وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَالشُّعَرَاءُ يَتَّبِعُهُمُ الْغَاوُونَ. قَالَ: اسْتَثْنَى اللَّهُ تَعَالَى مِنْهُمْ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Ибн Аббас (р.а.) ﴿وَٱلشُّعَرَآءُ يَتَّبِعُهُمُ ٱلْغَاوُۥنَ﴾ «Ал шайырларға келсек, олардың соңынан тек тура жолдан тайған азғындар ғана ереді»1 деген аятты былай түсіндірген: «Тек иман келтіріп, сол иман негізінде игі істер істейтін, Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететін және қиянат-зұлымдық көргенде, есесін жібермейтін ақындар (яғни, дін дұшпандары өзіне, дініне, пайғамбарға немесе діндес бауырларына тіл тигізгенде, қарап қалмайтын от ауызды, орақ тілді, жүрегінің түгі бар ақындар)...»2 делінген ақындарды Алла ол топтан тыс қалдырған.3
Түсіндірме
Ибн Аббас (р.а.) түсіндірген аят ақындардың бір тобын сынайды. Кейінгі аяттар мұның себебін ашады: ﴿أَلَمْ تَرَ أَنَّهُمْ فِى كُلِّ وَادٍ يَهِيمُونَ وَأَنَّهُمْ يَقُولُونَ مَا لَا يَفْعَلُونَ﴾ «Олардың сезімге беріліп, сай-салада бет-бетімен лағып жүргенін көрмеймісің. Һәм олар өздері істемейтін істерді сөз қылады»4. Ибн Әбу Шәйба мен Абд ибн Хумайдтың айтуы бойынша, «шайырларға келсек, олардың соңынан тек тура жолдан тайып, бетімен кеткен азғындар ғана ереді» деген аят түскен кезде, Расулалланың (с.а.с.) ақындарынан Абдулла ибн Рауаха, Кәғб ибн Мәлик және Хассан ибн Сәбит жылап келіп: «Уа, Алла елшісі, Алла Тағала мына аятты түсірді. Раббымыз біздің ақын екендігімізді біледі ғой. Ендеше, біз құрыдық!» – дейді. Осыған байланысты жоғарыда айтылғандай, оларды бөлек қарастырған аят түсті. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды шақырып алып, жаңадан түскен аятты оқып береді.
Ибн Аббастан жеткен басқа риуаяттарда аяттың Алла Елшісін (с.а.с.) өлеңмен келемеждеген ақындарға қатысты түскені айтылады. «Оларға азғындар ғана ереді» деген сөз соларды меңзейді. Ал «Иман келтіріп, сол иман негізінде игі істер істейтіндер...» деген үзінді Хассан ибн Сәбит, Абдулла ибн Рауаха және Кәғб ибн Мәлик секілді ақындарға қатысты түсіндірілген. Олар Алла елшісі мен сахабаларды мазақ өлеңдерден қорғаған.