Хадис

Кутуб ситтә, № 4944

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
765. Өлтіруге рұқсат етілген және тыйым салынған жануарлар
Нөмірі
№ 4944 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
4944
Кутуб ситтә, № 4944 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ تَرَكَ الْحَيَّاتِ مَخَافَةَ طَلَبِهِنَّ فَلَيْسَ مِنَّا. مَا سَالَمْنَاهُنَّ مُنْذُ حَارَبْنَاهُنَّ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім жыландар кек алады деп қорқып, оларды өлтірмей қойса, ол бізден емес. Олармен жауласқаннан бері бітімге келгеніміз жоқ”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Алдыңғы риуаяттарда жылан кек алады деп қорқып, оны өлтірмей қоюға рұқсат етілмегені айтылған. Өлген жыланның өзі кек ала алмайтындықтан, мұнда оның жұбы не өзге жыландар кек алады деген сенім меңзелсе керек. Әли әл-Қари жаһилият дәуірінде «Жыланды өлтірмеңдер. Өлтірсеңдер, жұбы келіп, кек алу үшін шағады» деген сенім болғанын, Алла елшісі (с.а.с.) сол сенімге тыйым салғанын айтады.

Алдыңғы хадистің түсіндірмесінде үй жыланына әуелі ескерту жасап, ол кетпеген жағдайда ғана өлтіру керектігі айтылған.

2. Хадистегі адам мен жылан арасындағы жаулық екеуінің жаратылысымен байланыстырылады. Жылан адамға, адам жыланға қастық етуге бейім. Кейбір ғалымдар мұнда жылан мен Адам атаның арасындағы жаулық меңзелген деп түсіндіреді. Риуаяттарда Ібіліс жәннатқа кірмек болғанда, күзетші оны өткізбегені айтылады. Сонда жылан Ібілісті аузына салып, ішке алып кіреді. Жәннатқа осылай кірген Ібіліс әзірет Адам мен Хауаны азғырып, тыйым салынған ағаштың жемісін жегізеді. Сөйтіп, екеуі жәннаттан шығарылады. Бұл іске жылан себепкер болғандықтан, адам мен жыланның арасына жаулық түскен делінеді.

3. Алла елшісінің (с.а.с.) «Бізден емес» деген сөзі «Біздің сүннетімізді ұстанбады» деген мағынада түсіндіріледі. Бұл сөз адамның кәпір болғанын білдірмейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдәб», 174 (№ 5250).