وَعَنْ قَيْسٍ بْنِ أَبِي حَازِمٍ قَالَ: «رَأَيْتُ يَدَ طَلْحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ شَلَّاءَ، وَقَى بِهَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمَ أُحُدٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Қайс ибн Әбу Хазим былай деген: «Талханың (р.а.) Ұхұд күні Алла Елшісін (с.а.с.) қалқалаған қолының сал болып қалғанын көрдім» (Бұхари, «Сахабалардың артықшылықтары», №3724).
Түсіндірме
«الشَّلَلُ» فَسَادُ الْيَدِ لِمَرَضٍ أَوْ قَطْعٍ
1. Талха ибн Убәйдулланың тегі Алла Елшісінің (с.а.с.) тегімен бес-алты ата ілгеріде тоғысады. Анасы Меккеде Исламды қабылдап, һижра жасағандардың бірі еді. Талха да алғашқы мұсылмандардың қатарында. Алла Елшісі һижрадан бұрын оны Зубәйрмен, һижрадан кейін Әбу Әйюб әл-Ансаримен бауырластырған. Талха жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның және халифаны сайлаған кеңестің бірі болды. Пайғамбар оны Сағид ибн Зәйдпен бірге Шам жақтан хабар білуге жібергендіктен, Бәдірге қатыса алмады. Сұрауы бойынша олжадан үлес алды. Алла Елшісі оған Бәдірге қатысқанның сауабы да берілетінін айтты.
Ұхұд шайқасының ең ауыр шағында Талха (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) қасынан ажырамады. Оны қарсы жақтан жауған оқтан өз денесімен қалқалап, ерлігімен танылды.
Бұхариде жұрт бытырап кеткенде Талха мен Сағдтың Пайғамбар жанында қалғаны айтылады. Риуаяттарда Талханың қолымен Алла Елшісін (с.а.с.) қалқалағаны, оқ пен соққының Талхаға тигені баяндалады. Кейбір нұсқада оның жетпістен астам жарақат алғаны, бірінде ортаңғы, бірінде сол қолының аты жоқ саусағынан айырылғаны айтылады. Жаралы қолын да Пайғамбарға қалқан еткен.
Бір риуаятта Талханың Пайғамбарға биік жерге көтерілуге жәрдемдескені баяндалады. Зубәйрдің айтуынша, Ұхұд күні Алла Елшісі (с.а.с.) екі сауыт киіп, жартасқа өздігінен шыға алмайды. Талха иығын тосып, оның жоғары көтерілуіне көмектеседі.
Талха Құрайыштың данагөй кісілерінің бірі саналған. Оның жомарттығы да елге мәлім еді. Өзінің айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.) Ұхұд күні оны «Талхат әл-хайр» (Қайырлы Талха), Тәбук әскерін жабдықтағанда «Талхат әл-файяз» (Аса жомарт Талха), Хунайн күні «Талхат әл-жаууад» (Мәрт Талха) деп атаған. Бұл атаулар оның әр сапардағы ерлігі мен жомарттығын танытады.
Талха (р.а.) Жәмәл оқиғасында Айша (р.а.) жағына қосылған. Әлимен сөйлескеннен кейін шайқасудан бас тартып, артқы шепке кетті. Осы оқиға кезінде, һижраның 36-жылы, қаза тапты. Ол Мәруан ибн әл-Хакамның оғынан жараланып, көп қан жоғалтқан. Деректерде жасы алпыс пен жетпіс бестің арасында болғаны айтылады. Бір хабарда бірнеше жыл өткен соң бір кісі Талханың үш күн қатарынан түсіне кіріп, орнын ауыстыруды сұрағанын Ибн Аббасқа жеткізеді. Қабіріне барғанда, оны су шайып кеткенін көреді. Денесі жаңа жерленгендей сақталған екен. Кейін Әбу Бәкраның бір үйін он мың дирхамға сатып алып, Талханы сол жерге қайта жерлеген.
عَنْ عَلِيٍّ قَالَ: سَمِعْتُ أُذُنِي مِنْ فِي رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ يَقُولُ: «طَلْحَةُ وَالزُّبَيْرُ جَارَايَ فِي الْجَنَّةِ».
Әли (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.): «Талха мен Зубәйр жәннатта менің көршілерім болады», – дегенін өз құлағымен естігенін айтқан.1
- 1Тирмизи, «Манақиб», №3741. Тирмизи бұл нұсқаны ғариб деп атаған.