Хадис

Кутуб ситтә, № 4893

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
754. Қазылық әдебі
Нөмірі
№ 4893 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4893
Кутуб ситтә, № 4893 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Бәкра

وَعَنْ أَبِي بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّهُ كَتَبَ إِلَى ابْنِهِ عُبَيْدِ اللَّهِ وَهُوَ قَاضٍ بِسِجِسْتَانَ: أَنْ لَا تَحْكُمَ بَيْنَ اثْنَيْنِ وَأَنْتَ غَضْبَانُ فَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: لَا يَحْكُمُ أَحَدٌ بَيْنَ اثْنَيْنِ وَهُوَ غَضْبَانُ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкра (р.а.) Сижистанда қазы болған ұлы Убайдуллаға былай деп хат жазған: «Ашулы кезіңде екі адамның арасында үкім шығарма. Алла елшісінің (с.а.с.): “Ешкім ашулы кезінде екі адамның арасында үкім шығармасын”, – дегенін естідім».1

Түсіндірме

Қазылық әдебінің бірі – ашулы кезде үкім шығармау. Ислам ғалымдары мұны жалпыға ортақ қағида деп білген. Өйткені ашу мен көңілдің алаңдауы қате үкімге соқтыруы мүмкін. Ибн Дақиқ әл-Идтің айтуынша, фиқһ ғалымдары қатты ашығу, шөлдеу, ұйқысы қанбау сияқты ойды бөлетін өзге күйлерді де осыған қосқан. Мұндайда үкім шығармаған жөн. Хадисте ашудың арнайы айтылуы – оның ойды ерекше бөліп, дұрыс шешімге кедергі жасауынан.

Имам Шафиғи: «Қазы аш, шаршаған немесе көңілі бір нәрсеге алаң болғанда үкім бермегенін жөн көремін. Бұлар ақылдың байыппен ой қорытуына кедергі жасайды», – деген.

Көпшілік ғалымның пікірінше, қазы ашулы күйінде шығарған үкімі дұрыс болса, үкім күшіне енеді. Ашулы күйде үкім беруінің өзі мәкрүһ саналады.

Кейбір ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) Зубәйір мен оның көршісі арасындағы дауға үкім айтқанда, көршісінің сөзіне ашуланғанын алға тартады. Өзге ғалымдар бұған: «Пайғамбар қателіктен қорғалған. Қайғылы, қуанышты не ашулы кезінде де бұра тартпай, дұрыс үкім береді. Басқа адамда мұндай қасиет жоқ», – деп жауап берген.

Имам әл-Харамайн мен имам Бағауи ашу Алла үшін болса, үкім беру мәкрүһ саналмайды деген. Бұл пікір талас тудырып, ғалымдардың көбі оған қосылмаған. Бұл мәселеге тереңдеп баруды жөн көрмедік.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 13 (№ 7158). Мүслим, «Ақдия», 16 (№ 1717). Тирмизи, «Ахкам», 7 (№ 1334). Әбу Дәуіт, «Ақдия», 9 (№ 3589). Нәсәи, «Қудат», 17 (8/237–238).