Хадис

Кутуб ситтә, № 4459

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
649. Әбу Талха әл-Ансари (р.а.)
Нөмірі
№ 4459 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4459
Кутуб ситтә, № 4459 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَقَالَ: إِنِّي مَجْهُودٌ. فَأَرْسَلَ إِلَى بَعْضِ نِسَائِهِ. فَقَالَتْ: وَالَّذِي بَعَثَكَ بِالْحَقِّ مَا عِنْدَنَا إِلَّا مَاءٌ. ثُمَّ أَرْسَلَ إِلَى أُخْرَى؛ فَقَالَتْ مِثْلَ ذَلِكَ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ يُضَيِّفُهُ؟ يَرْحَمُهُ اللَّهُ. فَقَامَ رَجُلٌ مِنَ الْأَنْصَارِ يُقَالُ لَهُ أَبُو طَلْحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: أَنَا يَا رَسُولَ اللَّهِ، فَانْطَلَقَ بِهِ إِلَى رَحْلِهِ. فَقَالَ لِامْرَأَتِهِ: هَلْ عِنْدَكِ شَيْءٌ؟ فَقَالَتْ: لَا، إِلَّا قُوتَ صِبْيَانِي. قَالَ: فَعَلِّلِيهِمْ بِشَيْءٍ ثُمَّ نَوِّمِيهِمْ، فَإِذَا دَخَلَ ضَيْفُنَا فَأَرِيهِ أَنَّا نَأْكُلُ فَإِذَا أَهْوَى بِيَدِهِ لِيَأْكُلَ فَقُومِي إِلَى السِّرَاجِ كَيْ تُصْلِحِيهِ فَأَطْفِئِيهِ. فَفَعَلَتْ، وَقَعَدُوا وَأَكَلَ الضَّيْفُ وَبَاتَا طَاوِيَيْنِ. فَلَمَّا أَصْبَحَ غَدَا عَلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَقَالَ لَهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَقَدْ عَجِبَ اللَّهُ الْبَارِحَةَ مِنْ صَنِيعِكُمَا بِضَيْفِكُمَا. فَنَزَلَ قَوْلُهُ تَعَالَى: ﴿وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنْفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ﴾». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп: “Аштықтан титықтадым”, – деді. Алла Елшісі жұбайларының біріне кісі жіберді. Ол: “Сені ақиқатпен жіберген Алланың атымен ант етейін, бізде судан басқа ештеңе жоқ”, – деп жауап берді. Басқа жұбайы да солай деді. Мүслімнің нұсқасында жұбайларының бәрі осылай жауап бергені айтылады. Сонда Пайғамбарымыз: “Мына кісіні кім қонақ етеді? Алла оны рақымына бөлесін!” – деді. Ансарлардан Әбу Талха тұрып: “Мен, уа, Алланың Елшісі!” – деп, әлгі кісіні үйіне ертіп кетті. Жұбайынан: “Берер асың бар ма?” – деп сұрады. Ол: “Балалардың несібесінен басқа ештеңе жоқ”, – деді. Әбу Талха: “Балаларды алдарқатып, ұйықтат. Қонақ келгенде, екеуіміз де тамақ ішіп отырғандай болайық. Ол асқа қол созғанда, шамды түзеткен болып, сөндіріп жібер”, – деді. Жұбайы айтқанын істеді. Бәрі дастарқан басына отырды, қонақ тамақтанды, ал ерлі-зайыпты сол түні аш жатты. Таңертең Әбу Талха Пайғамбарға келгенде, ол: “Алла өткен түні қонақтарыңа жасаған істеріңе таңданды”, – деді. Сонда “Өздері мұқтаж бола тұра, өзгелерді өздерінен артық көреді” деген аят түсті» («Хашр», 9)1.

Түсіндірме

«الْمَجْهُودُ»: الْمَهْزُولُ الْجَائِعُ. وَ«تَعْلِيلُ الطَّفْلِ» وَعْدُهُ وَتَسْوِيفُهُ وَتَمْنِيَتُهُ وَصَرْفُهُ عَمَّا يُرَادُ صَرْفُهُ عَنْهُ، وَإِذَا نَامَ الصَّائِمُ وَلَمْ يُفْطِرْ فَهُوَ طَاوٍ. وَ«الْخَصَاصَةُ»: الْحَاجَةُ وَالْفَاقَةُ.

1. Оқиға Исламның алғашқы жылдарында, жорықтар бастала қоймаған шақта болған болуы мүмкін. Ол кезде мұсылмандар арасында жоқшылық көп еді. Алла Елшісі (с.а.с.) мен бірқатар сахабаның талғажау етер ас таппай, аштықтан қарнына тас байлаған кездері болған.

2. Түсіндірушілер қонақты үйіне шақырған сахаба жайында әртүрлі пікір айтқан. Бірі оны Әбу Талха десе, енді бірі ұқсас риуаятта есімі аталған Сәбит ибн Қайс болуы мүмкін деген. Ибн Хажар мұны екі бөлек оқиға болуы ықтимал деп түсіндіреді.

