Хадис

Кутуб ситтә, № 4920

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
761. Расулалла шешім шығарған даулар
Нөмірі
№ 4920 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
4920
Кутуб ситтә, № 4920 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Рафиғ ибн Хадиж

وَعَنْ رَافِعِ بْنِ خَدِيجٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ زَرَعَ فِي أَرْضِ قَوْمٍ بِغَيْرِ إِذْنِهِمْ فَلَيْسَ لَهُ مِنَ الزَّرْعِ شَيْءٌ وَلَهُ نَفَقَتُهُ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Рафиғ ибн Хадиж (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Кім өзгенің жеріне рұқсатсыз егін ексе, егіннен оған еш үлес тимейді. Тек жұмсаған шығыны қайтарылады”, – деді»1.

Түсіндірме

Біреудің жеріне иесінің рұқсатынсыз егін егу – өзгенің мүлкін рұқсатсыз иеленудің бір түрі. Хадис осылай егілген жерге қатысты үкімді баяндайды. Егін жер иесіне тиесілі. Ол егін еккен кісіге жұмсаған шығынын өтейді.

Тирмизи бұл хадиске Ахмад ибн Ханбал мен Исхақтың сүйенгенін айтады.

Ибн Раслан «Шарх әс-сүнәнде» Ахмадтың пікірін былай жеткізеді: «Біреу өзгенің жеріне рұқсатсыз егін ексе, жер иесі жерін егін орылып алынған соң немесе егін әлі орылмай тұрғанда талап ете алады. Жер иесі жерін егін орылған соң қайтарып алса, өнім еккен кісіде қалады. Бұл жөнінде қайшы пікір білмейміз. Өйткені өнім оның тұқымынан өсті. Алайда ол жерді қайтарғанға дейінгі жалдау ақысын, жерге келтірген шығынды өтеуге және егістіктегі шұңқырларды тегістеуге міндетті».

Жер иесі жерін егін әлі орылмай тұрғанда қайтарып алса, еккен кісіні егінді жұлуға мәжбүрлей алмайды. Имам Мәлик жер иесіне екі таңдау берген: еккен кісінің шығынын өтеп, егінді өзі алады немесе аталған шарттармен егінді еккен кісіге қалдырады. Әбу Убәйд те осы пікірде. Имам Шафиғи мен фақиһтардың көпшілігі жер иесі еккен кісіні егінін жұлуға мәжбүрлей алады деген. Олар Расулалланың (с.а.с.): «Рұқсатсыз еккен кісінің ақысы жоқ», – деген хадисіне сүйенген. Олардың пікірінше, өнім қай жағдайда да тұқым иесіне тиесілі. Тұқым иесі жердің жалдау ақысын өтейді.

Бірінші пікірді ұстанғандар Ахмад ибн Ханбал мен Әбу Дәуіт жеткізген мына риуаятты дәлелге келтіреді: «Расулалла (с.а.с.) Зуһәйрдің жеріндегі егінді көріп, ұнатты да: “Зуһәйрдің егіні қандай жақсы!” – деді. Қасындағылар: “Егін Зуһәйрдікі емес”, – деді. Ол: “Жері Зуһәйрдікі емес пе?” – деп сұрады. Олар: “Жері оныкі, егінді еккен – басқа кісі”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Егінді өздерің алыңдар, ал оған жұмсаған шығынын беріңдер”, – деді». Хадис егіннің жер иесіне тиесілі екенін көрсетеді. Фиқһ еңбектерінде бұл мәселе жөнінде өзге пікірлер де келтірілген.

  1. 1Тирмизи, Ахкам 29 (1366); Әбу Дәуіт, Буйуғ 33 (3403); Ибн Мәжа, Руһун 13 (2466).