Хадис

Кутуб ситтә, № 4857

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
745. Қанағатшыл адамды дәріптеу және қанағатқа шақыру
Нөмірі
№ 4857 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
4857
Кутуб ситтә, № 4857 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَأَلَ نَاسٌ مِنَ الْأَنْصَارِ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَعْطَاهُمْ مَا سَأَلُوهُ ثُمَّ سَأَلُوهُ، فَأَعْطَاهُمْ مَا سَأَلُوهُ. ثُمَّ سَأَلُوهُ فَأَعْطَاهُمْ مَا سَأَلُوهُ. حَتَّى إِذَا نَفِدَ مَا عِنْدَهُ قَالَ: مَا يَكُونُ عِنْدِي مِنْ خَيْرٍ فَلَنْ أَدَّخِرَهُ عَنْكُمْ، وَمَنْ يَسْتَعْفِفْ يُعِفَّهُ اللَّهُ، وَمَنْ يَسْتَغْنِ يُغْنِهِ اللَّهُ، وَمَنْ يَتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللَّهُ، وَمَا أُعْطِيَ أَحَدٌ عَطَاءً هُوَ خَيْرٌ لَهُ وَأَوْسَعُ مِنَ الصَّبْرِ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَزَادَ رَزِينُ رَحِمَهُ اللَّهُ تَعَالَى: وَقَدْ أَفْلَحَ مَنْ أَسْلَمَ وَرُزِقَ كَفَافًا وَقَنَّعُهُ اللَّهُ بِمَا آتَاهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) айтады: «Ансарлардан бір топ кісі Алла елшісінен (с.а.с.) бір нәрсе сұрады. Ол сұрағанын берді. Олар тағы сұрады, тағы берді. Олар үшінші рет сұрағанда да, сұрағанын берді. Қолындағы бар дүниесі таусылған соң: “Қолымда қандай игілік болса да, оны сендерден жасырып, өзіме сақтамаймын. Кім өзгеге қол жаюдан арын сақтаса, Алла оның арын сақтайды. Кім ешкімге мұқтаждық танытпаса, Алла оны мұқтаж етпейді. Кім сабыр сақтауға тырысса, Алла оған сабыр береді. Ешкімге сабырдан қайырлы әрі мол сый берілген емес”, – деді».1

Рәзин (Алла оны рақымына бөлесін) мына сөздерді қосқан: «Исламға кірген, күнкөрісіне жетерлік несібе берілген және Алла бергеніне қанағат етуді нәсіп еткен адам мұратына жетті».2

Түсіндірме

Алланың пендесін байытуы оның жүрегіне байлық беруін білдіреді. Бір хадисте: «Шынайы байлық – жүрек байлығы», – делінген.

Хадистен шығатын тұжырымдар

Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) жомарттығын және сұрағанға беру жөніндегі Алланың әмірін орындағанын көрсетеді. Ол қатарынан сұрағандарға бір мәрте ғана емес, екінші, үшінші мәрте де сұрағанын берген.

Хадисте сұраған адамның алдында жөнін айтып, оған арын сақтауды өсиет етуге болатыны көрінеді.

Сабыр сақтап, ешкімге қол жаймаған абзал. Дегенмен, мұқтаждық туған жағдайда сұрауға болады.

Сабыр – адамға берілген ең қайырлы сый әрі мол қазына. Ибн әл-Жәузи былай дейді: «Арлы жан өз халін жұрттан жасырып, мұқтаждығын білдірмегенде, іштей бұл амалды Алла үшін жасайды. Осы ниетіне қаншалықты адал болса, соншалықты материалдық және рухани игілікке кенеледі. Алла елшісі (с.а.с.) сабырды сыйдың ең қайырлысы деп атаған. Өйткені сабыр нәпсіні өзі құмартқан нәрседен тежеп, қазір істеуге зауқы соқпаған нәрсені істеуге мәжбүрлейді. Адам осы тыйылған нәрсені істесе немесе орындауға тиіс нәрсені тастаса, ақыретте азапқа душар болар еді».

Алла пендесін дүние несібесін беру арқылы немесе жүрегіне қанағат ұялату арқылы мұқтаждықтан арылтады.

  1. 1Бұхари, «Зекет», 50, «Риқақ», 20. Мүслим, «Зекет», 124 (№ 1053). Мәлик, «Муатта», «Садақа», 7 (2/997). Әбу Дәуіт, «Зекет», 28 (№ 1644). Тирмизи, «Бирр», 77 (№ 2025). Нәсәи, «Зекет», 85 (5/95).
  2. 2Мүслим, «Зекет», № 1054. Рәзин қосқан бұл нұсқаны Абдулла ибн Амр жеткізген.