Хадис

Кутуб ситтә, № 4768

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
728. Болашақ оқиғалар мен бүліктер
Нөмірі
№ 4768 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4768
Кутуб ситтә, № 4768 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Бәкра

وَعَنْ أَبِي بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَنْزِلُ أُنَاسٌ مِنْ أُمَّتِي بِغَائِطٍ يُسَمَّى الْبَصْرَةَ عِنْدَ نَهْرٍ يُقَالُ لَهُ دِجْلَةُ. يَكُونُ عَلَيْهِ جِسْرٌ يَكْثُرُ أَهْلُهَا، وَتَكُونُ مِنْ أَمْصَارِ الْمُهَاجِرِينَ. فَإِذَا كَانَ فِي آخِرِ الزَّمَانِ جَاءَ بَنُو قَنْطُورَاءَ عِرَاضُ الْوُجُوهِ صِغَارُ الْأَعْيُنِ، حَتَّى يَنْزِلُوا عَلَى شَطِّ النَّهْرِ، فَيَتَفَرَّقُ أَهْلُهَا ثَلَاثَ فِرَقٍ: فِرْقَةٌ يَأْخُذُونَ أَذْنَابَ الْبَقَرِ وَالْبَرِّيَّةِ وَهَلَكُوا، وَفِرْقَةٌ يَأْخُذُونَ لِأَنْفُسِهِمْ وَكَفَرُوا، وَفِرْقَةٌ يَجْعَلُونَ ذَرَارِيَّهُمْ خَلْفَ ظُهُورِهِمْ وَيُقَاتِلُونَهُمْ، هُمْ الشُّهَدَاءُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкра (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Үмбетімнен бір топ адам Дижлә деген өзеннің жағасындағы Басра деп аталатын жазыққа қоныстанады. Өзеннің үстінде көпір болады. Халқы көбейіп, мұһажирлердің бір қаласына айналады. Ақырзаманда беті жалпақ, көзі қысық Бәни Қантура келіп, өзен жағасына түседі. Сонда қала халқы үшке бөлінеді. Бір тобы сиыр соңына еріп, далаға кетеді де, опат болады. Бір тобы өз басының амандығын көздеп, күпірлікке түседі. Бір тобы бала-шағасын артында қалдырып, олармен шайқасады. Шейіттер – солар”».1

Түсіндірме

1. Хадисте Алла елшісі (с.а.с.) дәуірінде әлі салынбаған, Омардың (р.а.) халифалығы тұсында, һижраның 27 жылы Утба ибн Ғазауан салған Басра туралы сөз болады. Автор онда пұтқа табыну болмағанын айтады. Кей ғалымдар басқаша түсіндірген. Әли әл-Қари әл-Әшрафтың мына пікірін келтіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинатус-Сәләм аталған Бағдатты меңзеген. Өйткені Дижлә үстіндегі көпір Бағдаттың ортасында бар, Басраның ортасында жоқ. Бағдат қақпасының сыртында “Бабул-Басра” деп аталатын жер болғандықтан, Алла елшісі (с.а.с.) Бағдатты қаланың бір бөлігінің атымен атаған болуы мүмкін. Немесе ﴿وَسْـَٔلِ ٱلْقَرْيَةَ﴾ «ауылдан сұра» аятындағыдай сөз тіркесінің бір сыңары түсірілген болуы мүмкін. Бағдат та Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында бүгінгідей қала болмаған. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.): “Мұсылмандардың бір қаласына айналады”, – деп, болашақты айтқан. Ол кезде бұл өңірде Кисраның Мәдаин шаһары мен Басраға қарасты бірқатар ауыл болған. Ол жерде үлкен қала болған жоқ. Түріктердің Басраға жорық жасағаны туралы да хабар жетпеген. Хадистің мәні: “Үмбетімнен бір топ адам Дижлә өңіріне қоныстанады. Ол мұсылмандардың қаласына айналады”, – дегенге саяды. Ол қала – Бағдат».

2. Кей дереккөздерде «Бәни Қантура» деген атаумен түріктер меңзелгені айтылады. Хаттабидің айтуынша, Қантура – Ибраһимнің (а.с.) күңінің есімі. Оның Ибраһимнен (а.с.) балалары болған. Түріктер осы әйелден тарауы мүмкін деген жорамал бар. Тағы бір жорамал бойынша, Қантура – түріктердің арғы атасының аты. Бұған келіспегендер түріктер Нұхтың (а.с.) ұлы Яфастан тарағанын айтады. Нұх (а.с.) Ибраһимнен (а.с.) бірнеше ғасыр бұрын өмір сүргендіктен, мұны Ибраһиммен байланыстыруды құп көрмегендер де бар. Кей ғалымдар Қантура Ибраһимнің (а.с.) ұлдарының біріне немесе Яфастың ұлдарының біріне тұрмысқа шығып, ұрпақ өрбіткен болуы мүмкін деген.

