Хадис

Кутуб ситтә, № 698

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
70. «Кәһф» сүресі
Нөмірі
№ 698 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
698
Кутуб ситтә, № 698 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ فِي السَّدِّ: «يَحْفِرُونَهُ كُلَّ يَوْمٍ، حَتَّى إِذَا كَادُوا يَخْرِقُونَهُ قَالَ الَّذِي عَلَيْهِمُ: ارْجِعُوا فَسَتَخْرِقُونَهُ غَدًا. فَيُعِيدُهُ اللَّهُ كَأَمْثَلِ مَا كَانَ، حَتَّى إِذَا بَلَغَ مُدَّتَهُمْ وَأَرَادَ اللَّهُ أَنْ يَبْعَثَهُمْ عَلَى النَّاسِ، قَالَ الَّذِي عَلَيْهِمُ: ارْجِعُوا فَسَتَخْرِقُونَهُ غَدًا إِنْ شَاءَ اللَّهُ، وَاسْتَثْنَى». قَالَ: «فَيَرْجِعُونَ فَيَجِدُونَهُ كَهَيْئَتِهِ حِينَ تَرَكُوهُ، فَيَخْرِقُونَهُ فَيَخْرُجُونَ عَلَى النَّاسِ، فَيَسْتَقُونَ الْمِيَاهَ، وَيَفِرُّ النَّاسُ مِنْهُمْ. فَيَرْمُونَ بِسِهَامِهِمْ فِي السَّمَاءِ، فَتَرْجِعُ مُخَضَّبَةً بِالدِّمَاءِ، فَيَقُولُونَ: قَهَرْنَا مَنْ فِي الْأَرْضِ وَعَلَوْنَا مَنْ فِي السَّمَاءِ قَسْوَةً وَعُلُوًّا. فَيَبْعَثُ اللَّهُ عَلَيْهِمْ نَغَفًا فِي أَقْفَائِهِمْ فَيَهْلِكُونَ». قَالَ: «فَوَالَّذِي نَفْسُ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ إِنَّ دَوَابَّ الْأَرْضِ تَسْمَنُ وَتَبْطَرُ وَتَشْكُرُ شَكْرًا مِنْ لُحُومِهِمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Зұлқарнайн тұрғызған бөгет жайында былай деді: «Яжүж бен Мәжүж оны күн сайын қазады. Тесуге шақ қалғанда, басшылары: “Қайтыңдар, қалғанын ертең тесесіңдер”, – дейді. Олар қайтып кеткенде, Алла бөгетті әуелгі берік қалпына қайтарады. Осылай күндер өте береді. Ақыры белгіленген мерзімдері толып, Алла оларды адамдарға қарсы шығаруды қалағанда, басшылары: “Қайтыңдар, Алла қаласа, ертең тесесіңдер”, – деп, бұл жолы алғаш рет “Алла қаласа” деген сөзді қосады». Алла елшісі (с.а.с.) сөзін жалғады: «Олар қайта келсе, бөгет өздері қалдырған күйінде тұр. Олар бөгетті тесіп өтіп, адамдарға лап қояды. Алдарынан шыққан суларды ішіп тауысады. Қорыққан жұрт жан-жаққа қашады. Олар аспанға жебе атқанда, жебелері қанға боялып қайтады. Сонда олар: “Жердегілерді жеңдік, көктегілерден де үстем түстік”, – деп, қаталдық танытып, астамсиды.

Сонда Алла олардың желкесіне құрт жібереді де, олар опат болады». Алла елшісі (с.а.с.) сөзін былай аяқтады: «Мұхаммедтің жаны қолында болған Аллаға ант етемін, жер бетіндегі жануарлар олардың етін жеп, қоң жинап, семіреді, желіндеріне сүт толады».1

Түсіндірме

«النَّغَفُ» بِالْغَيْنِ الْمُعْجَمَةِ: دُودٌ يَكُونُ فِي أَنْفِ الْإِبِلِ وَالْغَنَمِ. وَ«تَشْكَرُ» بِسُكُونِ الشِّينِ الْمُعْجَمَةِ وَفَتْحِ الْكَافِ: أَيْ تَسْمَنُ وَتَمْتَلِئُ ضُرُوعُهَا لَبَنًا.

