عَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لِكُلِّ أُمَّةٍ مَجُوسٌ، وَمَجُوسُ هَذِهِ الْأُمَّةِ الَّذِينَ يَقُولُونَ لَا قَدَرَ، مَنْ مَاتَ مِنْهُمْ فَلَا تَشْهَدُوا جَنَازَتَهُ، وَمَنْ مَرِضَ مِنْهُمْ فَلَا تَعُودُوهُ، وَهُمْ شِيعَةُ الدَّجَّالِ، وَحَقٌّ عَلَى اللَّهِ أَنْ يُلْحِقَهُمْ بِالدَّجَّالِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Хузайфа (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Әр үмбеттің мәжусилері бар. Бұл үмбеттің мәжусилері – ‘Тағдыр жоқ’ дейтіндер. Олардан біреу қайтыс болса, жаназасына қатыспаңдар. Біреуі ауырса, көңілін сұрап бармаңдар. Олар – Дажжалдың жақтастары. Оларды Дажжалға қосу – Алланың Өзіне міндеттеген ісі”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Бағауи «Шарх әс-сүннә» еңбегінде былай дейді: «Тағдырға иман ету – парыз. Бұл – жақсылық та, жамандық та Алладан екеніне және бәрін Алла әуел бастан Ләухул-махфузға жазғанына сену. Иман келтіріп, Аллаға мойынсұну және Оның жазғанына разы болу бақытқа жеткізетініне, ал күпірлік пен күнә азапқа апаратынына да сену керек. Тағдыр – Алланың сырларының бірі. Оның ілімі періштеге де, пайғамбарға да берілмеген. Адамға оны ақылмен зерттеп, сырын ашуға рұқсат етілмеген. Барлық жаратылысты бір Алла жаратып, екі топқа бөлгеніне сену керек. Ол бір тобын жәннат үшін, бір тобын тозақ үшін жаратқан. Бұл да Алла тағаланың әділдігіне сай».
2. Хаттабидің пікірінше, қадария жақсылық пен жамандықтың бастауын екіге бөлгені жағынан мәжусилерге ұқсайды. Мәжусилер жақсылық нұрдан, жамандық қараңғылықтан туады деп сенген.
Қадария жақсылықты Аллаға, жамандықты адамға телиді. Ал жақсылықты да, жамандықты да Алла жаратады. Ол қаламаса, екеуінің ешқайсысы болмайды. Адам – Алланың жаратқан ісін атқарушы.
Хадисті әлсіз санаған, тіпті жалған деген ғалымдар да болған.
- 1Әбу Дәуіт, «Сүннет» (4692).