وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَوْهَبٍ: أَنَّ عُثْمَانَ بْنَ عَفَّانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ لِابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: اذْهَبْ فَاقْضِ بَيْنَ النَّاسِ. قَالَ: أَوَ تُعَافِينِي يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ؟ فَقَالَ: وَمَا تَكْرَهُ مِنْ ذَلِكَ، وَقَدْ كَانَ أَبُوكَ يَقْضِي. قَالَ: إِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: مَنْ كَانَ قَاضِيًا فَقَضَى بِالْعَدْلِ فَبِالْحَرِيِّ أَنْ يَنْقَلِبَ مِنْهُ كَفَافًا. فَمَا أَرْجُو بَعْدَ ذَلِكَ؟ أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Абдулла ибн Мәуһиб айтады: «Осман ибн Аффан Ибн Омарға (р.а.): “Бар, адамдар арасында үкім бер!” – деді. Абдулла: “Уа, мүміндердің әміршісі! Мені бұл міндеттен босатпайсыз ба?” – деп өтінді. Осман (р.а.): “Неге бұдан тартынасың? Әкең де қазы болған”, – деді. Абдулла: “Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Қазы болып, әділ үкім берген адам бұл істен сауап та, жаза да алмай аман шығуға лайық’ дегенін естідім. Осыдан кейін не үміт етемін?” – деді».1
Осыдан соң Осман бұл міндетті оған қайта ұсынбады.
Түсіндірме
Ибн Омар жеткізген риуаят бойынша, қазы ниетін түзеп, ақиқатты табуға бар күшін жұмсап, әділ үкім берсе де, бұл қызметтен сауап та, жаза да алмай шығуы мүмкін. Онда оның ұтары не? Мүмін амалынан сауап күтеді. Қазылықтан сауап күте алмаса, оның жауапкершілігін неге мойнына алсын? Ибн Омар осыны алға тартып, қазылықтан бас тартты. Осман (р.а.) оны қыстамады.
«Әт-Тарғибте» хадис сәл өзгеше нұсқада келген: «Осман ибн Аффан Ибн Омарға (р.а.): “Бар, қазы бол!” – деді. Ибн Омар: “Уа, мүміндердің әміршісі! Мені бұл міндеттен босатпайсыз ба?” – деді. Осман: “Бар, адамдар арасында үкім бер!” – деп бұйрығын қайталады. Ибн Омар: “Уа, мүміндердің әміршісі! Мені босатыңыз”, – деді. Осман: “Шешімім кесімді. Барып, қазылық етесің”, – деді. Ибн Омар: “Асықпаңыз. Мен Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Кім Аллаға сиынса, пана тапқан болады’, – дегенін естідім”, – деді. Осман: “Иә”, – деді. Ибн Омар: “Қазы болудан Аллаға сиынамын”, – деді. Осман: “Бұдан неге бас тартасың? Әкең де қазы еді ғой”, – деді. Ибн Омар: “Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Кім білімсіз үкім берсе, тозақтық. Кім қазы болып, зұлымдықпен үкім берсе, ол да тозақтық. Кім қазы болып, ақиқатпен немесе әділдікпен үкім берсе, бұл істен аман шығуды тілейді’, – дегенін естідім. Осы сөзден кейін қазылықтан не күтемін?” – деді».
- 1Тирмизи, «Ахкам», 1 (№ 1322).