Халықтардың кімнен тарағанын дәл анықтау қиын. Бұл жөніндегі жорамалдар нақты дерекке сүйенбейді, ел аузындағы аңыз-әңгіме түрінде жеткен. Алда қиямет алдындағы бүліктер бөлімінде (№5018) «Бәни Қантура» атауымен түріктерді де, басқа халықтарды да байланыстыратын ғалымдардың пікіріне тоқталамыз.

3. Басра халқының үш топқа бөлінуі былай түсіндірілген:

1) «Мал соңына еріп, далаға кетеді» дегені – шайқастан қашып, өздері мен малын сақтап қалу үшін тау мен даланы паналайды, бірақ ақыры опат болады деген сөз. Басқа түсіндірме бойынша, олар егіншілікке бет бұрып, құнарлы жер іздеймін деп жүріп құриды.

2) «Өз басының амандығын көздейді» дегені – Бәни Қантурамен бітімге келуді көздейді. Алайда бітімге келу жолында діні мен сүннетінен айырылады. Бұл да құрдымға кетудің бір түрі: тәннен бұрын рухтың жеңілуі. Алла елшісі (с.а.с.) мұны да құп көрмеген.

3) Үшінші топ бала-шағасын артында қалдырып, Бәни Қантурамен шайқасады. Алла елшісі (с.а.с.) оларды шейіттер деп атаған.

Әли әл-Қари: «Бұл хадис Алла елшісінің (с.а.с.) мұғжизаларына жатады. Өйткені оқиға оның хабарлағанындай һижраның 656 жылы сафар айында болды», – дейді.

Әли әл-Қари хадистегі хабарды Құлағудың Бағдатқа жорығымен байланыстырады. Құлағу Халаб әміршісі әл-Мәлик ән-Насырдың атына жолдаған хатында мұсылмандардың жеңілу себебін баяндаған. Хадисті түсіну әрі тарихтан ғибрат алу үшін Ахмад Хилми түсіндірмелерімен келтірген сол хатты ұсынамыз: «Осы тұста, һижраның 657 жылы, Құлағу Халаб әміршісі әл-Мәлик ән-Насырға елші арқылы хат жіберді. Хаттан Құлағудың әрекеті мен ұстанымы көрінеді. Сондықтан оны Әбул-Фараждан сөзбе-сөз келтіреміз:

“Әл-Мәлик ән-Насырға! Білетін боларсыңдар, біз (Һижри 656 жылы) Бағдатқа бет алып, Жаратқанның жәрдемімен бұл топырақтарды азат еттік. Осы жердің иесін жанымызға алдырып, екі сұрақ қойдық, бірақ ол жауап бермеді. Осы себепті сендердің Құрандарыңда ﴿إِنَّ ٱللَّهَ لَا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّىٰ يُغَيِّرُوا۟ مَا بِأَنفُسِهِمْ﴾ ‘Расында, қандай да бір қауым өз ішінде өзгермейінше, Алла ол қауымды өзгертпейді’2 деп жазылғанындай, біздің азабымызға өздерінің жасаған амалдарының себебінен душар болды. Малдарын қызғанғандары үшін, малына келген нәрсе жандарына келіп, тәтті жандарын қарапайым құралдармен ауыстырды. Мұның нәтижесі де Жаратқанның айтқанындай ﴿وَوَجَدُوا۟ مَا عَمِلُوا۟ حَاضِرًا﴾ ‘олар дүниеде не істесе бәрі алдарынан шығады’3 болды. Өйткені біз Ұлы Раббымыздың жарылқауымен көтерілдік, Оның қалауымен жеңіске жеттік, әлі бәрін еңсеріп келеміз. Еш күмәнсіз, біз Жаратқанның әскеріміз. Өз қаһарын кімге төксе, бізді соларға жіберіп азаптайды. Осыған дейін болған жайттар сендерге ғибрат және насихат болсын. Бізді алып қамалдар тоқтата алмайды. Қасымызға шыққан әскер түк те жасай алмайды. Бізге қарсы оқыған қарғыс дұғаларың дарымайды да. Өзгелерге қарап, олардың басына келген нәрселерді көріп ғибрат алып, бүркеулі тұрған дүние ашылып, жария болмас бұрын, өздерің қателік жібермей тұрып, бізге тәсілім болыңдар. Біз осыдан кейін жылағандарға, шағым айтып жан ұшыра айғайлағандарға мейірімділік танытпаймыз. Қаншама шаһарды отқа орадық. Қаншама жанды қидық. Қаншама сәбиді жетім еттік. Жер жүзінде бүлік отын тұтаттық. Сендерде шегіну, қашу бар болса, бізде қуып жетіп, ұстау бар. Сендер үшін біздің қылышымыздан құтылу жоқ. Оқтарымыз қайда болсаңдар да нысанасына дөп тиеді. Аттарымыз өзге аттарды артта қалдырарлықтай жүйрік, оқтарымыз тиген нысанасын тесіп өтердей өткір, қылыштарымыз найзағайдай жылдам. Ақылымыз, (мінезіміз) алып таудай салмақты. Санымыз құмның әр түйіршігінен де көп. Бізден амандық сұраған аман қалады. Ал бізбен күрескендер ақыр аяғы өкініштен өртенеді. Егер де сендер бізге бойсұнып, шарттарымызды орындайтын болсаңдар, жандарың біздің жандарымыз, малдарың біздің малдарымыз. Ал егер біздің әмірімізге қарсы шығып, қарсы көтерілсеңдер, бастарыңа келген бәлекеттен бізді емес өздеріңді кінәлаңдар, ей залымдар! Жаратқан сендердің тараптарыңда емес. Келешек бәлекеттер мен ұлы нәубетке дайындалыңдар! Нәтижесі жамандықпен бітетінін күні бұрын айтқан бұдан дөрекі ешкім жоқ. Сендер арамнан ауыз тидіңдер, имандарыңа берік болмадыңдар. Біршама бидғаттарға жол бердіңдер. Жас балаларға жапа шектірдіңдер. Енді сол жасаған зұлымдықтарыңның сазайынын тартыңдар! Бүгін жасағандарыңның өтемін көретін боласыңдар! ﴿وَسَيَعْلَمُ ٱلَّذِينَ ظَلَمُوٓا۟ أَىَّ مُنقَلَبٍ يَنقَلِبُونَ﴾ ‘зұлымдық қылғандар болса, өздерінің ақырының не боларын әлі-ақ біледі’4. Сендер бізге «кәпірсіңдер» дейсіңдер. Біз де сендерге «пасықсыңдар, адамшылықтан безгенсіңдер» дейміз. Бүкіл істі таңдаған, алдын ала қарастырғандар тарапынан біз сендердің қастарыңнан қалмайтын көлеңкелеріңбіз. Сендердің әміршілерің біздің қатарымызда түкке тұрғысыз, сор маңдай жан. Сендердің бай-бақуаттыларың біздің қатарымызда сіңірі шыққан кедеймен бірдей. Жержүзінің батысы мен шығысы біздің қолымызда. Егер жер бетінде соншама көп мал-мүлік иелері бар болса, олардың қолдарындағы дүниелері және өздері де біздікі деген сөз. Қалағанымызша ол мал-мүліктен аламыз, қалаған кемелерді меншігімізге өткіземіз. Кәпірлер оттарын жалындатпай тұрып, ұшқыны жарық етпей тұрып, бәріңді жермен-жексен етіп, жер бетінде бірде-біріңді қалдырмаймыз. Естеріңді жиыңдар, дұрыс пен бұрысты ажыратыңдар. Бұл хат арқылы сендерді ұйқыларыңнан ояттық. Бастарыңа жалындаған от жаумасын десеңдер, дереу хатымызға жауап қайтарыңдар. Ар жағын өздерің білерсіңдер”.

Құлағу хатта өз әскерін Жаратқанның әскері, жер бетіндегі залымдарды жазалайтын Тәңірдің қызметшілері ретінде таныстырған. Бұл олардың өздеріне Тәңір осындай міндет жүктегеніне кәміл сенгенін көрсетеді. «Сендердің әміршілерің біздің қасымызда түкке тұрмайды» деу арқылы өз мәртебесін асқақтата сөйлеген. Ежелгі түрік қағандары секілді өздерін Тәңірдің құлы әрі оның құдіретін жер бетінде танытатын билеуші санаған. Өз күшін Құран аяттарымен қуаттап, хатты оқыған жұртқа осылай әсер етпек болған.

Халаб әміршісі хатты алған соң уәзірлерімен ақылдасып, ұлын елші етіп жібереді. Құлағу ханзаданы жақсы қарсы алып, әкесіне: “Ниеті түзу болса, өзі келсін. Әйтпесе, біз барамыз”, – деп сәлем айтады. Халаб әміршісі Құлағуға өзі баруға бекінгенімен, уәзірлері оны райынан қайтарады».

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәләһим 10 (4306).
  2. 2«Рағыд» сүресі, 11-аят.
  3. 3Кәһф сүресі, 49-аят.
  4. 4Шұғара сүресі, 227-аят.