Мәтіндегі «нағаф» – түйе мен қойдың танауында болатын құрт. «Тәшкару» дегені жануардың семіріп, желініне сүт толатынын білдіреді.

«Құран Кәрімдегі Яжүж бен Мәжүж тақырыбын Зұлқарнайнның қорғаны туралы баяндау толықтырады. Бұл екі оқиға өзара сабақтас. Өйткені Зұлқарнайн осы қорғанды Яжүж бен Мәжүждің бүліншілігіне тосқауыл болсын деп тұрғызған.

Құран Кәрімде бұл оқиға былай баяндалады: “Содан Зұлқарнайн жасағын бастап, тағы да жол тартты. Сөйтіп, екі таудың арасына жеткенде, арғы бетінен мүлдем сөз ұқпайтын бір қауымға кезікті. Олар: ‘Уа, Зұлқарнайн! Шүбәсіз, Яжүж бен Мәжүж бұл жерде үнемі лаң салуда. Біз саған салық төлейік, оның есесіне біз бен олардың арасына асу бермес бөгет орнатып берсең қайтеді?’ – деп өтініш айтты. Ол: ‘Раббымның маған нәсіп еткендері сендердің маған төлейтін салықтарыңнан әлдеқайда қайырлы. Одан да сендер маған жұмыс күшімен жәрдем беріңдер, сендер мен олардың арасына асу бермес алып бөгет тұрғызып берейін’, – деді де оларға: ‘Маған темір-терсек жинап әкеліңдер’, – деп бұйырды. Сөйтіп ол екі таудың арасын шыңдарына жеткенше темір-терсекпен толтырды да: ‘Ал енді от жағып, көрік басыңдар’, – деп бұйырды. Содан тау болып үйілген темір әбден қызғанда: ‘Ал енді маған балқыған мыс әкеліңдер мына қызған темірдің үстіне құяйын’, – деп пәрмен қылды. Сөйтіп, Яжүж бен Мәжүж ол бөгеттен асып өте де, оны тесіп шыға да алмады. Зұлқарнайн: ‘Бұл – Раббымның рақымы. Ал енді Раббым уәде еткен уақыт келгенде, оны жермен-жексен етеді. Раббымның уәдесі хақ’, – деп айтты”»2.

Зұлқарнайнның есімі Құран Кәрімде аталады. Оның пайғамбар болғаны жайында анық мәлімет жоқ. Сондықтан ғалымдар оны пайғамбар не әулие санау жөнінде әртүрлі пікір білдірген. Алла тарапынан қолдау тапқан, қорған тұрғызу міндетін мойнына алған ізгі құл болғанына бәрі келіседі. «Зұлқарнайн» сөзі «екі мүйізді» дегенді білдіреді. Тарихтағы Ұлы Ескендір екі мүйіз тағылған дулыға киген, Үндістанға дейін талай жорық жасаған. Осы сипаттары Құрандағы Зұлқарнайн туралы баяндауға ішінара ұқсайтындықтан, кейбір тәпсіршілер оны Ұлы Ескендір деп жорамалдаған. Бәдиүззаман секілді кей ғалымдар бұл пікірді қабылдамаған. Мәселенің егжей-тегжейін Элмалылы Хамди Язырдың құнды тәпсіріне қалдырып, Бәдиүззаманның ықшам әрі көңілге қонымды түсіндірмесін келтірейік: «Екінші сұрағыңыз: “Зұлқарнайнның қорғаны қайда? Яжүж бен Мәжүж кімдер?” Зерттеуші ғалымдардың пікіріне және “Зұлқарнайн” деген атаудың ишарасына сүйенсек, Иемен патшалары арасында Зулиәзән секілді “Зу” сөзімен басталатын есімдер болған. Ендеше, бұл Зұлқарнайн Румдық Ескендірден бөлек. Бәлкім, ол Иемен патшаларының бірі болған, әзірет Ибраһимнің тұсында өмір сүріп, Қызырдан дәріс алған. Ал Румдық Ескендір милади жыл санауынан шамамен үш жүз жыл бұрын өмір сүріп, Аристотельден дәріс алған. Адамзаттың жүйелі хатталған тарихы үш мың жылға жуық кезеңді ғана қамтиды. Осы қысқа әрі толық емес деректерге сүйеніп, әзірет Ибраһимнен бұрынғы дәуірге дөп баға беру қиын. Ол жайлы деректер кейде аңызға ұласады, кейде болғанды жоққа шығарады, кейде тым қысқа баяндалады. Иемендік Зұлқарнайнның бір аты Ескендір болған. Ол Ұлы Ескендір, яғни Ежелгі Ескендір еді. Не болмаса Құранда аталған жекелеген оқиғалар одан да кең құбылыстарды аңғартады...

