وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: وَيْلٌ لِلْعَرَبِ مِنْ شَرٍّ قَدِ اقْتَرَبَ، أَفْلَحَ مَنْ كَفَّ يَدَهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Жақындап қалған бәле арабтарға қандай ауыр! Қолын тыйған адам құтылады”».1
Түсіндірме
Жоғарыдағы хадистер бүлікке араласпауға, бүлікшілер үйіңе келсе де олармен қақтығыспауға үндейді. Ғалымдар бұл мәселенің көмескі тұстарын жан-жақты түсіндірген. Бүлік шыққанда мұсылманның ұстанымы былай баяндалады:
1. Бүліктің ауыртпалығына сабыр ету
2. Бүлікшілерге қосылмау
3. Үзлет – оңашаланып, көпшілік жиналатын жерлерден аулақ жүру
4. Шабуылға қарсыласпай, өлімге мойынсұну
5. Тілге ие болу
6. Жамандықты жүрекпен жек көру
7. Мал-мүлік пен бала-шағаның аздығы
8. Қару асынбау
1. Бүліктің ауыртпалығына сабыр ету
Басына қандай қиындық түссе де, мұсылманға Алланы еске алып, сабыр сақтау жарасады. Бүлік шығып, қоғамның берекесі қашқанда, ауыр қылмыс пен бұзғыншылық көбейеді. Сондай сын сағатта қиындыққа сабырмен төзе білу керек.
2. Бүлікшілерге қосылмау
Бүлік шыққанда мұсылманның екі жақтан да аулақ жүргені жөн. Бүлікті бастағандарды кінәлап, оларды жазалау үшін қарсы жаққа қосылмау керек. Қай жақтыкі дұрыс көрінсе де, шет қалып, ешқайсысына жәрдемдеспеген абзал.
3. Үзлет – оңашаланып, көпшілік жиналатын жерлерден аулақ жүру
Алла елшісі (с.а.с.) бүлік кезінде үйден шықпай отыруға, көптің аяғы баспайтын тау мен далаға кетуге немесе елді мекеннен алыстауға кеңес берген. Адам осының бірін жағдайына қарай таңдайды.
4. Шабуылға қарсыласпай, өлімге мойынсұну
Алла елшісі (с.а.с.) бүлік өршіп, қантөгіс көбеймесін деп, бүлікшілермен соғыспауға кеңес берген. Бүлік кезінде біреулер өлтірмек болып келсе, оларға қарсыласпай, өлімге мойынсұнуды айтқан.
5. Тілге ие болу
Алла елшісі (с.а.с.) тілдің қоғамдағы бүлікті ушықтыратынын ескерткен. Ол бүлік кезінде сөздің кесірі қатты тиетінін, тілдің қылыштан да өткір болатынын айтқан.
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الْفِتْنَةِ: «اللِّسَانُ فِيهَا أَشَدُّ مِنْ وَقْعِ السَّيْفِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Абдулла ибн Амрдан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) бүлік жайында: «Ондайда тілдің зардабы қылыштың соққысынан да ауыр», – деген.2
6. Жамандықты жүрекпен жек көру
Мұсылман жамандықты көрсе, шамасы келсе қолымен тоқтатуға тырысады. Оған мүмкіндігі болмаса, сөзбен тыяды. Сөзі де өтпесе, жүрегімен жек көріп, ол жерден кетеді. Бүлік өршіген қоғамда да жоғарыдағы шарттарды ескеріп, іске араласпай, тіліне ие болып, бассыздықты жүрегімен жек көреді.
7. Мал-мүлік пен бала-шағаның аздығы
Бүлік жайлаған жерден кету, үйде қалу, тілге ие болу секілді кеңестермен қатар, мал-мүлік пен бала-шағаның аздығы да аталады. Бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Екінші ғасырдың басында сендердің жақсыларың – жүгі жеңілдерің», – деген. Жұрт: «Жүгі жеңілдер кімдер?» – деп сұрағанда: «Бала-шағасы мен мал-мүлкі жоқтар», – деп жауап берген.
Басқа бір риуаятта: «Сондай бір заман келеді, ол кезде бойдақ жүру айып саналмай, абзал болады», – делінген.
8. Қару асынбау
Алла елшісі (с.а.с.) бүлік өршігенде қару сатуға да, оны өз ауласында асынуға да тыйым салған. Жоғарыда бүлікшілерге қосылмай, олармен соғыспай, әзірет Осман (р.а.) секілді өлімге мойынсұну жөнінде айтылды. Осы ұстаным қару асынбаудан басталады.