عَنْ عُبَيْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي رَافِعٍ: أَنَّ الْحَرُورِيَّةَ لَمَّا خَرَجَتْ عَلَى عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ قَالُوا: لَا حُكْمَ إِلَّا لِلَّهِ. فَقَالَ عَلِيٌّ: كَلِمَةُ حَقٍّ أُرِيدَ بِهَا بَاطِلٌ. وَأَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Убайдулла ибн Әбу Рафиғ былай жеткізген: «Харурилер Әли ибн Әбу Талибке (р.а.) қарсы шыққанда: “Үкім Аллаға ғана тән”, – деді. Әли: “Бұл – жалған мақсатқа қолданылған хақ сөз”, – деп жауап берді»1.
Түсіндірме
1. Харижилер – Жәмәл оқиғасынан басталған ішкі қақтығыстардан кейін шыққан топ. Сыффин шайқасынан соң екі төреші дауды Құранға сүйеніп шешсін деген ұйғарымға келгенде, олар мұны құптамай, әзірет Муғауияға да (р.а.), әзірет Әлиге де (р.а.) қарсы шықты. Сол кездегі халифа әзірет Әли оларды бағындыру үшін қол бастап, шайқасқа түсті. Әлиге қарсы саяси топ ретінде алғаш Харура деген жерде бас қосқандықтан, оларды «харурилер» деп те атаған. Харижилер «Үлкен күнә жасаған кісі кәпір болады» деген қағиданы ұстанып, уақыт өте келе кәләм мәзһабына айналды.
Харижилер әуелден Мұхаккима әл-Ула, Әзариқа, Нәжадат, Суфрия, Ажарида, Ибазия секілді тармақтарға бөлінді. Солардың бүгінге жеткені – Ибазия. Оның өкілдері Тунис пен Алжирде кездеседі. Занзибардың ресми мәзһабы Ибазия болғаны белгілі.
2. Хадис Нәһрауан шайқасы жайында. Алла елшісі (с.а.с.) мұсылмандармен шайқасатын бүлікшіл топтың белгілерін айтқан, әзірет Әли (р.а.) сол белгілерді харижилерден көрген. Алла елшісі берген сипатқа сүйеніп, олардың арасында Зус-Судя деген кісі болатынын қайта-қайта айтқан. Мәйіттердің арасынан сол сипатқа сай кісі табылып, Пайғамбардың (с.а.с.) мұғжизасы тағы бір рет көрінді. Әзірет Әли тәкбір айтып: «Алла шын айтты, Елшісі оны жеткізді», – деді. Ол осылайша Алланың білдіруімен айтылған пайғамбар сөзінің расталғанын жеткізді. Шарх иелерінің айтуынша, Убайда әс-Салмани әзірет Әлиге мұны Алла елшісінен естігеніне үш мәрте ант бергізіп, хадисті жұрттың бәріне естіртуді көздеген.
3. Әзірет Әли (р.а.) харижилердің «Лә хукмә иллә лилләһ» деген сөзін «Жалғанға құрал болған хақ сөз» деп бағалаған. Харижилер құлшылықты көп жасаумен де аты шыққан жұрт еді. Сәждені көп жасағаннан маңдайларында із қалатын. Сондықтан хадисте «Намаздарың олардың намазының жанында түкке тұрмайды…» делінген. Көп құлшылық ету де, Құран мен хадис сөздерін ұранға айналдыру да ұстанған жолдың дұрыстығын дәлелдей алмайды. Саяси пікірі өздеріне сай келмеген мұсылмандарды кәпір деп айыптап, халифаға қарсы шығуы оларды Алла елшісі (с.а.с.) айтқан «адам мен жануардың ең жаманы» деген сипаттан арашалай алмады. Олардың «Үкім Аллаға ғана тән» деген ұраны Құраннан алынған. Бұл мағына бірнеше аятта келеді (Әнғам, 57, 62; Юсуф, 40, 67; Қасас, 70, 88; Ғафир, 42). Әзірет Әли сөздің өзіне қарсылық білдірмей, оны ұран еткендегі мақсаттың теріс екенін айтты.
4. Бұл хадис мүміндер арасында болған шайқастарға қатысты үкімдерді белгілеуге негіз болған. Ғалымдар осы және басқа хадистерге, сондай-ақ сахабалардың іс жүзінде қолданған үкімдеріне сүйеніп, мынадай қағидаларды анықтаған.
• Имамға қарсы шыққандарды әуелі ақиқатқа шақырып, ескертеді. Олар шабуыл жасамайынша, күш қолданылмайды.
• Шабуыл жасаса, оларға қарсы соғысады.
• Жаралыларына тиіспейді. Жеңілген соң сырттан көмек алуы ықтимал болмаса, артынан қумайды.
• Мал-мүлкі олжаға жатпайды, тонауға болмайды.
• Тәубе еткендердің тәубесі қабылданады.
• Қарсы шыққаны үшін діннен безген болып саналмайды. Діннің негізін жоққа шығарып қарсы шыққан болса, мүртәдке қатысты үкім қолданылады.
• Қолға түскендерге соғыс тұтқыны ретінде қарамайды, оларды өлтірмейді.
• Мемлекетке қарсы бас көтерген бағилер мен харижилерге қарсы соғысуға болады және ол сауап саналады. Сол шайқаста қаза тапқандар шейіт саналады.
Бүліктің түрлері мен әрқайсысына қатысты үкімдерге бұған дейін кеңінен тоқталғанбыз.
- 1Мүслим, «Зекет», 157 (1066g).