Зұлқарнайн аталған Ұлы Ескендір пайғамбарға тән жолбасшылықпен жәбір көрген халықтарды қатыгездердің тонауынан арашалап, әйгілі Қытай қорғанын тұрғызған. Сол секілді Румдық Ескендір тәрізді жиһангерлер мен қуатты патшалар өз билігіне сүйеніп, адамзаттың рухани жетекшілері болған бірқатар пайғамбарлар мен даналар тәлім-тәрбиесімен Зұлқарнайнның ізін жалғастырған. Олар жәбір көрген жұртты залымдардан қорғау үшін таулардың арасына бөгет, шыңдардың басына қамал салған. Бірі мұны өз күшімен, енді бірі жөн сілтеп, алдын ала қамдану арқылы жүзеге асырған. Кейін қалалардың айналасына дуал соғып, ортасына қамал салған. Ақырында ірі зеңбіректер мен көшпелі қамал іспетті әскери кемелер де жасалған. Жер жүзіндегі ең әйгілі қорған – бірнеше күндік жолға созылған Қытай қорғаны. Ол Құран тілінде Яжүж бен Мәжүж, тарих тілінде маньчжурлар мен моңғолдар деп аталатын, адамзат қоғамын талай рет аласапыранға салған жұрттардың шабуылына тосқауыл болған. Гималайдың арғы жағынан шығып, шығыстан батысқа дейін ойран салған сол қауымдар Үнді мен Қытайдағы елдерге де шабуылдаған. Олардың талауына жол бермеу үшін Гималай сілемдеріне жақын екі таудың арасына ұзын бөгет салынып, ол ұзақ уақыт бойы қалың қолдың бетін қайтарған. Кавказ тауларының Дербент тұсында да шапқыншылық жасаған татар қауымдарының шабуылын тоқтату үшін Зұлқарнайн тәрізді көне Иран патшаларының ұйытқы болуымен қорғандар тұрғызылған. Мұндай бөгеттер көп. Құран Кәрім бүкіл адамзатқа үн қатады. Бір оқиғаны баяндау арқылы оған ұқсас өзге оқиғаларды да еске салады. Сондықтан қорған мен Яжүж-Мәжүж туралы риуаяттар да, тәпсіршілердің пікірлері де әркелкі. Құран Кәрім баяндаудың орайына қарай бір оқиғадан арасы алшақ екінші оқиғаға ауысады. Осы байланысты ескермеген адам екі оқиғаның уақыты да бір-біріне жақын екен деп ойлауы мүмкін. Құранда қорғанның қирауынан кейін қияметтің орнауы айтылғанда, оқиғалардың уақыт жағынан жақындығы емес, баяндаудағы сабақтастығы меңзеледі. Осы қорған бір күні қалай қираса, дүние де солай астан-кестен болады.

Табиғи әрі иләһи қорған іспетті таулар берік келеді. Олар дүние қирағанда ғана жермен-жексен болады. Заманның өзгерісі біразын бұзса да, көбі мызғымай қалады. Зұлқарнайн қорғаны іспетті құрылыстардың бірі – Қытай қорғаны мыңдаған жыл өтсе де әлі тұр. Ол жер бетіне адам қолымен жазылған көне тарихтың сом тұлғалы, мағыналы бір ұзын жолындай оқылады».

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Кәһф» (3153, кей басылымда 3151). Ибн Мәжа, «Фитән», 33 (4080).
  2. 2«Кәһф» сүресі, 92–98-аяттар.