Кейбір ғалымдар қонақ күткен кісіні ансарлық Әбу Талха Зәйд ибн Сәһл деп таныған. Хатиб әл-Бағдади оның дәулетті кісі болғанын ескеріп, бұл пікірге күмән келтірген. Ибн Хажар бұл уәжді әлсіз санаған. Абдулла ибн Рауаха немесе хадисті жеткізген Әбу Һурайраның өзі болуы мүмкін деген пікірлер де айтылған. Ибн Хажар кесіп айтпағанымен, Зәйд ибн Сәһл деген пікірге бейім болған.

3. Бұл оқиға «Хашр» сүресінің 9-аятының түсу себептерінің бірі саналады. «Олардан бұрын Мәдинаны мекен етіп, иман келтіргендер өздеріне қоныс аударып келген мұһажирлерді жақсы көреді, оларға берілген дүниені іштей қызғанбайды. Өздері мұқтаж бола тұра, оларды өздерінен артық көреді. Кім нәпсісінің сараңдығынан сақталса, солар мұратына жетеді»2. Ибн Мәрдуәйһ Ибн Омардан мына хабарды да келтірген. Бір кісіге қойдың басын сыйлайды. Ол мұны өзінен гөрі мұқтаж бауырына жібереді. Бауыры да солай істейді. Қойдың басы жеті кісінің қолынан өтіп, алғашқы иесіне қайтып келеді. Бір риуаятта аят осы оқиғадан кейін түскені айтылады. Ибн Хажар аяттың түсуіне аталған оқиғалардың бәрі себеп болуы ықтимал деген.

4. Әбу Талханың толық аты – Зәйд ибн Сәһл ибн әл-Әсуад ибн Харам әл-Ансари әл-Хазражи. Анасы – Убада бинт Мәлик.

5. Әбу Талха Ақаба сертіне, Бәдір шайқасына және Алла Елшісінің (с.а.с.) өзге жорықтарына қатысқан. Ухудта Пайғамбарды қорғап, кеудесін қалқан еткен. Ол сахабалар арасында мергендігімен және батылдығымен танылған. Хунәйн шайқасында жиырма қарсыласын жеңгені туралы риуаят бар. Ухудта Әбу Талха оқ атқанда, Алла Елшісі оның қайда тигенін көру үшін бойын тіктейтін болған. Ахмадтың «Мүснадында» Пайғамбардың (с.а.с.) Әбу Талханың әскердегі даусы тұтас бір жасақтан артық дегені жеткізіледі.

6. Әбу Талханың Үммі Сүләймге үйленуі

Әбу Талха мұсылман болмай тұрып, жесір қалған Үммі Сүләймге сөз салған. Үммі Сүләйм оған: «Сендей кісінің ұсынысы кері қайтарылмайды. Бірақ сен әлі иман келтірген жоқсың, ал мен мұсылманмын. Исламды қабылдасаң, соны мәһірім деп білемін, өзге ештеңе сұрамаймын», – деген. Әбу Талха Исламды қабылдап, екеуі шаңырақ көтерген. Бұхаридегі риуаятта олардың ұрпағынан Құран оқыған тоғыз бала тарағаны айтылады.

Һижреттен кейін Алла Елшісі (с.а.с.) Әбу Талханы Әбу Убайда ибн Жаррахпен бауырластырған. Пайғамбарымыз дүние салғанда қабірін қазған да – Әбу Талха. Алла Елшісі тірі кезде ол жорықта жиі жүргендіктен, нәпіл ораза ұстауға көп мүмкіндігі болмаған. Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін қырық жыл бойы, айт күндерінен басқа уақытта ораза ұстағаны айтылады. Бір риуаятта ол «Жеңіл болса да, ауыр болса да, аттаныңдар. Мал-мүліктеріңмен және жандарыңмен Алла жолында күресіңдер. Білсеңдер, осы сендер үшін қайырлы»3 деген аятты оқып: «Раббым мені қартайған шағымда да шақырып тұр», – дейді. Ұлдары оның Алла Елшісімен (с.а.с.), одан кейін Әбу Бәкір және Омар тұсында талай жорыққа қатысқанын айтып, бұл жолы өздерінің баруын ұсынады. Әбу Талха теңіз жорығына аттанып, сапарда қайтыс болады. Бір деректе оқиға һижреттің 51 жылы болғаны, кемедегілер оны жерлейтін құрлыққа жеті күннен кейін жеткенде денесінің өзгермегені айтылады. Мәдинада қайтыс болғаны туралы дерек те бар.

  1. 1Бұхари, «Ансарлардың артықшылықтары», 10-тарау, «Тәпсір», «Хашр» сүресі, 6-тарау. Мүслим, «Сусындар», №2054.
  2. 2«Хашр» сүресі, 9-аят.
  3. 3«Тәубе» сүресі, 41-аят.