وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: مَاتَ مَوْلَى لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَتَرَكَ شَيْئًا وَلَمْ يَدَعْ حَمِيمًا وَلَا وَلَدًا. فَقَالَ ﷺ: أَعْطُوا مِيرَاثَهُ رَجُلًا مِنْ أَهْلِ قَرْيَتِهِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Тирмизи Айшадан (р.а.) мына мәрфуғ риуаятты жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) азат еткен бір адам дүние салып, артында мүлкі қалды. Оның жақын туысы да, баласы да жоқ еді. Алла елшісі (с.а.с.): “Мирасын оның өз ауылындағы бір адамға беріңдер”, – деді».1
Түсіндірме
Марқұмды Алла елшісі (с.а.с.) азат еткендіктен әрі артында бірде-бір жақын туысы қалмағандықтан, мүлкі оны азат еткен адамға өтуі керек еді. Пайғамбарлар өздері мирас қалдырмайтыны сияқты, ешкімге де мұрагер болмайды. Сондықтан мүлік мемлекет қазынасына өтуге тиіс еді. Әл-Қадидің пайымдауынша, Алла елшісі (с.а.с.) оны марқұмның атынан садақа болсын деп, сол кісінің ауылындағы бір мұқтажға беруді жөн көрген. Шәуқани «Нәйлул-әутарда»: «Мұнда белгілі мұрагері жоқ адамның мүлкін өз еліндегі біреуге беруге болатынына дәлел бар», – дейді.
- 1Әбу Дәуіт, Фараиз 8 (2902); Тирмизи, Фараиз 13 (2106).