وَعَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّهُ قِيلَ لِإِيَاسٍ: مَا رَأْيُكَ فِي الْقَدَرِ؟ فَقَالَ: رَأْيُ ابْنَتِي. يُرِيدُ: لَا يَعْلَمُ سِرَّهُ إِلَّا اللَّهُ. وَكَانَ يُضْرَبُ بِهِ الْمَثَلُ فِي الْفَهْمِ، وَسَأَلَهُ رَجُلٌ عَنِ الْقَدَرِ فَقَالَ: أَلَسْتَ تُؤْمِنُ بِهِ؟ قَالَ: بَلَى. قَالَ: فَحَسْبُكَ، حَدَّثَنِي عَلِيُّ بْنُ حُسَيْنٍ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «مِنْ حُسْنِ إِسْلَامِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لَا يَعْنِيهِ». وَبَلَغَهُ أَيْضًا أَنَّهُ قِيلَ لِلُقْمَانَ: مَا بَلَغَ بِكَ مَا نَرَى؟ قَالَ: أَدَاءُ الْأَمَانَةِ، وَصِدْقُ الْحَدِيثِ، وَتَرْكُ مَا لَا يَعْنِينِي. أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.
Имам Мәликке жеткен хабарда Ияс ибн Муғауиядан: «Тағдыр туралы пікірің қандай?» – деп сұрапты. Ол: «Пікірім – қызымның пікірі», – деп жауап беріпті. Бірде бір кісі одан тағдыр туралы сұрағанда, ол: «Тағдырға сенбейсің бе?» – дейді. Әлгі кісі: «Әрине, сенемін», – деп жауап береді. Ияс: «Осының өзі саған жетеді. Маған Әли ибн Хұсайн әкесі Хұсайн ибн Әлиден Алла елшісінің (с.а.с.) “Кісінің өзіне қатысы жоқ нәрсені тәрк етуі – мұсылмандығының көркі” дегенін жеткізді», – дейді.
Имам Мәликке жеткен тағы бір хабарда Лұқманнан: «Бойыңдағы осы ізгі қасиеттерге қалай жеттің?» – деп сұрапты. Ол: «Аманатты өтеу, шын сөйлеу және өзіме қатысы жоқ нәрсені тәрк ету арқылы», – деп жауап берген.1
Риуаятты Разин келтірген.
Түсіндірме
Хадисте әзірет Лұқман жайында сөз болады. Құранда аты аталған бұл данышпанның кім болғаны, қай жұрттан шыққаны, пайғамбар болған-болмағаны және қай дәуірде өмір сүргені туралы түрлі пікір бар. Осы пікірлердің бірқатарын Зурқани келтіреді.
Зурқани былай дейді: «Лұқманды хабаш, нубиялық деп те атаған. Көпшіліктің пікірінше, ол ізгі кісі болған. Оған даналық берілген, пайғамбар болмаған. Қатада: “Лұқманға даналық пен пайғамбарлықтың бірін таңдау ұсынылды. Ол даналықты таңдады. Себебін сұрағанда: ‘Пайғамбарлықтың жүгін көтере алмай қаламын ба деп қорықтым’, – деді”, – дейді».
Сухайлидің айтуынша, Лұқманның әкесі – Анқа ибн Шируан. Енді бірі оны Ибраһимнің (а.с.) бауырының баласы Лұқман ибн Баура ибн Насыр ибн Азар деп атаған. Уәһб «Мубтадада» оны Әйүптің (а.с.) әпкесінің баласы деп көрсеткен. Оны Әйүптің нағашы әпкесінің баласы деген де бар. Дұрысы – Дәуіттің (а.с.) замандасы болғаны. Пайғамбар жіберілгенге дейін пәтуа бергені де, Ибраһимнің (а.с.) замандасы болғаны да айтылады. Мың жыл өмір сүрді дегендер оны Лұқман ибн Адпен шатастырған.2