وَعَنْ عَاصِمِ الْأَحْوَلِ قَالَ: رَأَيْتُ قَدَحَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ عِنْدَ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ، وَكَانَ قَدِ انْصَدَعَ فَسَلْسَلَهُ بِفِضَّةٍ. قَالَ: وَهُوَ قَدَحٌ عَرِيضٌ مِنْ نُضَارٍ. قَالَ مَعْمَرٌ: وَالنُّضَارُ شَجَرٌ بِنَجْدٍ؛ وَقَالَ أَنَسٌ: لَقَدْ سَقَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فِي هَذَا الْقَدَحِ مَا أُحْصِي. قَالَ مُحَمَّدُ بْنُ سِيرِينَ رَحِمَهُ اللَّهُ: وَقَدْ رَأَيْتُ ذَلِكَ الْقَدَحَ وَكَانَ فِيهِ حَلْقَةٌ مِنْ حَدِيدٍ فَأَرَادَ أَنَسٌ أَنْ يَجْعَلَ مَكَانَهَا حَلْقَةً مِنْ فِضَّةٍ أَوْ ذَهَبٍ. فَقَالَ أَبُو طَلْحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: لَا تُغَيِّرْ شَيْئًا فَعَلَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَتَرَكَهُ؛ وَقَالَ أَنَسٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: لَقَدْ سَقَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ بِقَدَحِي هَذَا الشَّرَابَ كُلَّهُ: الْعَسَلَ، وَالنَّبِيذَ، وَالْمَاءَ، وَاللَّبَنَ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Асым әл-Ахуәл айтады: «Алла елшісінің (с.а.с.) тостағанын Әнәс ибн Мәликтің (р.а.) қолынан көрдім. Ол шытынап, Әнәс жарығын күміспен құрсаулап бекітіпті. Тостаған нудар ағашынан жасалған, аузы кең еді».
Мағмар: «Нудар – Нәждте өсетін ағаш», – дейді.
Әнәс (р.а.): «Алла елшісіне (с.а.с.) бұл тостағанмен сан мәрте сусын бердім», – дейді.
Мұхаммед ибн Сирин айтады: «Ол тостағанды көрдім. Темір шығыршығы бар еді. Әнәс оны күміс не алтын шығыршыққа ауыстырғысы келді. Әбу Талха (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) істеген нәрсені өзгертпе”, – деді. Содан кейін Әнәс оны сол күйінде қалдырды».
Әнәс (р.а.): «Алла елшісіне (с.а.с.) осы тостағаныммен бал да, нәбиз де, су да, сүт те бердім», – дейді.1
Түсіндірме
1. Жоғарыдағы хадистерде Алла елшісі (с.а.с.) пайдаланған бұйымдар сөз болды. Араб тіліндегі «қадах» – сусын ішетін ыдыс. Бүгінде мұндай ыдыстар әйнектен де жасалады, ал ол дәуірде ағаш пен теріден де жасалған.
2. Қуртуби Бұхаридегі басқа бір нұсқада Әбу Абдулла әл-Бұхаридің: «Бұл тостағанды Басрада көріп, одан су іштім», – дегенін жеткізеді. Надр ибн Әнәс тостағанды мирас бөлінгенде сегіз жүз мың дирхамға сатып алғаны да айтылады.
3. Ғалымдар бұл хадистен мынадай үкімдер шығарған:
• Сабы немесе тұтқасы күмістен болған ыдысты қолдану мәселесінде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Сахабалар мен табиғиндердің бір бөлігі оны құптамаған. Мәлик пен Ләйс осы пікірде. Дегенмен Мәлик аз ғана күміс болса рұқсат еткен деген риуаят бар. Имам Шафиғи мұны мәкруһ санап, ыдыстың ауыз тиетін жері күмістен болмауы керек деген.
• Кей ғалымдар осы хадиске сүйеніп, сусын ішкенде күміс тұсы ауызға тисе, мәкруһ болады деген. Ханафилер де осылай түсінген. Ахмад, Исхақ және Әбу Сәур осы пікірді құптаған.
• Ибн әл-Мунзир сабы күмістен болған ыдысты қолдануға рұқсат беріп, күміс жалатылған ыдыстың тұтас күмістен жасалмағанын алға тартқан.
• Шафиғи мәзһабында күміс әшекей үшін қолданылса, рұқсат етілмейді. Қажет болғанда рұқсат беріледі.
• Кей ғалымдар бұл мәселеде алтын мен күмістің үкімін бірдей санаған.
Бүлік пен бұзғыншылық бөлімі
Бүлік пен бұзғыншылық Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінен қияметке дейін ел бірлігі мен бейбіт өмірге қатер төндіретін құбылыс. Алла елшісі (с.а.с.) көптеген хадисінде бүліктен алдын ала сақтандырған. Хадис жинақтарында осы тақырыпқа арналған бөлім «Китабул-фитан» деп аталады. Әбул-Фида Ибн Кәсир осы тақырыптағы хадистерді «Ән-Ниһая, әу әл-фитан уәл-малахим» атты кітабына жинаған. Автордың пайымдауынша, Алла елшісі (с.а.с.) айтқан бүліктердің көбі қазірдің өзінде орын алған. Бүлік дегеніміз – адамдардың сыртқы жаумен соғысуы емес, өзара қақтығысуы. Бүлік белең алып, ел іші іріп, алауыздық асқынғанда адам не істеуі керек? Бұл бөлімде осы мәселе егжей-тегжейлі қарастырылады.
- 1Бұхари, Әшриба 30, хумус 5, (Осы нұсқадағы хадис Бұхариде келмеген, бірақ Ахмад ибн Ханбалдың Муснәдында келген: 3 (247).