Хадис

Кутуб ситтә, № 4940

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
765. Өлтіруге рұқсат етілген және тыйым салынған жануарлар
Нөмірі
№ 4940 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4940
Кутуб ситтә, № 4940 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، عَلَى الْمِنْبَرِ يَقُولُ: اقْتُلُوا الْحَيَّاتِ، وَاقْتُلُوا ذَا الطُّفْيَتَيْنِ وَالْأَبْتَرَ، فَإِنَّهُمَا يَطْمِسَانِ الْبَصَرَ وَيُسْقِطَانِ الْحَبَلَ. قَالَ عَبْدُ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: فَبَيْنَا أَنَا أُطَارِدُ حَيَّةً أَقْتُلَهَا فَنَادَانِي أَبُو لُبَابَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: لَا تَقْتُلْهَا. فَقُلْتُ: إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَمَرَ بِقَتْلِ الْحَيَّاتِ. فَقَالَ: إِنَّهُ نَهَى بَعْدَ ذَلِكَ عَنْ ذَوَاتِ الْبُيُوتِ، وَهِيَ الْعَوَامِرُ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) мінберде тұрып: “Жыландарды өлтіріңдер. Арқасында екі жолағы бар жыланды да, құйрығы қысқа әбтәрді де өлтіріңдер. Өйткені бұл екеуі көзді соқыр етеді, жүкті әйелдің түсік тастауына себеп болады”, – дегенін естідім».

Абдулла ибн Омар (р.а.) сөзін былай жалғады: «Бір күні бір жыланды өлтірмек болып қуалап жүргенімде, Әбу Лубаба (р.а.): “Оны өлтірме!” – деп дауыстады. Мен: “Алла елшісі (с.а.с.) жыландарды өлтіруді бұйырған еді ғой”, – дедім. Ол: “Кейін үй жыландарын өлтіруге тыйым салды”, – деді». Бұлар ұзақ тіршілік ететіндіктен «әуамир» аталған үй жыландары еді1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят жыландарды өлтіру туралы жалпы бұйрықтың үй жыландарына жүрмейтінін көрсетеді. Хадистің тура мағынасына сүйенсек, үйде кездесетін жыландарды өлтіруге болмайды.

• Имам Мәликтің пікірінше, хадисте Мәдинадағы үйлерді мекендейтін жыландар айтылған. Өзге жерлердегі үйлерді мекендейтін жыландарға бұл үкім жүрмейді.

• Кейбір ғалымдар бұл үкім қаладағы үйлерге ғана қатысты деген.

Ғалымдар шөлде де, қалада да үйден тыс жерде кездескен жыланды өлтіру керек деген пікірде болған. Тирмизидің Ибн әл-Мүбәрактан жеткізген бір риуаятында өлтіруге тыйым салынған үй жыланы күмістей ақшыл әрі жылтыр, денесі жіңішке, жорғалағанда ирелеңдемей түзу жүреді деп сипатталады. 2. Хадис түсіндірушілері үй жыланына қатысты «әуамир» атауын риуаятқа Зуһри қосқанын айтады. Тіл мамандары бұл сөздің «өмір» сөзінен шыққанын түсіндіреді. Үйде ұзақ мекендейтіндіктен оларға «уммар» деген атау берілген. «Әуамир» – осы сөздің көпше түрі. «Уммар» деп үйді мекендейтін жындарды да атайды.

3. Кейбір риуаяттарда үйге кірген жыланға шығып кетуіне мұрсат беріп, ескерту жасау, сонда да кетпесе ғана өлтіру керектігі айтылады. Арқасында екі жолағы бар жылан мен әбтәрді ескертусіз өлтіруге болады.

Құртуби хадистердегі бұл бұйрықты орындау уәжіпке жатпайтынын, оның мақсаты жыланның зиянынан сақтану екенін айтады.

4. Әбтәр – құйрығы қысқа улы жылан. Бұл – жыланның ең қауіпті, ең зиянды түрлерінің бірі. Хадистегі екінші жыланның арқасында екі қара жолағы бар. Ол да әбтәр секілді улы әрі қауіпті.

Осы екі жыланның көзінде адамды бір қарағаннан соқыр ететін қасиет бар деп есептелген. Кейбір ғалымдар хадисте бұл жыландардың алдымен көзді шағатыны меңзелуі мүмкін деген.

«Хабәл» ана құрсағындағы шарананы білдіреді. Жүкті әйел осы жыландарға қарағанда, олардың уытты әсерінен немесе қатты қорыққанынан түсік тастауы мүмкін деп айтылған.

  1. 1Бұхари, «Бәдул-халқ», 14, «Мағази», 11. Мүслим, «Сәләм», 128 (№ 2233). Мәлик, «Муатта», «Истиазан», 31 (2-том, 975–976-б.). Әбу Дәуіт, «Әдәб», 174 (№ 5252–5255). Тирмизи, «Ахкам», 2 (№ 1483).