жерге мойнына жіп салып, жетектеп әкелген.

2. Хадисте қысастың орындалуына кедергі жасаған адамға Алланың лағынеті мен қаһары тиетіні, оның парыз және нәпіл амалдары қабыл етілмейтіні айтылады. Демек, әділдіктің орнауына бөгет болу – ауыр күнә. Алла елшісі (с.а.с.) басқа бір хадисінде: «Қиямет күні Алланың алдында адамдардың ең жаманы – өзгенің дүниесі үшін ақыретін зая еткен құл», – деген. 3. Ғалымдар хадистегі «адл» сөзін «парыз», «сарф» сөзін «нәпіл» деп түсіндірген. Сондай-ақ «сарф» сөзін «тәубе», «адл» сөзін «фидия» деп түсіндіргендер бар.

4. Алдыңғы хадисте айтылған «төртінші нәрсе» – кешіргеннен кейін қайта қысас не құн талап ету немесе құн талап еткеннен кейін қайта қысас сұрау секілді әрекет.

Ибн Хажардың айтуынша, ғалымдардың көпшілігі қысас пен құнның бірін таңдау құқығын өлген адамның уәлиіне берген. Ал Имам Мәлик, Сәури мен Әбу Ханифа бұл таңдау кісі өлтірген адамға тиесілі деген. «Нәйл әл-әутарда» кешіруге ынталандыратын сахих хадистер мен аяттар бар екені айтылады. Кешірімнің шариғатқа сай екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен. Жәбір көрген адамның кешіргені абзал ма, әлде кешірмегені ме деген мәселеде олардың пікірі әртүрлі.

  1. 1Рәзин. Осы мағынадағы риуаяттар: Әбу Дәуіт, «Дият», 17 (№ 4539–4541). Нәсәи, «Қасама», 29 (8-том, 40-б.).